- Advertisement -

Жер ресурстары тиімді пайдаланылуы тиіс

40

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында бізге басшылыққа алып жұмыс істейтін негізгі бағыттарымызды айқындап берді. Атап айтсақ, Президент заман талабына сай тиімді мемлекетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басу, өңірлердің қуаттылығын қамтамасыз ету арқылы қуатты елдер қатарына қосылу сияқты негізгі бес бағыты басшылыққа алып отыр.
Онда әр бағыт бойынша белгіленген міндеттерге жету жолдары тарқатылып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктелген. Айталық, үшінші бағыттың бесінші бөлімі агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғандығына тоқталып, жер ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттырмайынша отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін еместігін қадап айтты.
Бүгінде облыстың жер қоры 14 миллион 427 мың гектарды құрайды. Оның 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін (егін және мал шаруашылықтары) дамытуға қолайлы деп табылған. Жер қорының 4 миллион 448 гектары ауыл шаруашылық жерлері санатына жатады, оның ішінде айналымдағы егістік жерлер көлемі 778,2 мың гектарды (оның суармалысы 184,4 мың гектар) құрайды.
Өкінішке орай бүгінгі таңда кейбір жер ресурстарын тиімді пайдалана алмай келеміз. 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жерді түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 591,2 мың гектар ауыл шаруашылық, 54,8 гектары коммерциялық мақсаттарға берілген жерлердің және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бөлінген 5064 жер телімінің өз мақсатында пайдаланылмай отырғандығы анықталды.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде 547,4 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері мемлекетке қайтарылып, оның 93 пайызы экономикалық айналымға қайта тартылды. Сол сияқты, коммерциялық мақсаттағы игерілмеген жерлер бойынша материалдар жер инспекциясына жолданды, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 2182 жер телімдері мемлекет иелігіне қайтарылып бұл бағытта тиісті жұмыстар жалғастырылуда.
Дегенмен жерді тегін жалға немесе сауда-саттықтар арқылы меншікке алған азаматтардың бір бөлігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Мысалы, өткен жылы жерді қашықтықтан зондтау тәсілі бойынша космос арқылы жүргізілген мониторинг барысында 46,7 мың гектар егістік жерлердің игерусіз қалғаны анықталған.
Сонымен қатар жайылымдарды пайдалануды реттеудің қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде тіркелген мал басы негізінен жекенің қолында шоғырланған және елді мекендер маңындағы жайылымдарда ұсталуда. Осының салдарынан бұл жайылымдарға жүктеме шамадан тыс артып, жер деградацияға ұшырай бастады. Есесіне бұрынғы мал айдау жолдары, құдықтар мен суаттардың істен шығуына байланысты алыс мал жайылымдары айналымнан шығып қалған. Сол сияқты, орман қоры жерлерін мал жаюға және шөп дайындауға пайдалануды да реттеу қажеттігі туындап отыр.
Жер мәселесін қозғай отырып Президент жеріміз шетелдіктерге сатылмайтындығына, Мемлекет басшысы ретінде оған жол берілмейтіндігіне кепілдік берді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару үшін Үкімет пен Парламентке осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуды тапсырды.
Жолдауда көрсетілген маңызды шаралардың бірі – суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру және ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыру. Бұл бағытта суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайту қарастырылса, біздің облыста 68 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру көзделіп отыр.
Оған дайындық жұмыстары өткен жылдан бастап қолға алынып, Еуропалық және Азиялық даму банктерінің қаржысын тарту бойынша шаралар атқарылуда.
Қаржы ұйымдарының талабы барлық суландыру жүйелері мемлекеттік меншікке өткізіліп, ел Үкіметі кепіл болуы тиіс. Сондықтан суландыру жүйелерін мемлекет меншігіне өткізу шараларын уақтылы аяқтау маңызды.
Сонымен қатар өткен жылы облыстық бюджет есебінен арнайы механикаландырылған отряд құрылды. Осы мекеменің күшімен Мойынқұм ауданында тоғандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жер емген шаруаларға үлкен қолғабысын тигізуде.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының
басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support