- Advertisement -

Неміс студенттері Таразды таңдады

41

- Advertisement -

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім» деген Абай келер ұрпаққа білім беру жүйесіндегі алдыңғы қатарлы жетістіктер мен мүмкіндіктерді пайдаланып, меңгеруі керек екенін насихаттаған.
Қазіргі білім саласындағы қайта құрулар Қазақстанның Болон декларациясына қол қоюына, еліміздің əлемдік білім беру кеңістігіне қосылуына байланысты жоғары білім беруді жетілдіру, жоғары оқу орындарының академиялық саясатының мазмұнын қайта қарау қажеттілігінен туындаған. Бүгінде академиялық ұтқырлықтың қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігіне интеграцияланудың құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге әлемдік еңбек нарығында да, ұлттық экономикада да лайықты орын алатын сапалы еңбек ресурстарын қалыптастырудың факторы ретінде де рөлі маңызды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті академиялық ұтқырлықты «ғылым жетістіктерінің бір факторы» ретінде қарастырып, халықаралық қызметіндегі алғышартты бағыттарына жатқызады.
Соңғы бес жылда «Экономика және бизнес» факультеті студенттерінің «Erasmus+» деп аталатын академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропаның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауға мүмкіншіліктері артса, сәйкесінше біздің университетте білім алуға қызығушылық танытқан шетелдік студенттердің саны да көбейіп келеді. Атап айтқанда, өткен жылдары Германияның Хайльбронн университетінің Дженифер Керн, Линда Купчик атты студенттері біздің білім ордамызда бір семестрлік теориялық білім алып, практикалық дағдыларын тереңдетіп, отандарына оралған болатын. Осы оқу жылында аталған университеттің тағы екі студенті Торбен Хинрикс пен Богдан Маркус та біздің университетті таңдапты.
Неміс студенттерінің шетелде оқуға таңдауы Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань және тағы да басқа Шығыс Азия мемлекеттерінің арасынан Қазақстанды, нақты айтқанда, Тараз қаласына түсуі мақтаныш сезімін ұялатады. Оларды бір жағынан Ұлы Жібек жолында орналасқан қаламыздың 2000 жылдық тарихы қызықтырған болуы керек. Екіншіден, жарты ғасырдан астам тарихы бар бірден-бір іргелі оқу орны саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен техникалық базасы себеп болған.
Әрине, оқу орындары арасында өзара студенттер алмасуына университетіміздің Болон процесі және академиялық ұтқырлық бойынша Хайльбронн университетімен жасасқан келісімшарт негіз болып отыр. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда университетте тек Германиямен ғана емес, Испания, Польша, Латвия сынды мемлекеттердің жетекші университеттерімен де академиялық ұтқырлық аясында бірлескен бағдарламалар жасалып, халықаралық әріптестік орнатылған.
Хайльбронн университетінен келген студенттерді біз қазақ халқына тән қонақжайлылықпен қарсы алып, осында тез бейімделуіне жағдай жасап, факультеттің үш тілде білім беру тобына тіркедік. Университеттің инновациялық технологиялар және үштілді білім беру секторы тарапынан ұйымдастырылатын «Speaking club» тобында апта сайын студенттер арасында мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға, өзге мәдениетті танып-білуге, түрлі қалалар, мемлекеттер мен континенттерден достар табуға ықпал ететін, интеллектуалдық өрлеу, оқыту технологиясы сияқты тақырыптарда пікір алмасулар өтеді. Ал бұл өз кезегінде студенттерге ағылшын тілін меңгеру деңгейін жақсартуға мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар сабақтан тыс уақытта студенттерге Жамбыл өңірінің тарихи ескерткіштерімен таныстыру үшін Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелеріне қысқаша экспедициялар ұйымдастырылды.
Студенттерге ағылшын тілінде «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Информатика» кафедрасының магистрі Қ.Әбдікәрімов, «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Қ.Шалдарбеков және «Экономика» кафедрасының доценті М.Махмуд дәріс береді.
Осылайша «Экономика және бизнес» факультетінің студенттері білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескеріп, қазақтың ұлы ақыны Абайдың насихатын жалғастырушы ретінде шетелдік студенттермен теңесе отырып, ұлттық экономика мен әлемдік еңбек нарығында лайықты орын алатын маман иесі болатындықтары сөзсіз.

Совет ҚОЖАБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ
«Экономика және бизнес» факультетінің деканы,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Үкан РАЙЫМБЕКОВА,
«Экономика» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support