- Advertisement -

Медицина саласына басым бағыт

30

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы – құжат жүзінде қалып қоятын кезекті жобалардың бірі емес, нақты іске асырылатын іс-қимыл жоспары. Өйткені Жолдауда жүктелген міндеттер мен қозғалған мәселелер бүгінде ел арасында біршама серпіліс тудырып, бірқатар салаларда нақты жұмыс атқарылып жатыр. Әсіресе әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі істе ілгерілеудің бар екені байқалады.
Әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуде ең бірінші кезекте халықтың денсаулығын жақсартуға, сол салаға айрықша назар аудару қажет. Президент Жолдауының «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты ІV бөлімінде мүгедек бала асырап отырған отбасыларға айрықша қамқорлық көрсету мәселесі айтылады. Онда «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет.
Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деп айрықша атап көрсеткен. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап ететінін айта келіп, денсаулықты сақтаудың алғышарты ретінде бұқаралық спортты дамыту екенін атап көрсетеді. «Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырды. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет» деп, бұл мәселеге қатысты да шешімін күткен күрмеуді шешудің жолдарын нұсқайды.
Әлбетте ұсыныс қанша жерден ұтымды, тапсырма қаншалықты тиянақты болғанымен, мәселе соның орындалуында. Сондықтан тиісті органдар, атқарушы билік осы мәселені ешқашан назардан тыс қалдырмауы керек. Өйткені түптеп келгенде мықты мемлекет құру үшін бізге денсаулығы мықты азаматтар қажет. Ал деннің саулығы адамның зиянды әдеттерден аулақ, спортты жанына серік етуіне байланысты.
Әрине бар денсаулықты сақтау бір басқа, ал туа бітті аурулар мен ақауларды емдеу, олармен күресу мәселесі мүлде басқа. Бұл тұрғыда кешенді және нақты іс-шаралар жоспары қажет. Әсіресе адам өлімі көрсеткішінің деңгейін төмендету еліміздегі медицина саласы дамуының негізгі индикаторы екені сөзсіз. Жолдаудағы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы бөлімде Президент: «Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді. Дегенмен бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп. Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді» деп баса айтқан. Соған сәйкес әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасының басымдықтар тізімін жасау тапсырылады. Мен өз тарапымнан бүгінде еліміз бойынша жүрек-қан тамыр ауруларының көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде екенін айтқым келеді. Әсіресе жаңа туған сәбилерде туа бітті жүрек ақауларының, даун ауруының көбейіп отырғаны алаңдатады. Бүгінде біздің әріптестер бұл дертті емдеу мен оның алдын алу бағытында жан-жақты жұмыс жасап жатыр. Ол жұмыстар жеміссіз де емес. Дейтұрғанмен адам денсаулығына мемлекет те мүдделі болған жағдайда ғана істің ілгері басып, өз нәтижесін көрсететіні бар. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмалары жергілікті жерлерде өз деңгейінде атқарылса деген ниетіміз бар.
Ал Президенттің «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген сөзі көптің көңіліне зор сенім ұялатып, Жолдаудан туған жаңа міндеттерді атқаруға тың серпін беріп отыр.
Сейтхан ЖОШЫБАЕВ,
кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор. «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС-ның Бас директоры. Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Қазақстан Жүрек-қан тамырлары хирургтары» қауымдастығының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support