- Advertisement -

Болашақ ғалым балнұр

97

- Advertisement -

Мектеп – келешек ел басқаратын, мемлекеті мен халқының мерейін өсіріп, мәртебесін биіктететін жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті шаңырақ. Ал сол білім ошағының негізгі тірегі ол – әрине, ұстаз. Заман талабына сай әр оқушының қабілетін байқап әрі қарай шыңдау, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығару – дәл осы мәртебелі мұғалімдердің ерен еңбегінің жемісі. Мұндай білім мекемелері біздің өңірімізде де аз емес. Мәселен, шалғайдағы Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі «Keleshekke – kemel bilimmen» атты облыстық тамыз кеңесінде «Үздік қала мектебі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Дәл осы мектепте өңіріміздегі ең жас зерттеушілер оқитынын да айта кету керек. Бұлай деуімізге өзіндік себебіміз де жоқ емес. Биыл осы білім ошағының түлегі Балнұр Жаңқабайдың Оңтүстік Корея мемлекетінің Тэджон қаласында өткен халықаралық ғылыми байқаудан жүлделі оралуы – соның бір дәлелі.
Кореяда жыл сайын ұйымдастырылатын «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына алғаш рет қатысқан Балнұрға табыс әкелген зерттеу еңбегі – «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» атты ғылыми жобасы. Ол осының алдында ғана «Ұлы Дала дарыны» атты республикалық ғылыми жоба байқауында «Үздік ғылыми жоба» номинациясын иеленген болатын. Осы жетістіктерінің арқасында ол Оңтүстік Кореядағы кез келген медициналық академияға 50 пайыздық жеңілдікпен грант иесі атануға мүмкіндік алды.
Бір Балнұр ғана емес, осы мектептің 3-кластың оқушысы Нұрмұхаммад Атымтай Малайзия мемлекетінің астанасы Куала-Лумпур қаласындағы «Genting lnternational Convention Centre» базасында UCMAS Академиясының ұйымдастыруымен өткен ментальды арифметика жарысында екінші орынға ие болған. Әлемнің 45 елінен келген 3000-нан аса оқушының арасынан үздік шыққан Нұрмұхаммад небәрі 8 жаста екен. Жібек жолы мектеп-лицейіндегі жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жас ғалымдардың қатарында Диана Мухамедова да бар. Ол алғаш рет 2014 жылы, яғни 5 класта оқып жүргенде-ақ республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауына қатысып, бірінші орынды иеленген екен. Содан бергі бес жыл ішінде дарынды оқушы «Ақбота» интеллектуалды марафонына қатысып, тек үздік үштіктен көрініп келген. Ал өткен жылы республикалық «Ұлы Дала дарыны – 2018» байқауында оның ұсынған жобасы бас жүлдеге лайық деп танылды. Ол еліміздегі «Skills academy» мекемесінің «Қазақстан үміті» төсбелгісімен және Мәскеу қаласында «Дарынды бала» төсбелгісімен марапатталған.
Шулық жас ғалым биыл да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Дәлірек айтсақ, Кіші ғылым академиясының 45-ші ғылыми-практикалық конференциясына «Қазақ фольклоры және оның тәрбиелік мәні» атты ғылыми жобасымен қатысып, қазылар алқасының алдында оны сәтті қорғап шықты. Нәтижесі – жеңімпаз атануы. Сонымен бірге, осы жылы Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Research start 2018-2019» оқушылардың зерттеу жұмыстары конкурсына «Шу қаласының экологиясын жақсарту» атты ғылыми жобасын ұсынып, екінші орынды еншіледі. Бұның бәрі 17 жастағы оқушы үшін үлкен жетістік екені даусыз.
Бұл білім ордасында ғылыми байқауларда жетістікке жетіп жүрген жас ғалымдар көп. Мұның барлығы оқушылардың қабілетін шыңдап, оларды ғылым жолында ізденуге талпындырып, талмай-қажымай еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың еңбегі өлшеусіз екенін айта кеткен жөн.
Бүгінгі техника мен технология дамыған заманда білім мен ғылым бәсекелестігі күн өткен сайын артып келеді. Қазір кез келген жас жанына жақын тақырыпты таңдап алып, оны терең зерттеу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ ғаламтордағы, кітапхана мен мұрағат қорларындағы ақпараттармен қатар, білікті мамандармен тікелей сұхбат жасап, зертханаларда зерттеу жүргізуге де жол ашық.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support