- Advertisement -

«Қаратау – қазақтың алтын шаңырағы, түп қазығы»

143

- Advertisement -

«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы – жазушы, мемлекет тік сыйлықтың лауреаты бексұлтан нұржекеұлы

Басқа тіл ауамен тарап тұр

– Бексұлтан Нұржекеұлы, қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру туралы арнайы жоба аясында республикалық насихат тобының құрамында Тараз топырағына келдіңіз. Сіздер насихаттап келген жоба бойынша елімізде, оның ішінде біздің облыста жұмыс қарқыны қалай?
– Бұл мәселе бойынша еліміздің барлық аймағында жұмыс жүріп жатыр деуге болады. Жұмысы ілгері, үздік облыстардың қатарында Жамбыл облысы да бар. Жергілікті тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен латын жазуына көпшілікті дағдыландыруға арналған сабақтың онлайн жүйесі жасалғаны белгілі. Бұл жұмыста барлық ауданда алға басушылық байқалады. Қазіргі заманауи жастарға бұл қаріпті меңгеру еш қиынға соқпайтын секілді. Жалпы, тіл мәселесі – бәріміздің ойлануымызды қажет ететін күрделі тақырып. Сен өзге тілді үйретпесең де, балаң немесе немерең балабақшаға барып, орысшаны ұғынып келіп жатыр. Ал ана тілімізді сол бала қаншалықты біледі, бойына қалай сіңірді? Мұның жауабын тап басып айта алмаймыз. Тіл мәселесі, ұрпақ мәселесі – ата-ана болып, мектеп мұғалімдері, ауыл, аудан, облыс басшылары мен министрлер болып ойланатын, толғанатын тақырып. Өйткені сен ықпал етпесең де, ауамен басқа тіл тарап барады.
Бұл тұрғыда басқа елде қандай талап бар? Жапондар 12 жасқа дейін балаға өзге тілді үйретпейді. Жеткіншектер алдымен жапон тіліне дағдыланып өседі. Сонда біз ақылдымыз, жапондар ақымақ па? Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов кезінде «Ең әуезді тіл, ең терең тіл – қазақ тілі» дегені үшін «Халық жауы» атанды. «Ахмет Байтұрсынов – үлкен ұстаз» дегені үшін Жарылқасын Нұсқабаевтың жапа шеккенін өз көзімізбен көрдік. Сол уақытта Жарылқасынды жазғырғандар қазір Байтұрсыновты мақтап, байтұрсыновтанушы болып жүр.
Мені тағы бір жағдай алаңдатады. Біз «Сот сайланады» деуіміз керек. Қазір «Судья сайланады» дейміз. «Судья» емес, оның қазақша «Қазы», «Би» деген әдемі баламасы бар. Оған тереңдеп жатпайды. «Сот процесін де – де сот» дейді, «Судьяны да – сот» дейді. Содан бір сотты ауыстырайық деп, «Судьяға» көшіп кеткен ғой. Әйтпесе, «Қазы», «Би» деген қазақша ғажайып нұсқаларымыз тұр.
– Сізді оқырмандар белгілі жазушы ретінде танып, мойындайды. Қоғамдағы белсенділігіңізді бағалайды. Құрметтен кенде емессіз. Өкінішіңіз бар ма?
– Білмеймін. Бітірген шаруаларым бар сияқты. Бітпеген жоспарларым да көп. Біткен жұмыстарым үшін, әрине, қуанамын. Аяқтай алмаған жұмыстарым үшін өкінгеніммен, оған қайтып мүмкіндік жоқ екенін де сеземін. Жүзеге асыра алған жұмыстарыма, Құдай сәтін салып жазып бітірген шығармаларыма шүкіршілік етемін.
Тіл арқылы есейдік. Төл тіліміз арқылы жазушы атандық. Енді тілімізді тиісті деңгейде қорғай алмай жүрген халық екенімізді сезінгенде өзекті өкініш өртейді.

