- Advertisement -

Жолдардың сапасы жақсарып келеді

66

- Advertisement -

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бұған дейін Елбасының Жолдауларында қабылданған жобалар мен бағдарламалардың одан ары қарай да жалғасын табатынын атап айтты. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық және аудандық мәндегі жолдар жөнделіп, ел игілігіне берілуде.
Облысымыздағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары (4327 километр) мен елді мекен көшелерінің желісі (5662 километр) 9 989 километрді құрайды. Оның 1152-сі республикалық, 1987-сі облыстық, 1188-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болса, 5662 километрі елді мекендер көшелерінің желісі.
Тұңғыш Президентіміз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ішкі өңірлік жолдардың жағдайын жақсарту қажеттілігін баса айтқаны белгілі. Бұл бағытта автожолдарды жөндеуге қаржыландыруды ұлғайту тапсырылған болатын. Сондықтан жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден 14,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 16,2 километр жаңа жол құрылысына жұмсалды. 6,2 километрге қайта жаңғыртуға, 30 километрге күрделі жөндеу, 550,1 километрге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Таратып айтсақ, 205,1 километр облыстық, 191,4 километр аудандық маңызы бар автожолдарға күрделі, орта, ағымды жөндеу жұмыстары жасалса, 206 километр елді мекен көшелері орта жөндеуден өтіп отыр.
Атап айтсақ, бұл жол жөндеу жобаларының 45-і «Нұрлы жол» бағдарламасы, ал 55-і Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес, елді мекен көшелерін жөндеу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Соның ішінде 3 ірі жобаны іске асыру көзделген. Біріншісі – ұзындығы 16,1 километрді құрайтын Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстігінен орағыта өтетін айналма автожолдың құрылысын салу. Екіншісі – облыстық маңызы бар «Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 километрін қайта жаңғырту. Үшіншісі – облыстық маңызы бар «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автожолының 1,7-7 километріне қайта жаңғырту жұмыстарын атқару. Олар жүзеге асырылса – жергілікті тұрғындардың көлік қатынасы жақсарып, өңірдің көліктік логистикасы инфрақұрылымының дамуына да зор үлес қосатын болады.
Бүгінде сапа – басты назарда. «Жамбылжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі және басқа да аккредиттелген зертханалық мекемелер қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдарын, орындалған жұмыс сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алып жұмыс істеуде. Сондай-ақ автомобиль жолдары комитеті тарапынан аталған «Жамбылжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК болып күшейтіліп, қайта құрылып отыр. Бұрын бұл мекемеде тек республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен іске асырылатын жобалар ғана тексерілетін болса, бүгінде жаңа құрылған «Сапа орталығы» барлық автожолдарда жүргізіліп жатқан жол жөндеу нысандары қамтылады.
Сапаны арттырудың бір жолы – жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа технологиялар мен материалдарды пайдалану. Сондықтан да бұл саладағы құрылысқа озық технология мен жаңа материалдарды батыл енгізуге ерекше назар аударылуда. Соңғы жылдары бұл бағытта облысымызда «Реджувасил», «Миркосюрфейсинг», «Суық ресайклер» және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон технологиялары кеңінен қолданылып, нәтижесін беруде.
Жол саласындағы өзекті мәселелердің бірі – ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы. Бұған жол бермеу мақсатында Көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шара барысында салмақ өлшегіш көлікпен облыс жолдарында кезекшілік ұйымдастырылды. Рейд кезінде жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 867 әкімшілік хаттама толтырылып, 36,3 миллион теңге айыппұл салынды. Одан жергілікті бюджетке 22,4 миллион теңге қаржы құйылды. Дегенмен инспекцияда жылжымалы бекеттер санының жетіспеуінен жергілікті жолдар өз деңгейінде қамтылмай қалып отыр.
Бұдан бөлек, автожолдарды сақтап қалу мақсатында, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен келіссөздер жасалды. Ондағы мақсат, кен орындарының иелерімен жер қойнауын пайдалану туралы жасалған келісімшарттарға рұқсат етілген жүктемеден асатын жүк тиеуге тыйым салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар тасымалдаушылар мен кен орындары иелерінің жауапкершілігін арттыруға, бақылаусыз жүріп жатқан ауыр салмақты жүк көліктеріне шектеу қоюға бағытталған. Бұған дейін біз мәселенің салдарымен күрессек, енді алдын алу шараларын жүргізетін боламыз.
Өткен жылы бекітілген аудандық маңызы бар автожолдардың тізіміне түгендеу жұмыстары жүргізілген. Автожолдардың құрамынан шаруашылық жолдары шығарылып, иесіз автомобиль жолдары теңгерімге алынды. Олар «Автомобиль жолдары туралы» Заң талаптарына сәйкестендірілді. Нәтижесінде қолданыстағы аудандық маңызы бар автожолдар ұзындығы 1912,6 километрден 1188,4-ке қысқарған.
Автожолдар саласын бұдан әрі жүйелендіру үшін биыл Тараз қаласы және аудан аумағындағы елді мекендер көшелерінің нақты ұзындықтарына түгендеу жүргізілді. Түгендеу барысында құрамына еніп кеткен аудандық маңызы бар автожолдар шығарылып, соңғы жылдары құрылысы жүргізілген, алайда есепке алынбаған жаңа тұрғын алқаптардың, елді мекендер көшелері тізілімге енгізілді. Нәтижесінде қолданыстағы көшелерінің ұзындығы 4614,8-ден 5662 километрге ұзарып, тізілімге енгізілмей келген 1047,2 километр елді мекен көшелері қосылды. Түгендеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, барлық деңгейдегі жолдар мен көшелердің басым жобалары айқындалып, 3 жылдық Жол картасы бекітілді.
Жалпы биыл жыл қорытындысында «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 80,1 пайыздан 85 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Осы мақсатта облыс әкімі мен аудан әкімдері, басқарма мен аудан әкімдері арасында межелері белгіленген тиісті келісімдер жасалып, тоқсан сайынғы есептілік жүргізілуде. Өңіріміздегі автожолдар сапалылығын арттыру бағытындағы жұмыстар одан әрі де жалғасады.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support