- Advertisement -

Грант тар –үздік жоба иелеріне

66

- Advertisement -

Альмира ОМАРОВА

Елімізде тұңғыш рет республикалық «Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар Синергиясы» форумы жас IT мамандарды қолдау жобасы бастау алды. Бұл Қазақстан жастарының конгресі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлескен бастамасы. Ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері, сондай-ақ стартап-жобалар, бағдарламалау, веб-дизайн, киберқауіпсіздік, smart-технологиялар және сайт, мобильдік қосымшалар құрастыруға қызығушылық танытатын басқа да жастарға осы саланың қыр-сырына үйрету мақсатында қолға алынған. Қазақстандық жас IT мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, аталмыш салаға қызығатын кейінгі буынға қолдау көрсетуді көздейтін іс-шарадан кейін ең үздік жобаларды жүзеге асыруға грант бөлінеді.
М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен «IT жобалардың аймақтық аллеясы» тақырыбындағы облыс жастарын іріктеу іс-шарасында оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков осыны айтты.
– Үш айға созылатын жоба 14 облыс пен 3 мегаполисті толық қамтиды. Аймақтық IT жобалар аллеясы нәтижесінде үздік 80 жоба таңдалып, 5 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар Синергиясы» форумына ұсынылмақ. Осылайша, жоба авторлары республикалық деңгейде бақ сынайды. Қорытындысында жеңімпаздарға өз жобасын жүзеге асыруға гранттар беріледі. I орын иелеріне − 1 000 000, II және ІІІ орынды еншілегендерге тиісінше 700 000 және 500 000 теңге тапсырылады. Бес кезеңнен тұратын жобаға 16-29 жас аралығындағы Қазақстан азаматы ғана қатысады, – деді Қазақстан жастар конгресінің жоба менеджері Мәулен Молдабеков.
Жастар жылы аясында қолға алынған жоба аймақтық, елордадағы іріктеу кезеңі және республикалық деңгейлерден тұрады. Қазіргі аймақтық деңгей Павлодар, Қостанай, Алматы, Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында өтті. Жамбылдағы іріктеуде 14 қатысушының ұсынған 9 жобасының таныстырылымы өтіп, қорғалды. Негізінен этнотуризм, чат-бот, шоу және той бизнестеріне арналған жобалардың ішінде таңдау бесеуіне түсті. Олар: М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенті Мурат Нунузов, Үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің информатика мұғалімі Толғанай Сердалиева, Байзақ ауданы Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Абдисалам Кубейсинов, Т.Рысқұлов ауданы, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Нұрдәулет Әдірбеков пен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Нұрсұлтан Тоқтағанов.
Алайда, қазылар алқасы іріктелген жобалардың келесі деңгейден де сүрінбей шығуы үшін жобаларды әлі де жетілдіріп, толықтыра түсу керектігін ескертті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support