- Advertisement -

БАСТЫ МАҚСАТ – ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРУ

77

- Advertisement -

мойынқұм – жер көлемі облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан аудан. Тұрғындар негізінен егін және мал өсірумен шұғылданады. Кейінгі кезде мұнда ауыл шаруашылығын өркендетуде елеулі шаруалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. көңіл тоғайтар нәтижелер де жоқ емес. Ауданда атқарылып жатқан шаралар туралы аудан әкімі Мәден Мұсаевпен әңгімелестік.

– Облыс әкімі Асқар Мырзахметов сізді аудан әкімі лауазымына тағайындағанда басқа да салалармен бірге ауыл шаруашылығына ерекше басымдық беруді тапсырған еді. Қандай жұмыс атқарылды, не орындалмады?
– Облыс әкімі А.Мырзахметов ауданда ауыл шаруашылығы, оның ішінде суармалы егістікті пайдалану күрт төмендеп кеткенін айтып, оны көтеруді тапсырған еді. Алғаш жұмысқа кіріскен күннен бұл жұмысты қолға алдық. Ол үшін алдымен суармалы егістікпен айналысатын Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл ауылдарының дихандарымен жеке-жеке сөйлесуге тура келді. Кімнің қанша жері бар, оның қаншасы игеріліп жатқаны, оған не егетініне дейін сұрап, білдік. Барлығының айтқан уәжі су жетіспейді, техника, тұқым табылмайды дегенге саяды.
Егістік жерлерін тексергенімізде көп жерлер қараусыз қалғанын білдік. Кейбір егістік алқаптарын тал, жиде, қамыс басып кеткен. Кейбірінің егесі де жоқ. Ауданның азаматтары жерді алып, сыртқа қоныс аударған. Ал каналдар жекеменшіктің қолына өтіп, көп уақыт тазаланбаған, су реттегіш құрылғылар істен шыққан.
Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да дереу аудандағы жүгері, арпаны мол еккен совхоздардың директоры, агрономы, су шаруашылығы мамандарының басын қосып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде комиссия құрдық. Олардың ақыл-кеңесін тыңдай отырып, жұмысқа кірістік. Бұл ретте облыс әкімі А.Мырзахметовтің қолдауымен облыстағы «Аса-Талас» мекемесінің техникаларымен ұзындығы 70 шақырым 9 канал тазаланды. Жеке иеліктегі ұзындығы 41 шақырымды құрайтын ең басты «Биназар», «Бірлік» каналдары қайтарылып алынды. Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарында сүдігер көтерілді, аудандық бюджеттен 65 миллион 304 мың тенге қаралып, оған 3 комбайн, 2 соқа, 2 сеялка, 2 тырма, 2 арық қазатын техника, 2 су тартатын насос тәрізді ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Сапалы тұқымға тапсырыс берілді. Егістік алқаптары тазалана бастады. Міне, сол кезде ғана ауыл дихандарының ауылға су келетініне, басқа да жағдайлардың жасалатындығына көздері жетті. Ең бастысы – еңбек өнімділігіне деген сенім ұлғайып, дихандар кетпендерін арқалап егістікке қарай бет ала бастады. Бұған жету үшін бір жыл ішінде көп шаруаны атқаруға тура келді. Оған көп күш жұмсалды. Енді міне, бүгінде тары орағы аяқталып қалса, 1100 гектар жүгері орылуда. Алғашқы түсімі де жаман емес. Бұл – ала жаздай дихандардың еткен еңбегінің жемісі.
– Көктемгі егіс, қазіргі жиын-терін туралы да айта кетсеңіз?
– Кешегі кеңестік кезеңде ауданда 10 мың гектарға жуық жүгері егілгенін білеміз. Алайда кейінгі 20 жылдай уақытта бұл жұмыс кенжелегені рас. Соның орнын толтыру үшін биылғы көктемгі егіске жан-жақты дайындықтар жасадық. Сөйтіп аудан бойынша 5064 гектар суармалы жер іске қосылды. Жүгеріні – 1165, арпаны – 541,5, тарыны – 171,7, күнбағысты – 233, картопты – 49,4, көкөністі – 83,2, бақша дақылдары 304 гектар алқапқа егілді. Ауданда 2526,4 гектар жоңышқа бар, оның 380,5 гектары биыл жаңадан себілді. Шаруалар жоңышқаларын 3-4 мәрте орып алды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты» – деп атап өтті. Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Иә, Президентіміз Қ.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында басқа да салалармен бірге ауыл шаруашылығына басымдық берді. Біз тікелей ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан болғандықтан, мұны қуанышпен қабылдадық. Жолдаудағы «Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс», – дегені біздің ойымыздан шықты. Бізге де керегі осы еді. Шындығында да суармалы жерлерді алып, игермей жатқандар бар. Ал олармен тиісті жұмыс жүргізуді біз бастап кеттік. Нәтижесінде 8 айда 13745,29 гектар жер қайтарылып алынды. Оның 479,98 гектар суармалы егістік, 12738,3 гектар жайылымдық, 527,01 гектары шабындық жер.