Бала күнімізде сымы бар телефон да Қат болатын

– Қазіргі жастар тоқшылықты ғана көріп отыр. Елбасы да, Президент те жастарға сенеді, биылғы жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Ел жастары мықты болу үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазір зиялылар ортасында жастар оқымайды деген бір ұғым бар. Оны әлі саралау керек. Рас па, жалған ба? Рас болса, ел болашағы оқымайтын ұрпақтың қолында болғаны қандай жаман. Бұл – мемлекет болып ойланатын мәселе. Бұл ретте жақсы бағыт, жүйе керек. Мәдениеттің жүйесі керек. Себебі, Қазақ мемлекеті – мәңгі. Мәңгілік мемлекетте мәңгілік жұмыс болуы қажет. Қайраткерлерді мақтай бергеннен де нәтиже шамалы.Нақты іске көшіп, мемлекетті нығайта беруге тиіспіз. Егер ұмтылыс болмаса, жұмыста қозғау болмаса, тоқтаған су сияқты болғанымыз.
Қазіргі жастар тауда да, таста да жүріп сымсыз телефонмен сөйлеседі. Біздің бала күніміз де сымы бар телефонның өзі қат болатын. Сонда да менің замандастарым кітап оқыды, өзінің заманына ілесті. Сол тұрғыдан алғанда бүгінгі балаларымыздың білімі өте мықты болуы тиіс еді. Сол жағы сәл келіңкіремей тұр. Өз халқының әдет-ғұрпын, тарихын білу үшін жастар кітап, қазақ газеттерін оқуы керек. Кітапсыз да, газетсіз де өмір сүруге бола береді. Кітапсыз да, газетсіз де қарныңды тойдыруға мүмкіндік бар. Бірақ ондай адамның малдан айырмашылығы жоқ. Жастарды осындай тоғышарлықтан сақтандырғым келеді.
– Сіздің негізгі бағытыңыз – әйел тақырыбы. «Ерлі-зайыптылар», «Бір өкініш, бір үміт» деген туындыларыңызды оқыған едік. Ол шығармаларда әйел образы керемет ашылған. Бұл тақырыпты таңдауыңызға не ықпал етті?
– Ненің ықпал еткенін нақты өзім де білмеймін. Бала күнімде жетімдікті, жесірдің жағдайын көп көрдім. Өзім де жесір әйелдің баласы болып, жетім өстім. Әкем әуелі кәдімгі әскерге кеткен еді. Ұзамай соғыс басталып кетіп, майданға аттанады ғой. Эшалонға бомба түсіп жатыр деп жазған хаттары бар. Ол жылдары ерлердің бәрі майданда, соғыс даласында. Ауылда тек әйелдер қалды. Жас келіншектер ерлерге бергісіз еңбек етіп, төзімділік танытты. Оның ішінде менің анам да бар. Қанша ауыр болса да, баласына сыр бермей шыдап, анашым сол колхоз жұмысында жүрді. Ел басына күн туған, ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен күндерде анам ауылдағы ауыр жұмыстарды атқарды. Біз сол ең аяулы адамның бейнет кешкен, шаршаған, қиналған сәтін көріп, өмірдің қиындығын көңілге түйіп өстік.
Кеңес одағы кезінде айтарыңды ашып айта алмайсың. Қадаға қатты болды. Сондықтан ойларымды, толғаныстарымды әйелдер образы арқылы жеткіздім. Әйел – ана, әйел – Отан, әйел – тағдыр. Кейінгі «Әй, дүние -ай» атты тарихи шығармамда да айтар ой әйел образы арқылы берілген. Ол жерде қазақ әйелі қорланса, қазақтың қорланғаны.
Біз басқа ұлт өкілдеріне өзіміз құшақ ашып, жер бердік. Енді өзіміз соларды ана тілімізде сөйлете алмай отырмыз. Сөйлету былай тұрсын, «Мұнда өзге ұлт өкілдері отыр екен» деп, өзіміз орысша сөйлей жөнелеміз. Бұл – қасірет. Біз бауырымға тартып жүрген Фон Берг түн жарымында қазақ ауылдарын басып алып, көтерілісшілерді жөнге салдық деп жоғарыға ақпар берген. Олар ешқандай да көтерілісші емес, өз намысын қорғаған қазақ қандастарымыз еді. Сонша қорлыққа көнген сұраусыз халық болғанымыз ба? «Судың да сұрауы бар» – дейді. Біздің су ғұрлы құнымыз жоқ болғаны ойландырады.

