- Advertisement -

Тілеуқабыл Төребековтің тағылымы

151

- Advertisement -

2011 жылы Тараз қаласындағы «Шайх Зүннін» атындағы мешітке бас имам болып тағайындалдым. Мешітке есімі берілген бұл кісі менің ұстазым болатын. Бір күні облыстық ардагерлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Тілеуқабыл Төребеков қоңырау шалып, келуімді өтінді. Ол кезде облыстық ардагерлер үйі жаңадан салынып, пайдалануға берілген еді. Бардым. Тілеуқабыл атамен амандық-саулық сұрасқаннан соң: «Қарағым, имам, мына жаңа ғимаратқа енді ғана кіріп жатырмыз. Құран оқып қойыңыз», – деді. Мен Құран оқып, бата жасап, дүниеден өткендерге бағыштадым.

– Балам, сені шақырған себебім, облыстың бас имамы Данияр қари Жұмабаевқа бізге салт-дәстүрді жақсы білетін бір имамды бөлсеңіз деп өтініш айтқан едім. Облыстың бас имамы сіздің есіміңізді атап, ата-бабалар сөзін және хакім Абайдың өлеңдерін жатқа және жақсы айта білетініңді, сонымен бірге ұзақ жылдар Жуалы ауданында бас имам болып жемісті қызмет атқарғаныңызды айтты. Ардагерлер кеңесінің өкілдері бұл дүниеден өтіп кеткен Ұлы Отан соғысының, сонымен қатар облысымызға, елімізге зор еңбек сіңірген еңбек ардагерлерінің шаңырағына барып, әруағына қол жайып, құран бағыштасақ дейміз. Сіз құран оқып бересіз, – деді.
Сонымен, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребеков және оның орынбасары Халил Бейсеев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов төртеуміз аптаның әр бейсенбісінде бақилық болған ардагерлердің шаңырағына барып, бір жылға жуық бірге жүрдік. Халил атамыз бір апта уақыт бұрын баратын кісілердің үйіне телефон соғып айтып қояды. Бұл сауапты іс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған болатын. Әр бейсенбі күні екі-үш үйге кіріп шығамыз.
Әулиеата – еліміздегі қасиетті өңір саналатыны бесенеден белгілі. Облыс құрылғалы өңір экономикасының өсіп-өркендеп, дамуына ерен еңбек сіңірген азаматтар аз болмаған. Солардың қатарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары қызметінде болған Асанбай Асқаров, Хасан Бектұрғанов, қоғам қайраткерлері Сейілхан Аққозиев, Арыстан Өтеулин, Есен Демесінов, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков сынды тұлғалар бар. Тілеуқабыл ата барған үйіміздің дүниеден өткен кісісін еске алып, олардың өмірбаянына аз-кем тоқталып, сол тұлғалардың жақсы қырлары мен облысқа сіңірген еңбектерін еске алады. «Орнында бар оңалар» демекші, танымал тұлғалардың шаңырағына ие болып отырған жарлары, ұл-қыздары, немере-шөберелері аталары туралы айтып, дастархан басында шағын әңгіме құрамыз. Осындай сәттерде кейбірінің көзіне жас алып, көңілдері босағанын да байқаған болатынбыз. Дастарханнан дәм татып болған соң Тілеуқабыл ата бата жасайды. Үй иелері марқұмдарды арнайы еске ала отырып, олардың рухтарына құран бағыштаған біздің топқа алғыстарын жаудырып, риза болады.
Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғағанда, ең алдымен қазақ халқының хас батыры, қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары да аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес. Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бірде-бір отбасы жоқ. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың имандары жолдас болсын», деп айтқан сөздері еріксіз ойыңа оралады. Ұлы Отан соғысындағы қан майданды өз көзімен көрген Тілеуқабыл ақсақал да қазіргі таңда тоқсан жастан асты. Ол кісі де кезінде бірге қызметтес, үзеңгілес, адал дос болған сондай азаматтарға құран бағыштауды азаматтық парызым дегені жүрегімді ерекше толқытты. Бұл өзі қариялық пен ақсақалдық абыройдың нағыз үлгісіндей деген ой келді. Біздер науқастанып жатқан ардагер азаматтардың көңілін сұрауға да баратын едік. Олар да бізге дән ризашылықтарын білдіріп отырды.
Мен осылайша, Тілеуқабыл Төребеков, Халил Бейсеев ақсақалдардың ақылмандығына, парасатына таңданушы едім. Қазіргі таңда қос қария да ортамызда өңірдің шежіресіндей болып аман жүр. Олардың ұрпақтар сабақтастығына қосып отырған үлесі мол. Қариялардың бәрі де осындай болсайшы, шіркін!
Мен қазіргі таңда «Жуалы» мешітіне бас имам болып ауыстым. Ал облыстың қаймағындай болған қадірлі қариялармен байланысым үзілген жоқ.

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» мешітінің имамы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support