«Аспара» колледжі 20 жылдығын атап өтті

«Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжіне 20 жыл толды. «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, өнертану доценті Айдархан Қалиевтың демеушілігімен құрылған арнаулы орта оқу орны қазіргі таңда «Графикалық дизайн», «Тігін өндірісі мен киімді үлгілеу», «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандықтары бойынша мамандар дайындайды.
Аталған оқу орнының 20 жылдық мерекесін облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп ашып, колледждің соңғы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ ол колледждің бірқатар озат оқытушылары мен қызметкерлеріне Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Мұнан соң аталған колледждің құрылтайшысы Айдархан Қалиев жиырма жылдық белестегі жетістіктер мен алдағы жоспарларға тоқталып, іс-шараға келген қонақтарға алғыс білдірді. Айдархан Мірәліұлы айтып өткендей, 2003 жылы Малайзияда өткен халықаралық сұлулық конкурсында, 2009 жылы Берлинде өткен халықаралық көрмеде, 2010 жылы Қытайда өткен «ЭКСПО Шаңхай–2010» халықаралық көрмесінде авторлық топтама көрсетілімдерімен жүлдегер атаныпты. Кейінгі жылдарда да халықаралық байқауларда қол жеткізген табыстары аз емес. Ал колледжді әр жылдары Гауһар Есіркепова, Гүлнархан Қаржаубаева, Айдархан Қалиев басқарған. Қазіргі таңда Мырзахан Мырзахметов абыроймен басқарып отыр. Жиында колледжде абыройлы еңбек етіп жүрген ұстаздар мен озат студенттердің есімдері аталды.
Мұнан соң Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева Тараз қаласы әкімінің құттықтауын жеткізсе, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова, колледждің ардагер ұстазы Сара Мұстафина құттықтап, ақ тілектерін арнады. Гүлдара Алданышқызы колледждің екі қызметкеріне Меркідегі «Ақ ниет» шипажайына екі жолдаманы табыс етті.
Колледж студенттері сән үлгілерін көрсетті. Іс-шараға Сербия, Украина, Италия, Өзбекстан, Қырғыз республикаларынан арнайы қонақтар қатысып, құттықтады. Мұнан соң облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты.
Келесі күні шетелден келген дизайнер мамандардың қатысуымен семинар-тренинг, шеберлік сабақтары өткізілді. Колледждің 20 жылдығына орай жарияланған облыстық көркемсурет байқауының қорытындысы шығарылды. Мұнда да жүзден жүйріктер бар. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ғажайып мекен – туған өлкем» картинасымен ерекшеленген меркілік Индира Балтабаева, Жамбыл ауданынан қатысқан Таңсамал Ерубаева «Жылқышы қыз», байзақтық Диана Мырзахан «Жолбарыс», қордайлық Виктория Черникова «Бабалар мұрасы» еңбектерімен өздерінің шеберліктерін көрсетті. Мереке соңында Алматыдан келген «Әсел – Әсем» дуэті (Тілеубердиевалар) ән шырқап, жиналған көпшіліктің алғысына бөленді. Осылайша, «Аспара»мәнерлік өнер және бизнес колледжі жиырма жылдық мерекесін жоғары деңгейде атап өтті.

* * *
«Аспара» колледжінің 20 жылдық мерекесі және «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығы аясында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында баспасөз мәслихаты өтті. Әуелі «Асыл-дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев шет мемлекеттерден келген қонақтарды таныстырып өтті.
Басқосуда италиялық «MILANO FASHION WEEK» президенті Марианна Мичели, түркиялық белгілі дизайнер Айдын Асик, «Podium Кыргызстан» журналының басшысы Назым Бегим, миландық әйгілі фотограф Дойглас Бассет Қазақстанды, оның ішінде Тараз қаласын ерекше жақсы көретіндерін айтып, ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ шетелден келген қонақтар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мұнан соң «Арай–Плаза» орталығында «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығы жалғасын тапты.

Е.Жаңабайұлы

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/