- Advertisement -

Биік парасат иесі еді

96

- Advertisement -

Қасиетті Әулиеата жерінде көптеген атпал азаматтар тер төгіп, өңірдің дамуы мен елінің келешегі үшін аянбай еңбек етті. Соңында жарқыраған ісі мен қоғамдағы бағындырған биік белесі арқылы А.Асқаров, Б.Садуақасов, М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, З.Питулов, А.Шалов, Ғ.Бибатырова және С.Есімов сынды қабырғалы басшылардың Жамбыл тарихында жасампаз есімдері қалды. Осындай тау тұлғалы азаматтарымыздың бірі – ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарып, көптің ықыласына, халықтың құрметіне бөленген, артында өшпес із қалдырған Сейілхан Аққозиев екені ешкімге де дау туғызбасы ақиқат. Сол асыл аға ортамызда болғанда биыл 90 жасқа толар еді.Елі ардақтап, жұрты жақтаған, еңбекпен есейген, адалдықтан күш алған, тазалықтың жолын бұзбаған, ұлтымыздың арда ұлдарының бірегейі Сейілхан Аққозыұлының Жамбыл облысының өркендеуіне қосқан үлесі өте сүбелі. Отыз жылға жуық уақыт қасында жүріп, қызмет үлгісін көріп, ол кісінің жұмыс тәжірибесі мен іскер ұйымдастырушылық қабілеті мен сабырлы шешімдерін, салмақты ойларын талай көрдік. 

Сейілхан ағамыздың есімі тек Жамбыл облысына ғана емес, бүкіл республикамызға кеңінен танымал. Ол Жамбылдағы еңбек жолын 1964 жылы бұрынғы Луговой ауданының бірінші хатшысы болудан бастаған. Содан кейінгі жылдарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін табысты атқарған. Сонымен қатар, табаны күректей он үш жыл Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 9-11 шақырылған сайлауларының депутаты мандатына ие болды. Еліміздің саяси-экономикалық әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі еңбегі ерекше бағаланып 4 мәрте «Еңбек Қызыл ту», 2 мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Ол осылайша қарапайым инженерден белгілі қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтеріліп, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов аудандарының «Құрметті азаматы» атағына өз дара жолымен жеткен азамат. Есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Сейілхан Аққозиевтің атына облыс орталығынан көше аты да берілгені сол мәртебелі құрметтің айғағы.
Зейнетке шыққаннан кейін де Сейілхан Аққозыұлы көптің ортасында жүріп, ел егемендігіне шын пейілмен қуанып, жастарымызға қамқор бола білді. Қазақтың «Адам туған топырағына тартып туады, тек, негіз деген киелі қасиеттерден нәр алып өседі» деген ұлағаты шүбәсіз шындық. Оған бұл өмірде талай көзіміз жетті. Сейілхан Аққозыұлының да туған жері тегін жер емес. Қасиетті Жамбыл, Хан тауларының бөктері, Шу өзенінің сағасы, Мойынқұмның даласы. Сондықтан да, аз сөйлеп, көп іс тындырған оның өрелі істері мен өмірдегі өнегелі жолы көптеген жастарға үлгі деп білемін.
Ел басқару үшін ең алдымен үлкен адамгершілік қасиет пен саяси кемеңгерлік керек. Ал Сейілхан Аққозыұлы болса ақжарқын, жүрегінде ешқандай бүкпесі жоқ, ізетті, кішіпейіл, өлшеусіз еңбегімен еліне жаққан басшы бола білді.