Қазір қазақтар саны 40-50 миллионға жетуі тиіс еді

– Шыңғыс хан туралы әңгімелер көп. Сіз де біраз зерттеулер жасадыңыз. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Тарихтан Тараздың маңайын Қарахан мемлекеті жайлағаны белгілі. Олар мұсылманшылдықты ұстанған мемлекет еді. Бірақ әлсіз болды. Ал Шыңғыс хан болса, алысты көре білді. Маңайдағы мемлекеттердің нығайып келе жатқанын сезді. Оған қарсы үлкен күш керектігін көңілге түйді. Бірақ ұрпағының бірі Алтын ордаға, бірі Қытайға кетті. Ал қазақ даласында сол кезде мықты, батыр, тұлғалы азаматтар азайып қалды.
Содан есімізді енді жинай бергенде Кеңестік жүйе келді. Олардың да жаны ашыған жоқ. Әйтпесе, қазір қазақтардың саны – 40-50 миллионға жетуі тиіс еді. Біздің халықтың тектілігін, батырлығын Қытай да мойындады. Қытайда елдің басын біріктіріп, қазақ рухын биіктеткен Мухалидің кесенесі бар. Өзі өмірден озарында: «Мені қайтыс болғанда оншақты жерге жерлеңдер. Біреуіне ғана қоярсыңдар. Қабірім белгісіз болып қалсын» деп жанашырларына аманат айтқан екен. Қытайлық бір губернатор «Мұндай тарих екі елдің арасын жақындатады» деп қазақ халқының батырлығын мойындап отыр.
Шыңғыс ханның дәуірінде 1240 жылы бізде өндіріс ошағы, алтын кені болған. Байқадыңыз ба, 12 ғасырда біздің қазақта өндіріс болған. Шыңғыстың өмір сүрген жері Жоңғар-Іле тауының арасы екен. Онда Екісу, Қайырлық қалалары болды. «Моғал» деген сөз «Жебе» деген мағынада. Мен де Шыңғыс ханнан кем емеспін деп, Ақсақ Темір Моғалды он рет шапқан. Ал біздің кейбір жазушыларымыз бен журналистеріміз: «Шыңғыс ханды қазақ қылғанда не ұтамыз?» деп жазып жүр. Біз Шыңғыс ханды қазақ қылайын деп жанталасып жүрген жоқпыз. Тарихтың өзі солай сөйлеп тұр. Бұл,әрине, болашақ зерттеушілердің еншісіндегі мәселе.
– Қазақ тарихы туралы сөз сабақтасаңыз. Айтарыңыз көп екен…
– Біз белгілі дәрежеде өз тарихымызды білуіміз керек. Бұл бөліну, рушылдық, жікшілдік емес. Өзіңді тану болып бағаланады. Геродоттың Алты арыс деп таратып жазғаны – біздер. «Ақарыс» – Ұлы жүз, «Жанарыс» – Орта жүз, «Бекарыс» – Кіші жүз. Бұлар еншісі бөлінбеген ағайынды үш кісіден тараған ұрпақ. Бәрі бір-біріне бауыр. Аңыз бойынша «Пан» деген кісі ақпанда үсіп өлген. «Ақпан» атанып кетіпті. Жалпы екі ағайынды бақилық болған. Ұзақ жасағаны – төртеу. Бәрін қосып, алтау дейді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген қазақтың мақалы, міне, осы жерден шығады. Оқымаған кісі, ізденбеген кісі мұны қайдан біледі. Мен таңдандым. Тарихты жете білмейтін кейбір тарих ғылымдарының докторы бар екен бізде. Олар Сақ пен Ғұнды білмейді. Олар ата-бабаларымыз емес дейді. Бұл – өте қате түсінік. Мен тарихшы емеспін, бірақ көзім ашық, кітап оқимын. Тарих деген – өткеніміз. Жеңіл қарайтын мәселе емес. Тарих мәселесі талқыға түссе, министр де, әкім де, басқа лауазымды адамдар да толық қатыспайды. Себебі, олар тарихты терең білмейді. Ал экономика талқыланса, бәрі қатысып талқылайды. Тарихты міндетті түрде білуге тиіспіз.
Тарихта байлық емес, мәдениет қалады. Мәселен, гректер мәдениетімен мақтанады. Олар мәдениетке бай болды. Антикалық ежелгі дәуір Грекиядан басталады. Әлемде қанша бай мемлекеттер болған. Солардың байлығын қазір ешкім айтпайды.
Қазақта қандай жүйе болса да, мемлекетті, Тәуелсіздігімізді нығайтуға қызмет етуі қажет. Құр мақтанғаннан ештеңе ұтпаймыз. Абай қазақты сынады. Ысылсын, ойлансын деді. Әйтпесе, Абай қазақты жек көрді дейсіз бе? Жақсы көргеннен, ашынғаннан, қарны ашқаннан сынады. Түзелсін деді. Ыбырай Алтынсарин: «Өнер білім бар жұрттар, тастан сарай салғызды» деп жырлады. Демек, Абай, Ыбырай бабаларымыз да қазақ өркендесе, тек біліммен өркендейтінін түсінді. Ал енді тарихқа тағы оралайық. Фон Берг қазақтарды неге қырды? Бодан ел екенімізді, орысқа да өгей екенімізді білді.
Шүкір Тәуелсіздікке жеттік. Бізге ендігі таңда мақтану керек емес, кемшілікті жою қажет. Сол маңызды. Кемшілігімізді жойған сайын мемлекетіміз нығаяды.
Сүйген жарымды Тараздан тапқанмын

