- Advertisement -

Жүрегі жыр деп соққан Ахметжан

157

- Advertisement -

Айтыскер ақын Ахметжан Өзбековті 1993 жылдан бері білемін. Өңірлік оқушылар додасына қатысып, айтыс әлеміне қадам басқан кезіміз. Мен – Шорабек Айдаровтың, ол – Серік Қалиевтің шәкірті едік. Жас айырмамыз екі жас болса да, Ахметжанның білмейтіні жоқ. Ғажайып ақын Есенқұл Жақыпбектің өлеңдерін жатқа оқиды. Сөйлей кетсе, шешен. Жасыратын несі бар, оның сөзшеңдігіне, тапқырлығына қызығамыз. Үйі Таразға тиіп тұрған Қостөбе ауылында. Біздің ауылдай облыс орталығынан 135 шақырым қашық жатқан жоқ.

Ахаң айтыста жастайынан жарқырап көрінді. 1995 жылы облыстық айтыста финалға өтіп, жүлдеге іліккені бар. Осы жылдары өзінің өнердегі қарындасы, досы Айнұр Тұрсынбаевамен жекпе-жек сөз сайыстырып, көп ұзамай Балғынбек Имашевпен әдемі айтыс жасап, республикалық телеарнадан жарқ ете қалды. Бұрынғы қызыққаным қызыққан ба, талантына тәнті болу енді басталды. 1999 жылдың көктемінде Алматы қаласында «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» атты республикалық айтыс өтті. Сол жолы 24 жастағы Ахаң небір үздіктердің аузын аңқайтып, бас жүлдені иеленіп қайтты. Ұтып алған судай жаңа автокөлігін көргенде, «Шіркін-ай!» дестік.
2004 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай өткен облыстық айтыста өзіне өкпесін айтқан рухани ағасы Шорабек Айдаровқа:
«Ағамның бұл шыны ма, ойыны ма,
Үңіле бердің аға айыбыма.
Маған деген өкпеңді жіпке тізіп,
Моншақ қып тағып кепсің мойыныңа»,
– деп ойнақы ойды салмақты образға орап жеткізгені бар. 2006 жылы Шымкент қаласында «Ақ орда» қозғалысының қолдауымен өткен республикалық айтыста бас жүлдеге 1 миллион теңгені иеленгені де есімізде. Нәсіп дегенді қойсаңшы, сол айтысқа Айнұр Тұрсынбаеваға жанашыр болып барған екен. Келмей қалған айтыскердің орнына қосылып бас жүлденің ауылынан бір-ақ шыққанына риза болғанбыз. Сол жолы Елбасының ерен еңбегін айта келіп:
«Білемін ел басқару қиын жұмыс,
Бала кезде басымнан өткергенмін.
Мектепте оқып жүріп сыныбымның,
«Бірінші атаманы» боп көргенмін»
– деп елді сүйсіндіргені де жадымда сақталыпты.
2007 жылы болу керек, Асанәлі Әшімов өз ауылынан мешіттің бой көтеруіне тікелей ықпал етті. Сол кезде ұйымдастырылған жыр додасында семейлік Қарлығаш Әубәкіровамен айтысты. Екеуінің де бойдақ кезі. Сонда ол «Мен сені Жамбылға келін қылып алып қалайын» деп әзілдеген-ді. Ол «Төлегенім бар» дейді.
Сонда Ахметжан:
«Ақындардың ауызын бағып жүрсің,
Талайын нәсібінен қағып жүрсің.
Төлегенің бар болса үйде жатпай,
Бекежанның ауылында неғып жүрсің»,
– деп тапқырлық танытқан еді.
Шымкенттегі бір айтыста:
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Шынымен Нұх пайғамбар мұнда болған,
Қасиетті аңызды деме жалған.
Тарихтың тұрмаса да күні қарап,
Әркім оған танытады жылы қабақ.
Көрсеңдер бұл Шымкенттен шежірені,
Шардараның суындай бұрып алар.
Бір күні Нұх пайғамбардың өзін де,
Не Қоңырат, не Дулат қылып алар.
Шымкентте Шәмші салған ән бар екен,
Сәулетінде шығыстық сән бар екен.
Ордалы оңтүстікте осы күні,
Үш жарым миллиондай жан бар екен,
«Шымкентский» шешеден қайыруда,
Демографияны қамтитын мән бар екен,
– деген кезде жұрт қыран-топан күлкіге кенелген.