Мен жастық шағымда басталған алғашқы еңбек жолымды еске алсам, ең алдымен Сәкеңнің жарқын да ұмытылмас бейнесі көз алдымда тұрады. 1966 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, өзім сұранып жолдамамен Жамбыл облысының ауыл шаруашылық басқармасына жіберілдім. Ол жылдары институтты үздік бітіргендерге жасалынатын бір артықшылық – өзің қалаған облысыңа жолдама берілетін. Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы елімізге еңбегімен қадірлі ағамыз Ақбозов Төребай Ақжолұлының қабылдауында болып, №97 Луговой асыл тұқымды жылқы зауыты совхозының орталық бөлімшесінде агроном болып жұмысқа орналасып, қайнаған еңбекке араласып кеттім. Сол кездегі кеңестік жүйеде бір жылдық, бес жылдық жоспар деген болды, соны орындау үшін шаруашылықтың мүмкіндігі, климаттық, жер-су жетістігі көбіне ескерілмей, жоғарыдан бекітілген жоспарды шаруашылықтарға амалсыз бөліп, мөрін басып бекітіп беретін. Соның бірі – суармалы егістік жер көлемі тапшы ауданға берілген қант қызылшасының егістік көлемі мен алынатын өнім көлемі болатын. Луговой жылқы зауытында су тапшы болғандықтан 120 гектар қант қызылшасын өсіретін.
Бір күні қант қызылшасы егілген егістікке екі жеңіл ГАЗ-69 автокөлігімен аудан басшылары келген еді. Сонда алдыңғы көліктен бойы ортадан биік, жіптіктей сұңғақ денелі, қоңырқай жүзді сымбатты азамат бірінші түсті. Өзім аудандық газеттен суретін көріп жүрген ауданның бірінші басшысы Аққозиевтің өзі екенін бірден таныдым. Бұл менің Сейілхан ағаны бетпе-бет алғаш көргенім еді. Совхоздың директоры Иван Финько мен бастауыш партия ұйымының хатшысы Нәкен Даубаев ағамыз аупарткомның бірінші хатшысына қант қызылшасын өсірушілермен әнгіме барысында, мені жас маман ретінде таныстырды. Есімде қалғаны Нәкен Даубайұлының мен туралы жылы сөзін аямағаны еді.
Луговой жылқы зауытында 3,5 жыл агроном, қоғамдық негізде комсомол комитетінің хатшысы, совхоздың орталық бөлімшесінің меңгерушісі қызметінде Сейілхан ағамызбен сирек болса да, жиын-кеңестерде кездескен сәттерде сәлем бергенімде жылы шыраймен жағдайымды сұрап: «Жұмыста ерінбе, аянба, тәртіпті бол, біз сендер сияқты жастарға сенеміз. Таза жүріңдер, әділетті, турашыл болыңдар, ойыңдағыны іркілмей тиянақты мәліметпен негіздеп айтуды үйренгендерің дұрыс», деп ақыл-кеңесін, ескертпесін айтып отырушы еді.
1969 жылдың желтоқсан айында Луговой аудандық комсомол комитетінің пленумында бірінші хатшы болып сайландым. Бұрынғы комсомол комитетінің бірінші хатшысы Саттар Жанабілов ағамыз Жамбыл облыстық партия комитетіне қызметі жоғарылап ауысқан болатын. Сол Саттар ағамыз да өзінің еңбек жолында Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайының өркендеп-өсуіне елеулі үлес қосқаны, елдің құрметіне, әріптестерінің сыйына бөлене отырып, биыл 80 жасқа толған мерейтойы қарсаңында ҚР Президентінің «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталған қуанышты сәтінің куәгері болдық. Осындай құрметке ие болған Саттар Жанабілов Сейілхан ағамыздын тәрбиелеген кадры, ағайдың «шекпенінен шыққан» қадірлі қария-ағамыз.
Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайлану үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. Совхоздың партия ұйымының хатшысы Н.Даубаев егістікте жүрген тұсқа өзінің автокөлігін жіберіп мені шақыртып, «Сағынхан, сен тез менің көлігіммен аудандық партия комитетіне жет. Сені Аққозиев іздетіп жатыр» дегені.
Аупарткомның бірінші хатшысы мені көп күттірген жоқ, тез арада қабылдады. Өзім шынымды айтсам, жүрексіне кірдім. Сейілхан аға «Сағынхан, сен туралы біз бүгін бюро отырысында ақылдасып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсыну туралы шешімге келдік» деді. Басқа артық сөз айтылған жоқ. Мен «ағай биыл Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы Академиясының (ТАША) аспиранты болып қабылдандым ғой. Мына совхоздағы жайылымды мәдениеттендіру саласындағы тәжірбие жұмыстарды мәскеуліктер өздері келіп көріп, мені арнайы қолдап мүмкіндік жасап отыр» дедім.