– Сонда тарихты білмейтін тарихшылар қатары көп болғаны ма?
– «Аңырақай» шайқасы туралы ешкім айтпайды. Оны айтсаң, бүлік шығарушы атанасың. «Ел тыныш, көйлегіңіз көк, тамағыңыз тоқ. Тыныш отырмайсыз ба?» – дейтіндер бар. Ол да түсінбестіктен туады. Әйтпесе, қазақты жаман болсын деп жүрген ешкім жоқ. Бәріміз халқымыз жақсы болса, болашағы жарқын болса деп жүрміз. Ол үшін жастар білімді болуы керек. Біз енді саны жағынан Қытай, Ресей елдерімен теңесе алмаймыз. Ала шапанды Өзбек ағайындарға жетуіміз де екіталай. Біз ашаршылық, нәубеттер болмағанда, саяси қуғын-сүргінге ұшырамағанда жетіліп отырар едік. Ашаршылық әдейі жасалды ма дейтіндер бар. Әрине, әдейі. Сол ашаршылық кезінде Риддерге орыстар келіп қоныстанып жатты. Қазақ қырылып жатты сонда. Оны Сталин білмеді ме? Білді. Биттің ішіндегіні білгенде, бір елдің қырылғанын білмей ме? Біледі. Әдейі. Оларға қазақ қырылып, азаюы керек болды. Осы тарихты ойдан шығарып айтып жатқан жоқпыз, мұрағатта бәрі сақтаулы тұр.
– Сізді тарихтың алтын көмбесіне айналған Тараз қаласымен не байланыстырады?
– Жамбыл өңірі, Тараз топырағы тарихқа өте бай жер екені әлімсақтан аян. Қытай қазақтары «Ежелгі үйсін елі» деген кітап шығарды. Сол кітапта Әулиеатаның тарихы терең айтылады.
1964 жылы Тараз қаласындағы №5 Жамбыл орта мектебінде тәжірибеден өткенмін. Оным тағы бар. Сөйтіп жүріп Жамбыл медициналық колледжінде оқитын бойжеткенмен жарасып, көңіл қостым. Ол Түлкібастың қызы болғанмен, кездескен жеріміз Жамбыл еді. Жазушы Төлен Әбдіков те өзінің сүйікті жарын осы Тараздан тапты емес пе?
Әулиеатаның даңқы әрқашан да аспандап тұрды. Қаратау мен Жаңатастың қойнауы кенге толы болған. Әлі де солай. Қаратау қазақтың алтын шаңырағы, түп қазығы болған жер.

