- Advertisement -

«Қазфосфат» командасы чемпион атанды

58

- Advertisement -

Футболдан алғаш рет ұйымдас-тырылған әуесқой командалар арасындағы облыс чемпионаты өз мәресіне жетті. Финалдық кездесуде «Қазфосфат» командасы мен Талас ауданының «Талас» командасы жасыл алаңда кездесіп, өзара кім мықтыны анықтады. Шешуші кездесуді облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп, тамашалады. Жалпы, бірінші рет ұйымдастырылған турнирге облысымыздың он ауданының құрамасы және Тараз қаласынан жеті команда қатысты. Олар екі топқа бөлініп, кіл үздіктің ішінен шын үздікті іздеді. Бірнеше айға созылған аламан қорытындысында қатарынан оза шапқан төрт команда белгілі болып, олар өзара жүлделі орындарды сарапқа салды.
Финалдық кездесу тартысқа толы болды. Бірінші кезеңде қос команда ойыншылары да бірнеше тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Екінші кезең бел ортасына таяғанда «Қазфосфат» командасының ойыншысы нәтижелі соққы жұмсап, командасын есепте алға шығарды. Ойынның аяқталуына шамамен 15 минут қалғанда «Талас» командасы 11 метрлік айып добынан есепті теңестірді. Бұл көрсеткіш кездесу аяқталғанға дейін өзгерген жоқ. Нәтижесінде командалар футбол лотореясы саналатын пенальтиге арқа сүйеді. Пенальтиден «Қазфосфат» командасының бағы жанып, әуесқой командалар арасындағы облыс чемпионы атанды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін және ойын тәмамдалған соң лоторея ойнатылып, жеңімпаз атанған жанкүйерлерге сыйлықтар үлестірілді.
Дода жеңімпазы атанған «Қазфосфат» ЖШС-ның «Қазфосфат» командасын облыс әкімі Асқар Мырзахметов марапаттады.
«Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Әуесқойлар арасында енді ғана бастау алған бұл жарыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Келесі маусымда қаржы көлемін ұлғайтып, 11 миллионға жеткіземіз. Облыс спорты, оның ішінде көпшіліктің сүйікті ойыны саналатын футболға қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деді Асқар Исабекұлы өз сөзінде. Доданың екінші жүлдесін иеленген Талас ауданының «Талас» командасын «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Ескендір Мұқашев марапаттады. Үшінші орын үшін өткен ойында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасы Меркі ауданының құрамасынан 5:1 есебімен басым түсіп, үздік үштікті қорытындылады.
Бұл жарыста төрт команда да қаржылай жүлдеден тыс қалған жоқ. Чемпиондарға 3 миллион теңгенің сертификаты табысталса, екінші орын алған «Талас» командасына 1,5 миллион, үшінші орыннан көрінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұжымына 1 миллион теңгенің, төртінші орынға тұрақтаған Меркі ауданының командасына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support