Менің жауабыма аудан басшысы сәл ренжігендей болып: «Әміреқұлов, сен сияқты ауданда 100-ге тарта жас маман бар. Бірақ біз сенің кандидатураңа тоқталдық. Ал енді екінші айтарым, комсомол, партия жұмысына арыз жазып, сұранып жұмысқа орналаспайды, таңдап, екшеліп, тәрбиелеп алынады. Оның үстіне, комсомол жұмысы өмірдің аспирантурасы. Ұйымдастыру бөліміне бар-дағы өмірбаяныңды, басқа керек құжаттарды толтыр» деп қысқа қайырды. Жалпы, Сәкең Т.Рысқұлов ауданын басқарған жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері күрт алға басып, барлық салада ілгерілеу үрдістері елдің қуанышына, мақтанышына айналды.
Тек дәнді дақылдардың өзі 133 мың гектарға, қант қызылшасы 3100 гектар алқапқа жетті. Ауданда суармалы егістік көлемі шағын еді, сондықтан оның көлемін ұлғайту мәселесін Сейілхан Аққозыұлы республика көлемінде шешу жолдарын, оның жобасын негіздеп қаржы бөлуді қарастыру туралы ұсыныс жасады. Қойылған мәселе дұрыс шешіліп, Қазақстан мен Қырғызстан Республикаларының шаруашылықтары бірігіп пайдалану үшін Үлкен Шу каналы іске қосылды. Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының Бішкек-Москва темір жолының төменгі жағынан өткен Үлкен Шу каналы тек Т.Рысқұлов ауданында 3 мың гектарға жуық суармалы жердің қосымша пайдалануына негіз болды. Сол жылдары Т.Рысқұлов ауданы қант қызылшасының әр гектарынан 372-378 центнер тәтті түбір өсіруге қол жеткізді. Бұрынғы Ленин, Карл Маркс ұжымшарының Маткаримов, Әмреев басқарған бригада мүшелері әр гектарынан 470-500 центнер өнім жинағаны елдің есінде. Салыстырмалы тұрғыда алатын болсақ, Қазақстанның оңтүстік өндірістік облыстарының ішіндегі ең көп уақ мал Т.Рысқұлов ауданында болатын. Ауданда Оңтүстік меринос қойы өсірілетін, солардың тек ұжымшарлардағы саны 460 мыңға жеткен, салыстырмалы түрде алар болсақ, облысымыздағы мал басының бестен бір бөлігі біздің ауданға тиесілі еді.
Озат сауыншылар Әбдіраймова, Сүлейменова, Айтқұлова, Мартыненко, Қалмұрзаевалар әр сауын сиырдан 3300-3500 литр сүт бұлағын ағызған айтулы азаматтар болатын. Сол жылдары облысымыздың табысты жылдары болды. Барлық өндірістік, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалардың жемісті табыстарын Мәскеудегі орталық органдар жоғары бағалап 1967 жылы 8 тамызда Жамбыл облысы КСРО-дағы ең үлкен марапат «Ленин орденімен» наградталды. Бұл жетістікке Сейілхан Аққозиевтің аудан басшысы ретінде лайықты үлесі бар екені күмәнсіз. Сейілхан ағаны Т.Рысқұлов ауданының халқы қызмет жасаған жерін түлеткені, өндірісін өркендеткені, мәдениетін гүлдендіргені үшін шын пейілдерімен сыйлап, құрметтеп, облыс орталығына қызметке ауысқанда қимастық көңілмен шығарып салды.
Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасында басшы болып бір жылдай қызмет атқарған соң облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы саласы хатшылығына сайланды. Осы тұста облысымыздың бірінші басшысы болып ел тарихында өшпес із қалдырған, өмірде бәрімізге үлкен өнеге болған абзал азамат Хасан Бектұрғанов Қызылорда облысынан бізге ауысып келді. Осы кезде Тараз, Қаратау, Жаңатас қалалары мен аудан орталығының көркейе бастауы, облыс өндірісінің өркендеуі, ауыл шаруашылығының үлкен серпінмен дамуы, мәдениет, оқу, білім, денсаулық сақтау мен спорт салаларының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жетіле түскені рас. Бектұрғанов пен Аққозиев облысты басқарған сол жылдары Тараз қаласының алғашқы шағын аудандарының, жаңа мектептердің салынуы, заманауи қала тектес кеңшарлардың бой көтеруі мен мәдени ошақтардың жаңа ғимараттарға көшірілуі қолға алынған еді.
Сол уақытта «Тасөткел» су қоймасының толық бітуі созылыңқырап кеткен еді. Республикалық мәртебедегі «Главрис совхоз строй» бірлестігінің бастығы Эрих Гукасовты арнайы облыстық партия конференциясына шақырып, сол конференцияда «Тасөткел» су қоймасы құрылысының толық іске қосылуын жөнсіз кешеуілдеткен мәселе қатты сынға алынады. Өткір сынға алудың басты себебі тек қана Шу ауданы емес, Мойынқұм, Сарысу аудандарының климатының тұрақтылығы, фауна-флорасының жоғалмай өсіп-өнуіне үлкен ықпалымен қатар, мал азығын дайындау қорына да тікелей байланысты еді. Осындай маңызы зор «Тасөткел» су қоймасындағы құрылыс жұмысын Сейілхан Аққозыұлы өз қадағалауына алып, мәселенің оң шешім табуына үлкен ықпал ете білді. Бүгінгі күндері ойлап отырсам, облатком төрағасының міндетті шаруасы да ұшан-теңіз емес пе, сонда да өзі бақылауға алған құрылысты тездетіп бітіруде түн ұйқысын төрт бөліп іске асырғаны тағы да Сейілхан ағаның талапкер-табандылығы, іскерлігінің бір көрінісі. Ақылы озық дана, болмысы ерек дара, жауапкершілік жүгін кісіге аудармайтын, байқампаз, ұлтжанды, мемлекетшіл Сейілхан Аққозыұлы 13 жыл облыстық атқару комитеті төрағасы кезіндегі қызметін санамалап, саралап, талдап жазу мүмкін емес.
Бидай өңді ажарынан таймаған, шуағы мол пейілінен ажырамаған Сейілхан ағамыз ұлт даналарының «Асыл міндет – адалдық, асыл қасиет – адамдық» деген аталы сөзіне ақжарқын мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен, іскерлігімен, іздемпаздық-жаңашылдығымен жауап берген және әріптестерінің арасында әрдайым зор абырой мен беделге ие болған азамат.
Менің ұстазым, өмірдегі рухани ағам Сейілхан Аққозыұлы Аққозиев береке мен бірлікті терең ойлаған, татулық пен ынтымақты тілеген ғазиз жүректі жан еді. Ендігі жерде асыл ағаның артында қалған ұл-қыздары мен ұрпағына аман-есендік пен ұзақ ғұмыр тілеймін.
Халқының қазанатындай болған сергек ойлы Сейілхан аға ұлтымыздың асыл қасиеттері бойына дарыған, адамгершілігі мол, өмірде қарапайымдылығымен, зиялылығымен, өз еңбегімен артында өшпейтін із қалдырған таудай биік, даладай асқақ, кемеңгерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық абзал азаматтың бірі емес – бірегейі. Сейілхан ағаның бойында көп жасаған дариядай ағалық ізгілігінің шуағы мол еді. Атына дақ түсірмеген, қызметіне кір келтірмеген ол кісі елінің ардақты ағасы, халқының шын жақсы көрген ұлындай өмір сүрді. Сейілхан ағаның көпшіл мінезі, шексіз қамқорлығы, адамгершілік қасиеттері мен жарқын бейнесі біздің жадымызда осылай сақталмақ.

Сағынхан ӘМІРЕҚҰЛОВ,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support