Облыс әкімі А.Мырзахметов халықты жетістікке жетелейтін жемісті жобаны қолға алды. Ол Үкімет тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Осыған байланысты пилоттық жоба ретінде біздің ауданнан Айдарлы ауылы таңдалып алынды. Бұл ауылдағы 363 аулада 2004 адам тұрады. Ауыл тұрғындарының жермен айналысуда тәжірибелері мол. Оның үстіне судың сағасында отыр. Осы бағытта көп тірлік атқарылды. Ауыл тұрғындары аталған жобаны қолдап, егістік алқаптары ғана емес ауыл іргесіндегі жерлерін де тиімді пайдаланбақ. Сондай-ақ өз аулаларында мал өсіріп, өздерін етпен қамтамасыз етеді, артығын сатады. Бұл туралы өткен аптада осы жобаға байланысты облыс әкімі ауданға арнайы келгенде айтып берді. Шындығында да бар болғаны 2 пайызбен берілетін несиені алып, бұл жобаны жүзеге асыруға айдарлылықтар құлшыныс танытып отыр. Бұл жоба Айдарлыда ғана емес, басқа ауылдарда да қолға алына бастағанын айта кеткен жөн. Мал және егін шаруашылығымен айналысып отырған аудан тұрғындары үшін бұл аса тиімді, қолдауға тұрарлық жоба болып отыр. Ал мұны жедел іске асыру үшін ауыл, ауылдық округ әкімдері халықпен тығыз байланыста жұмыс атқаруда.
– Қазіргі кезде республика көлемінде әлеуметтік мәселеге баса назар аударылуда. Бұл бағытта ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Дұрыс айтасыз, кейінгі жылдардағы ас-ауқат, киім-кешектің қымбаттауы, жұмыссыздық, баспананың жетіспеуінен әлеуметтік мәселелер шешімін таппай отыр. Біздің ауданда да тұрғын үйге, жұмысқа деген сұраныс көп. Ай сайын аудан тұрғындарын өз өтініштерімен қабылдағанымда солардың басым бөлігі тұрғын үй, жұмыс, қаржылай көмек сұрайды.
Ал былтыр Жаңа жыл қарсаңында жалғыз басты, аз қамтылған отбасылардың мерекені дұрыс қарсы алуға жағдайларының жоқтығына көзім жетті. Сөйтіп арнайы комиссия арқылы аудан орталығындағы 38 отбасыға «Шапағат» қоры арқылы 2 тоннадан көмір, ет, ұн, қант, сұйық май, конфет таратып, көмек бердік. Басқа жұрт Жаңа жылды дастархандарын жайнатып қойып, қарсы алып жатқанда әлгіндегідей жұпыны отбасыларының балалары неге тойламасқа? Оған балалардың не кінәсі бар? Бұған олар қатты қуанды, тіпті кейбіреуі аудандық «Мойынқұм таңы» газеті арқылы алғыстарын айтып жатты. Мұндай қолдау көрсету іс-шаралары әлі де жалғасын табуда.
Мемлекет тарапынан 9 айда аудандағы аз қамтылған 711 отбасының 3658 мүшесіне 293,2 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Бұдан басқа мүдделі топтарға жататын азаматтарға да әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да әлеуметтік көмектен құралақан қалып отырған жоқ. Республикалық бюджеттен өткен 9 айда осы топтың мүшелеріне 7575,7 мың, жергілікті бюджеттен 35019,9 мың теңгенінің төленуі сөзімізге дәлел. Олар басқа да әртүрлі құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп отыр.
Баспана мәселесі бүгінде күн тәртібіне өткір қойылуда. Бұл ретте бұрынғы 2,4,5, қабатты үйлердегі және дәрігерлерге арналған 20 пәтердегі азаматтардың үй құжаттары жасалып, берілді.
Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының 1-бағыты бойынша 95 азамат қысқа мерзімді курсты аяқтап, сертификаттарын алды. Олардың 57-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша (жаппай кәсіпкерлікті дамыту) 90 азамат оқыды. «Е-халық» бағдарламасына аудандағы 7803 отбасы яғни 31566 тұрғын толықтай енгізіліп, жүйелі жұмыстар жүргізілді.
