- Advertisement -

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам»

105

- Advertisement -

Егер шетелдің әйелдері қазақ аруларының үйде, түзде атқаратын жұмыстарын көрсе, Алла біледі, әлемде ең ұлы атақ-даңқтың бірін ойланбай тарту етер ме еді, деген ой келеді кейде. Отбасының бар жағдайын жасап, ата-ене, жұбайының көңілін тауып, бала-шағасының қамын күйттеп, жұмысына да үлгеріп, онымен қоса кәсіп ашып жатқан нәзік жандыға қайдан қайран қалмассың! Өзге ұлт өкілдерінің баланы да бірінен соң бірін тауып, ата-ене бағып, кәсіптерін де қатар дөңгелетіп жүргендерін көргеніңіз бар ма? Ал қазақта мұндай қайсар қыздар қазір көп.Соның бірі – жуалылық Мөлдір Байсақалова. Қазақтың қара көзі тағы анша-мұнша емес, қой бағуды кәсіп етіп отыр. Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 10 миллион теңге несие алып, Күреңбел ауылдық округіндегі Қызыл там учаскесінде орналасқан «Диас» шаруа қожалығын ашқан Мөлдірдің қорасында қазір 260 қой, 9 қазақы қошқар бар. Кәсіпкер келіншекті қой шаруашылығымен айналысуға не итермелегенін білмек болып, сөзге тарттық.

– «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Мен кәсіп бастамас бұрын әбден ойланып, отбасыммен, туған-туыстарыммен ақылдаса келе, ең тиімді, ыңғайлысы қой шаруашылығы деп шештім. Мемлекеттен тиімді бағдарламалар арқылы қолдау болып тұрғанда, осы істі неге қолға алмасқа? Әрине, мал бағу оңай шаруа емес. Әйткенмен қазір бейнетін көргенімізбен, күні ертең зейнетін көреміз деп ойлаймын.
Әуелі Жуалы ауданы орталығында «Бастау» жобасы бойынша бизнес тренер Жазира Тоқабаеваның тобында дәріс алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Бұл жоба кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жандарға өте керек деп есептеймін. Жазира Мәметқазықызы кәсіпке ғана баулып қоймай, бизнес-жоспар жасауға да көмектесіп, оны қорғап, несиеге қол жеткізгенше жан-жақты көмектесті. Сондай-ақ бар құжатымды қабылдап, жөн сілтеген несие менеджері Рустам Нұрпейісовтің де көп көмегі тиді. Осы екі іскер маманның арқасында небәрі екі апта ішінде 6 пайыз өсімдік несием рәсімделіп, шілде айында қаражатым қолыма тиді.
Әзірге «Меркі ет зауыты» мен «Оңтүстік халал өнімдері» ЖШС-ларына саулықтарымыздың төлдерін өткізу үшін алдын ала келісімшарт жасап қойдық, – дейді Мөлдір Асылбекқызы.
Екі баланың анасы атанған Мөлдірдің жұмысы да ерекше. Зайыбы Дамир екеуі де құрылысшы. «Әзірге жұбайым екеуіміз де шаруашылық басындамыз. Тағы бір жұмысшы алып, айлық жалақысын уақтылы төлеп тұрмыз. Осы кәсібімізді жүргізіп алсақ, басқа жобаларды қолға алу да ойымызда бар. Үкімет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдауға дән ризамыз. Өзгелерді де тәуекел етіп, қорықпай тірлік жасауға, ойларындағы бизнесін бастап көруге шақырамын», – дейді жас фермер.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support