Президент тің Алғыс хатын алған ұстаздар

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова облыстың 5 мұғаліміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын табыс етті. Мемлекет басшысының марапатына ие болғандар: Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Абдрахманова, Байзақ ауданы Балалар көркемсурет мектебінің маманы Марат Абдюков, Жуалы ауданы №29 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айжамал Шалхарбаева, Сарысу ауданы Б.Адамбаев атындағы орта мектебінің филологі Құралай Кәрібекова және Тараз қаласындағы №1 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Сәуле Өмірзақова.
Облыстық әкімдікте өткен жиында педагогтердің еңбегіне табыс тілеген Сұлушаш Сәтбекқызы: «Бұл – күні кеше өткен Мұғалімдер күніне орай беріліп отырған марапат. Біздің өңірде 25 мың педагог болса, оның 80-90 пайызы – нағыз мамандар. Жұмыстарын лайықты атқарып жүрген жандар», – деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатында: «Сізді кәсіби мерекеңіз – Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Ұрпақ санасына білім сәулесін құйып, мемлекет болашағы саналатын жастардың білікті маман болып қалыптасуына қосып жатқан елеулі еңбегіңізге зор алғыс білдіремін. Деніңізге саулық, кәсібіңізге береке мен сәттілік тілеймін. Шәкірттеріңіз Сізді өз жеңіс-жетістіктерімен қуанта берсін» деп жазылған.
Мерейі үстем болған мұғалімдер өз кәсібіне адал, көп жылдар осы салада қызмет етіп келе жатқан педагогтер. Солардың бірі – Байзақ ауданы Балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі Марат Абдюков десек, артық айтқандық емес. Өйткені ол табаны күректей 32 жыл бойы өзі ашқан осы шаңырақта еңбек етіп келеді.
– 1987 жылы ашылған мектебімізге алғаш 70 бала жазылған еді. Қазір 8 сынып, 15 педагог бар. Сонау 1997 жылы облыста осындай 10 мектеп жабылып қалды. Ал біз жалақы алмай-ақ жүрсек те екі мұғалім жұмысымызды жалғастыра бердік. Соның арқасында осы күнге жеттік, – дейді ұстаз.
Бүгінде көркемсурет мектебінің 230 шәкірті бар. Бірқатар түлектері Ресей, Иран, Финляндия, Беларусь, Польша сияқты шетелдерді де мойындатып үлгерген.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

https://4store.com.ua/