Абайдың тойына Қонаев қатысып отыратын

– Алматыда шығармашылық үлкен ортада жүрдіңіз. Шығармашылықпен алаңсыз айналыстыңыз. Қандай үлкен ақын-жазушылармен достық байланысыңыз мығым болды. Олар жайлы естеліктер айта аласыз ба?
– Біз ол жағынан алғанда бақытты буын болдық. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафинді көрдік. Сол кісілермен тұстас, замандас жазушы, қайраткерлердің бәрін көріп, өсиетін тыңдадық. Барлығын үлгі тұтып, бәрінен де үйрендік. Олар біз үшін мұнар тау болып көрінетін.
Әсіресе менің ет жақын сырласым – Шерхан Мұртаза мен Мұқағали Мақатаев болды. Мұқағали менің «Күнәлі махаббат» атты повесімді «Жалын» журналына әй-шәйға қаратпай бастырып жіберді. Шерхан Мұртаза «Жалын» журналында бас редактор кезінде қарамағында еңбек еттім. Бөлім басқардым. Екеуміз іссапармен Жаңатас қаласына бірге келіп, өндірісті бірге аралағанбыз. Ол кезде руханият адамдарына, ақын-жазушыларға деген құрмет жоғары болатын. Қазір қаламгерлерге, жазушыларға деген ондай құрмет жоқ.
– Неге? Таратып айтсаңыз. Неге олай деп ойлайсыз?
– Кезінде Абай Құнанбаевты еске алу іс-шараларына Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қатысып, құрмет көрсететін. Қазір де ақын – жазушылардың 60, 70, 80 жас мерейтойлары өтіп жатады. Облыста ұйымдастырылатын іс-шараларға облыс әкімдері қатыспай, орынбасарлары әрең барады. Аудан әкімдері де төбе көрсетпейді. Осы дұрыс па? Жазушыны, ақынды сыйлау деген осындай бола ма? Мен әкімдер уақыты болмағаннан емес, жазушымен пікірлесе алмағаннан кейін келмейді деп ойлаймын. Қазіргі басшылар да кітап оқымайды, жазушыны білмейді, шығармасын танымайды. Сондықтан сыйламайды. Оларда жазушымен сөйлесе алатындай деңгей жоқ.

Алты жасқа дейін жылқышылардың ауылында өстім

– Әкеңіз соғыстан оралған жоқ. Ондай қасіретті ешкімнің басына бермесін. Кімнің қолында өстіңіз?
– Әкемнің майданнан оралмағанын жоғарыда айттым. Мен Ешмұханбет атам мен Батық әжемнің қолында өстім. Әкемнің аты – Нұржеке, анам – Әзіхан. Осы Әзіхан шешем колхоз жұмысын қажымай атқарып жүріп, бізді жеткізді. Атам мен апам 17 перзент көрген кісі .
Атам жылқышы болды. Мен алты жасқа дейін жылқышылардың ауылында өстім. Жылқылы ауылда төрт үй ғана болады. Ал қойшылар екі үй болып қана отырады. Алты жасқа дейін ауыл көрген жоқпын. Алты жасымда мектепте оқыту үшін ауылға әкелгенде үлкен ауылды көріп, шошып кеткенім бар. Осындай көп үйлер болады екен ғой дегенмін. Атамның бабасы Тілеулі баба би болған. Бидің әкесін дұшпандар атып кетіпті. Сонда Өскелең апамыз екі солдаттың соңынан қуып, біреуін аттан жұлып алып, қылқындырып өлтірмекші болады. Әбден буындырып, өлер шағына келгенде екінші солдат анамызды соққыға жығып, серігін өлімнен арашалап алады.
Осы кекті кейіннен Ұлтанбай деген атамыз қайтарады. Орыстың бір арба солдатын сүндеттеп жіберіп, Сахалинге жер аударылып кетіпті. Атам 17 перзенттің ішінде немереден мені ғана көрді. Менің Ақжазық ауылымда, Жамбыл ұжымшарында осындай-осындай өмір өрнектері өтті. Ауылдың барлық жұмысын әйелдер атқарды.Шөпті де шапты, су тасыды, арық қазды. Мал бақты. Шығармаларымда осы көргендерім көркем дүние болып жазылған.
– Әулиеата жерінен, Тараз топырағынан алған әсеріңіз қандай?
– Қазіргі Тараз, қазіргі Әулиеата жақсарып, жаңарып келеді екен. «Жеңіс» деген саябақ жаңарып, Бауыржан Момышұлының ескерткіші сол жерге апарылыпты. Облыс әкімдігінің алдына Жамбыл Жабаевтың асқақ бейнесі қойылыпты. Қайрат Рысқұлбеков саябағы да қайтадан жөнделіп, жаңғырыпты. Бір сөзбен айтқанда Тараз түлеп, жаңарып, жасарып кетіпті. Алдағы уақытта да Әулиеата өңірінің жайнай беретініне сенімім мол. Облысты, қаланы басқарып отырған азаматтардың іскерлігі осыған сендіреді. Бұл аймақта да бірталай белгілі азаматтар, қайраткерлер, әдебиетшілер, жазушылар мен ақындар, ғалымдар, спортшылар тұрады. Олардың барлығының да ел алдында абыройы биік, Тараз шаһарына деген құрметтері жоғары. Әулиеата жеріне тек жақсылық тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support