- Advertisement -

Басты мақсат – деструктивті ағымдармен күрес

106

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы деструктивті діни идеологияның алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріп отыр. 2017 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында, 2018 жылы қабылданған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада деструктивті діни идеологияның таралуының алдын алу бағытында межелі міндеттер қойылған.ДДА мүшелері болып табылатын радикалды діни көзқарасты жақтаушылардың саны жыл санап азайып келеді. Мысалы, 2016 жылы – 1380 болса, 2019 жылдың бүгінгі күніне – 911-ге азайып отыр. 2015 жылдан бері жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, 709 азамат радикалды діни көзқарастарынан бас тартты.

Аталған жұмыстар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесе отырып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті тарапынан ұсынылған оңалту критерийлеріне сәйкес жүргізілуде.
Басқарма деструктивті діни идеологияға қарсы тұру бағытында мешіт имамдарының біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізді. Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресесінде деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында облыстағы 130-ға жуық мешіт имамдарының біліктілігін арттыру курстары өтті. Оны Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген ғылыми дәрежелі оқытушылар құрамы жүргізген болатын. Облыс көлемінде, шет елдік діни оқу орындарында оқитын 21 азамат бар. (Атап айтқанда, Тараз қаласынан – 6, Байзақтан – 5, Шудан – 3, Қордайдан – 3, Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандарынан – 1 азаматтан оқуда.) Олардың 8-і Түркияда, 4-еуі Египетте, 3-еуі Пәкістанда, 2-еуі Қырғыз Республикасында, 3-еуі Сауд Арабиясында, 1-уі Иорданияда. 21 азаматтың 12-і күмәнді (Сауд Арабиясы, Пәкістан, Египет, Қырғыз Республикасы), 9-ы сенімді (Түркия, Египет (Әл-Азһар) діни оқу орындарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жолдамасымен білім алуда.
Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі таңда әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн.
Шетелге білім алуға кеткен жастарымыздың бес немесе одан да көп жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары. Әсіресе шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін. Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін. Ел азаматтары діни оқу орындарын таңдауда отандық діни білім беру мекемелеріне басымдық бергені абзал. Себебі отандық діни оқу орындары дәстүрлі діни таным негіздерімен астасқан білім береді.
Жамбыл облысы – Қырғыз Республикасымен көршілес орналасқан шекаралық аймақ. Бұл мемлекетте «Таблиғи жамағат» тәрізді экстремистік ұйымның қызметіне тыйым салынбауына байланысты, экстремистік идеялардың тарау қаупі сақталуда. Осыған байланысты, облыста шет елдік діни оқу орындарында оқитын және оқуға ниетті азаматтармен жұмысқа ерекше мән беріліп отыр.
Осы орайда, өз облысымызда діни білім беретін оқу орындары бар екенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда облыс аумағында діни білім беретін 1 оқу орны мен 1 оқу орталығы тіркелген. «Һибатулла Тарази» медресесі 2013 жылдан бері дін мамандарын даярлауда. Онда 2018-2019 оқу жылында 54 шәкірт білім алса, оның 15-і оқуын бітірді. 15 түлектің 6-ауы білімін жоғары оқу орындарында жалғастырса, 2-еуі Тараз қаласында дін саласында қызмет етіп жүр. Ал қалған түлектер басқа салаға жұмысқа тұрған.
2015 жылдан бері медресені аяқтаған 45 түлектің (2015 ж. — 16, 2016 ж. — 10, 2017 ж. — 8, 2018 ж. — 11) 14-і облыс аумағындағы мешіттерде қызмет атқаруда. Сонымен қатар бүгінгі күні, Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы «Қордай» Құран оқыту орталығында 60 шәкірт (оның 45-і облысымыздың тумалары) білім алуда.
Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде дінтану және исламтану мамандықтары бойынша облыстың 78 азаматы білім алса, оның 9-ы биылғы жылы оқуын аяқтады. Аталған 9 түлектің 4-еуі оқуын жалғастыруда, 4-еуі Тараз қаласында, 1-еуі Т.Рысқұлов ауданында дін саласына қызмет атқаруда.
2001 жылдан бері «Нұр-Мүбәрак» университетін бітірген 29 түлек облыс аумағында діни қызмет саласында (26-сы мешіттерде, 3-еуі мемлекеттік қызметте) жұмыс істеуде. Жалпы, облыста әртүрлі салаларда теологиялық жоғары білімді 71 азамат қызмет етуде.
Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын діни әдебиеттер ең алдымен ҚР Дін істері комитетінің діни сарапшыларынан өтуі керек. Рұқсат етілген әдебиеттер тізімі Дін істері комитетінің сайтында көрсетілген. Діни әдебиеттерді діни ғимараттардан және олардың аумағынан, сонымен қатар арнайы орындардан алу ұсынылады. Аталған арнайы орындардың тізімімен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің сайты арқылы танысуға болады. Сонымен қатар оқуға рұқсат берілген діни әдебиеттің алғаш парағында «Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өткен» немесе «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен мақұлданған» деген жазу болуы тиіс. Аталған жазу кітапта болмаса, ол діни әдебиетті оқуға, одан білім алуға болмайды.
Кейбір лауазымды тұлғалардың ресми түрде бекітілген діни мерекелер: Құрбан айт, Рождество, Ораза айт сияқты іс-шараларға жұмыс бабында қатысуы орынды болады. Мемлекет басшысы православиеліктерді Рождество мерекесімен, мұсұлмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Бұл – қалыпты жағдай, өйткені біздің Президентіміз барша халықтың атынан сөйлейді. Біздің үлкен құндылығымыз түрлі конфессиялар бір-бірінің діни нанымдарын құрметтейді. Конституцияға сәйкес Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп жариялайды. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметшілер барлық конфессияларға бірдей дәрежеде қарауы тиіс, конфессиялардың бірін біреуінен артық көруіне болмайды, яғни жұмысқа бұның әсерін тигізбеуі қажет. Мемлекеттік қызметшінің ар-намыс кодексінде мемлекеттік қызметші өзінің қандай да бір дінді ұстанатынын жариялап, ашық көрсетпеуі тиіс делінген. Мемлекеттік қызметші белгілі бір дінді ұстануы мүмкін, бірақ көпшіліктің алдында өзінің діни тиесілігін әдейі көрсетпеуі тиіс.
Мемлекеттік қызметші саналмайтындарға осындай әдеп шектеуліктері қойылмайды. Әркім өз таңдауын жасауға құқылы.
Облысымызда мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдар саны – 347. Оның ішінде, 301 мешіт пен 46 шіркеу бар. Облыстағы 301 мешітте 403 діни қызметкер еңбек етеді (73 бас имам, 39 наиб имам, 227 молда, 29 азаншы, 35 ұстаз).
Аталған діни қызметкерлердің 58-і жоғары білімді, 55-і орта білімді, қалған 289-ы қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген. Облыс бойынша жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 35 мыңнан астам болса, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңға жуық адамды құрайды. 301 мешіттің барлығына бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Кейбір жастардың жат ағымның алдына түсе кетуінің бір себебі – олардың діни сауатының төмендігі екеніндігі анық. Осыдан жиырма жыл бұрын халықтың діни сауаты төмен деп ешкім әңгіме айтпаған еді, осынша көп діни ақпарат да болмады. Ол кезде дінге деген қазіргідей құлшылық айтарлықтай қарқын алмады. Сондықтан діни сауатың болу, болмауы аса маңызды рөл атқарған жоқ. Ал қазір теріс ықпалын тигізетін ақпараттар ағыны күн сайын үдеп бара жатыр. Соның ақ-қарасын ажырата білу керек. Сол себепті, халықтың діни сауатын көтеру мәселесіне де көп мән берілуде. Басқарма жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аударған. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары орта, техникалық, кәсіби және жоғары білім беру ұйымдарында тұрақты түрде өткізілуде. Мысалы, жыл басынан бері облыс көлемінде жастар мен жасөспімідерге білікті дінтанушының қатысуымен 450-ге жуық іс-шара өткізіліп, 20 мыңнан астам адам қамтылды.
Интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылдың есепті мерзімі ішінде, 1500-ге жуық күдікті сілтеме анықталып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дін істері комитетіне арнайы дінтану сараптамасына жолданылды. Бұдан бөлек, облыста 40-қа жуық дінтанушылар мен теологтар және мешіт имамдары блогерлік жұмыстарға тартылып, қарсы насихат жұмыстары жүргізілуде.
Есепті мерзім ішінде интернет кеңістігінде 2500-ден астам қарсы насихаттық ақпарат жарияланып, көпшіліктің оң бағасын алуда. Аталған ақпараттар аптасына 7-9 мың аралығында көрсетілім (просмотр) жинайды. Сонымен қатар, облыста дін саласы бойынша «діни Жамбыл», «асыл дін», «е-ислам» сайттары және дін істері басқармасы тарапынан инстаграм, фэйсбук және вконтакте әлеуметтік желілерінде арнайы ашылған парақшалар мен топтардың қызметтері үйлестірілуде. Аталған сайттарда биылғы жылы 360-тан астам мақала, 1900-ге жуық жаңалық орналастырылған және бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Жангелді ОМАРОВ,
облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support