- Advertisement -

Тілсіз жаумен күресте қаймықпаған

39

- Advertisement -

Өрт – өзінің аты айтып тұрғандай, өте қауіпті құбылыстардың бірі. Отты айдаһар көзді ашып-жұмғанша маңындағының бәрін жалмап бітеді. Ал мұндай шақта әлгі тажалға қарсы тұрып, адам өмірі мен құнды мүліктерді құтқару үшін жан аямай күресетін өрт сөндірушілердің еңбегі әр кезде де құрметтеуге лайық.
Міне, осы «тілсіз жаумен» күрестің бірінде Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Бақыт Парманқұловтың көрсеткен ерлігі жұртшылықтың жадынан шыға қойған жоқ.
Биылғы 9 наурызда түс кезінде ТЖД күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Тараз қаласындағы Тындыбеков көшесі №29 үйде өрт орын алғандығы жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шұғыл жетіп, барлау жұмыстарының нәтижесінде от-жалынға оранған үй ішінде 5 адамның қалып қойғандығын анықтайды. Оларды улы газ бен түтін қатерінен қорғау үшін құтқару қызметінің алғашқы тобы жедел іс-қимылға кірісіп кетеді. Бұл топтың құрамында Бақыт Парманқұлов та бар еді. Ол өзге әріптестерімен бірге көмейді бітеп, тынысты тарылтатын әрі ыстық от-жалыннан қаймықпай, есікті бұзып үй ішіне кіріп, үш бірдей жасөспірім бала мен екі әйелді сыртқа аман-сау алып шықты. Тиісінше дәрігерге дейінгі көмек көрсетілуінің нәтижесінде олар көп ұзамай аяғына тұрып кетті. Міне, осындай ерлікпен пара-пар еңбектің арқасында от ойранының алды алынып, зардабы жойылды.
Б.Парманқұлов, сондай-ақ 2018 жылдың маусым айында Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы таулы аумақта орын алған табиғи өрт оқиғасы кезінде де айрықша батылдығымен көзге түсті. Рас, желдің күшеюі салдарынан біраз аумаққа таралған өртті сөндіру қиынға соқты. Осындай қиындыққа қарамастан Бақыт Ниесбекұлы қарауыл бастығының тапсырмасына сәйкес адам мен техника күшін тиімді жұмылдыра білуінің нәтижесінде алапат өрттің Қырғыз Республикасы аумағына өтіп кетуінің жолы кесілді.
Әріптестері де оның мамандығына адалдығы мен іскерлігіне тәнті болып, өз ісінің нағыз кәсіби шебері деп таниды.

Карина КАРТАШОВА,
облыстық ТЖД өрт сөндіру мекемесі ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support