Ахметжан Орынбасарұлы Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген. 1-сыныптан бастап А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатта оқыған. Тараз педагогикалық институтын филология факультеті бойынша бітіріп, еңбек жолын Керімбай атындағы №12 мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. Сол кезде осы мектепке арнап:
«Білімге толы бабамның салған мектебі,
Бауырыңа басшы, бір балам едің деп мені.
Табалдырығына табаным тисе қуанам,
Топырағын басқан қажыдай болып Меккенің.
Шәкіртті көрсем, қолына қызыл гүл алған,
Шаттанып қалам, кеудемді кернеп мың арман.
Асығып жетем періштелердің ішіне,
Айыққан құлдай бойдағы барлық күнәмнан»,
– деп толғанғаны бар.
А.Өзбеков Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде 5 жыл ұйымдастырушы болып еңбек етті. Бес жыл көлемінде Облыстық халық шығармашылығы орталығындағы қызметі де көңілден шықты. Қазіргі таңда Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Осы орталықта жүріп облыстың біраз ақындарының шығармашылық кештерін ұйымдастырды. Табиғат жыршысы атанған талантты ақын Қуандық Шолақтың шығармашылық кешін жоғары деңгейде ұйымдастырғанын көз көрді. «Отанды сүймек иманнан» атты республикалық мүшәйраны дәстүрлі түрде өткізуде. Жас ақындардың жыр дуэлін ұйымдастыруда да белсенділік танытты. Былтыр айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының облысымыздағы филиалын ашты.
Жыр алыбы Жамбыл атындағы аймақта ақынның рухына арналып республикалық айтыс өткізу қажеттігін әкімдерге де, министрлікке де айтып жүрді. Асқар Исабекұлы облыс тізгінін ұстаған соң бұл идея жүзеге асты. Ол біраз жылдан бері республикалық айтыстардың қазылар құрамына қосылған. Былтыр мәдениет министрінің қолынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Жамбыл облысының әдеби көптомдығын құрастыру ісінде де Ахаң белсенділігімен көзге түсті. М.Әуезов атындағы әдебиет институтының сирек қолжазбалар қорымен бірлесіп, 5 том әзірледі. Оның ішінде еш жерде жарық көрмеген «Бөлтірік шешен» дастанын, Тұрар Рысқұловқа, әкесі Рысқұлға арналған жырларды әкелді. Бұлар әлі әдеби айналымға қосылмаған дүниелер санатына жатады. Облыс әкімі А.Исабекұлы бастамашы болмағанда әлі қанша жыл архивте жатар еді.
Осыдан 5 жыл бұрын М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың мәжіліс залында «Айтыстың бүгіні мен ертеңі» атты республикалық ғылыми конференция ұйымдастырғаны бар. Оған Асанәлі Әшімов, Жүрсін Ерман, академиктер Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов қатысты. Ахаң бұл іс-шараны өткізу үшін белгілі кәсіпкер Алтынбек Садырбаевты қаржылай қолдау көрсетуге шақырды. Ел өнері туралы өнегелі іске кәсіпкер ағасы да көмегін аямапты.
Жақында Ахаң уақыт жайлы ойлана отырып «Күз» деген өлең жазыпты.
«Тағдырына налығандай кәрі қыз,
Таң атқанша сыңсып шықты сары күз.
Алаяқ жел арын төккен талды аяп,
Күзбен бірге мұңға баттық бәріміз.

Дауыл шайқап өсіп-өнген тұғырды,
Сағы сынып, бұтақ жерге жығылды.
Жан ұшырып желден қашқан жапырақ,
Аяғымның астына кеп тығылды»,
– деп толғаныпты Ахметжан ақын. Иә, облыс руханиятының ілгерілеуіне аянбай еңбек етіп жүрген ақынның бергенінен берері көп деп білеміз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support