- Advertisement -

Қазақстанда 22 діни ағымның таралуына, үгіт-насихатына қатаң тыйым салынған

80

- Advertisement -

Радикализм мен экстремизм мәселесі ең алдымен діни сауаттылықтың төмендігінен туындайды.

Жат діни ағымдардың арбауына түскен жандардың осал тұсы да діни наным-сенімге деген көзқарасында жатыр. Қазақстанда 22 діни ағымның таралуына, үгіт-насихатына қатаң тыйым салынған. Дегенмен, белгілі бір діннің атын жамылып, адамдарды арбап, арам пиғылын іске асырушы ұйымдар жетерлік. «Ал, олардың ықпалына түспеу үшін ең алдымен жастарды сақтандыру қажет», — дейді мамандар.

Жалпы ислам, христиан, будда сынды дәстүрлі діндердің ешқайсысы адамды зорлық-зомбылыққа, қатыгездік пен зұлымдыққа  үгіттемейді. Бірақ адамзатқа ортақ құндылықтарға қайшы келетін уағыз-насихаттарды жүргізуші жат ағымдар бар. Мысалы, Алматы қаласындағы діни кеңес беру және оңалту орталығына мыңға жуық адам көмек сұрап барған. Ішінде радикалды ағымдардың ықпалына түскен жастар жетерлік. Олар исламның дәстүрлі құндылықтарын елемейтін Тәкфәри және Мадхали ағымдарын ұстанған.

Руслан Қайыркелді, дінтанушы:

— Такфәри бағытының қауіптілігі – ел басындағы жүрген ағаларымызды күпірлікке шақырады. ҚР барлық заңдарын тауит деп есептейді. Ешқандай да Құранға қатысы жоқ заңдар, сондықтан оған бағынуға болмайды деген сияқты ұранды ұстанады. Ал енді Мадхали бағытын алатын болсақ, олар айлакерлеу. Себебі патшаға бағынамыз, заңның кейбір жерлеріне бағынбаймыз, кейбір адамдарға бағынамыз, кейбір адамдарға бағынбаймыз, діни өкілге, яғни бас мүфти болсын, мешіт имамы болсын, бағынбаймыз деген сияқты өздеріне ұнайтын пәтуәлар шығарып алған.

Сол пәтуәларды заң санап, өмірлік ұстанымы ететіндердің мақсаты айқын. Ол қоғамдық сананы өзгерту, адамның ішкі мәдениетінің артуына кедергі келтіру, ой-санасын улап, радикалдық пиғылдарын жүзеге асыру. Бұл зайырлы қоғамның дамуы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін аса қауіпті құбылыс.

Еркінбек Шоқай, Алматы орталық мешітінің бас имамы:

— Біз қоғамда көреміз, дәстүрлі емес діни ағымдарға кетіп қалған кейбір біздің қаракөздеріміз, еліміздің азаматтары қажет болса өздерінің ата-анасымен байланысты үзіп жатады. Өзінің туыстарымен байланысты үзіп, қатыспай, араласпай кетіп жатады. Міне, бұл негізгі белгілерінен деп есептеуге болады. Ешқандай дәстүрлі дін, дұрыс бағыттағы дін атап айтқанда, ислам туыстық қарым-қатынасты бұзуға рұқсат бермейді.

Жат діни ағымдардың арбауына түсетін адамдар психикалық күйзелістерге төтеп бере алмайды. «Өмірлік қиындықтар мен тағдыр тауқыметіне ұшырағандардың санасын улау оңай», — дейді мамандар. «Мысалы, саентология ілімін бойына сіңіргендер өмірін өзгенің мүддесі үшін құрбан етуге бар», — дейді дінтанушылар.

Айнұр Кәрібаева, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының оқытушысы:

— Саентологтардың ықпалына түскендер арасында бар жиған-тергенін, басындағы баспанасын діни көсемдерінің атына аударған оиғаларды білеміз. Бірақ олар өздерінің алданып-арбалғандықтарын кеш түсінеді.

Ал, радикалды, дәстүрлі дін негіздеріне қайшы келетін ағымдардың ықпалына түспеу үшін ең алдымен діни сауаттылықты арттыру керек. Ол отбасы тәрбиесінен, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруден басталады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Ерлан Шалбаев

 

24.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support