– Аудандағы білім, денсаулық, мәдениет салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта кетсеңіз.
– Аудан мектептері негізінен типтік жобамен салынған. Соған қарамастан өткен жылы К.Қасымов, Ы.Алтынсари атындағы орта мектеп ғимараттары күрделі жөндеуден өтсе, биыл Ә.Молдағұлова, Ағыбай батыр, М.Жұмабаев атындағы мектептердің қазандықтары сыртқа шығарылды. Ә.Төлепбергенов, Т.Рысқұлов, Абай атындағы орта мектептердің терезелері пластикке ауыстырылды. М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің 2 корпусы күрделі жөндеуден өтті. Абай, Б.Момышұлы, Қ.Рысқұлбеков, №1 орта мектептері ғимараттарының инженерлік құрылымдары ағымдағы жөндеуден өткенін де айтуға болады.
Ауданда білім сапасы көтерілуде. Оған дәлел – биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектеп бітірушілеріміздің орташа баллы 91,5 пайызды құрағаны. Ал бұл өткен жылдан 4,3 пайыз жоғары екенін көрсетеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасы да толыға түсіп, оқушыларымыздың терең білім алуларына септігін тигізіп отыр.
Жыл ішінде Ұланбел, Көкжелек ауылдарынан 10 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Ал биыл осындай 5 келушіге арналған медициналық, фельдшер-акушерлік пункт Қашқантеңіз, Бурылбайтал, Мыңарал елді мекендерінде бой көтеруде. Олар ел Тәуелсіздігі күні пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті сметалық құжаттар дайындалуда.
Тиісті мерзімде ауданымыздың мәдениетіне де көңіл бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Аудандық «Мойынқұм» ән-би ансамблі Тараз қаласында өз өнерлерін көрсетіп қайтты.
– Кезінде ауданның аты мал шаруашылығымен шыққаны белгілі…
– Иә, бұл кезінде мал бағудың асқан шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың елі болған. Қазір де төрт түлікті көбейту мәселесін күн тәртібінен түсірмей отырмыз. Бүгінде ауданда 40 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 180 мыңға жуық қой-ешкі, 8 мыңнан аса жылқы, 1500-ге жуық түйе өсірілуде. Жаз-Атаның шәкірттері ауданда мал бағып, одан мол өнім алуда екпінді еңбек етуде. Ет, сүт, жұмыртқа өндіруде де ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер бар. Күні ертең-ақ Жаз-Ата шәкірттері Мойынқұмның төскейін малға толтыратынына сеніміміз мол.
– Ауданымыз ауыл шаруашылығымен қоса өнеркәсіпті аймаққа да айналды емес пе? Ендеше өндіріс саласында қандай же­тістіктер бар?
– Иә, ауданымызда бірнеше өндіріс орындары бар. Олардың басым бөлігінде өз ауданымыздың азаматтары еңбек етуде. Өндіріс орындарының қол жеткізіп жатқан жетістіктері де аз емес. Мәселен, «Алтыналмас» АҚ өткен жылдың 8 айында 11380,0 миллион теңгенің өнімін өндірсе, биыл тиісті кезеңінде 19093,6 миллион теңгенің өнімін өндірді. Сондай-ақ «Жамбыл цемент зауыты», «Эврика барит», «Коптас», «Мыңарал компаниясы», «Шығыс кең басқармасы», «Амангелді газ» ЖШС өткен жылдың тиісті уақытымен салыстырғанда өз өнімдерін (алтын, күміс, цемент, гранит, көмір, балық, барит, табиғи газ) артығымен өндіріп, аудан бюджетін көтеруге көмектесті. Аталған серіктестіктерде өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда осы жылы 10864,7 миллион теңгенің өнімі артық өндірілді.
– Аудан тұрғындарының еңсесін бұданда жоғары көтеру жолында алда атқарылатын жұмыстар туралы да айтсаңыз?
– Облыс әкімі А.Мырзахметовтің қанатқақты жобасын тек айдарлылықтар ғана емес, басқа ауыл тұрғындары да қолдап, оны жүзеге асырулары керек.Әр отбасы алдымен өз үйінің іргесіндегі жерлерді тиімді пайдаланғандары жөн.Сондай-ақ өз шамаларына қарай мал ұстағандары дұрыс.
Енді тек жұмыс істеу керек. Қазақта «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген жақсы сөз бар. Ендеше Мойынқұмның жерін малға толтырып, суармалы егістікті көбейтеміз, одан мол өнім алу жолында еңбек ете береміз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген Асылхан ӘЛТАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support