- Advertisement -

Баспасөз – халық рухын оятудың басты құралы

57

- Advertisement -

Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,«Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.

Газет – халықтың көзі, тілі және құлағы деп келдік. Бұл сөз әлі де маңызын жойған жоқ деп ойлаймын. Оған газет ақпарат көзі ғана емес, жалпы халық рухын оятудың, ұлттық идеяны насихаттаудың да басты құралы дегенді қосар едім. Бүгінгі күні бұрынғыдай емес, газет-журнал таралымының төмендегені жалпы бүкіләлемдік үдеріс екені белгілі. Мұның түп-тамырын ғаламтордың даму қарқындылығынан іздеу керек шығар. Әлеуметтік желілер арқылы таралатын ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Осы ретте ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің тиімділік деңгейін бағалау ісі қолға алынғаны жөн сияқты.

Меніңше, әлеуметтік желілерге тіркелушілер қанша жерден көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпарат көзі болып қала береді. Әсіресе аға буын өкілдерінің мерзімдік басылымдарды көп оқитынын байқаймыз. Осы үрдістің жастарымызға да жұғысты болуын қалаймын. Өйткені олар оны оқу арқылы қоғамдық өміріміздің жалпы ахуалына қанық болып, бір жағынан білімдері мен мәдениетін жетілдіріп, таным көкжиегін де кеңейту мүмкіндігіне ие бола алады.
Мәдениет демекші, жапондықтар газет-журналдарды жеке басындағы һәм қоғамдағы мәселені шешуге серпін беретін күш деп санайды екен. Біздің де жалпы баспасөзге деген көзқарасымызды түзетуіміз керек-ақ. Бағзы кездері аталарымыз бен әкелеріміздің газет кешіксе, бір нәрсе жетпейтіндей күй кешетіні есімізде. Мерзімдік басылымдар уақытпен санаспай түзде, дала қосында моншақтата тер төгумен жүретін дихан, механизаторлар мен алыс мал жайылымы телімдеріндегі малшыларға да уақтылы жеткізіліп тұрды. Бұл үрдіс қайта жаңғыртылуға тиіс. Пошта тасымалында ретсіздіктер орын алса, оны түземей болмайды. Өйткені газет шығару ісін ұйымдастыру, сөз жоқ, қоғамымызды да алға бастырады. Осыған орай кезінде Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген сөзді жайдан-жай айтпаған болар.
Өз басым әрбір күнімді ең алдымен облыстық, республикалық басылымдарды, оның ішінде «Егемен Қазақстан» мен «Aq jol» газеттерін оқып, танысудан бастаймын. Еліміздегі, одан қалды өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық салалардағы ілгерілеулер кім-кімді де жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіреді, бойындағы қуатын үстейді, ойын қанаттандырады деген сенімдемін. Жалпы, елімізде тәуелсіздігімізді алғалы бергі 30 жылға жуық уақыт ішінде кейбір мемлекеттер жүз жылда әрең қол жеткізген жетістіктер орын алды. Біздің өңірімізде де қаншама іргелі істер, оның ішінде біздің компаниямызда үлкен жобалар жүзеге асырылуда! Міне, осының бәрін газеттерден оқып, танысқанда, жүрегіңді мақтаныш сезімі кернеп, бір марқайып қаласың. Газет оқудың бір пайдасы – осынысында. Ал газет мыңдардың мінбері ғой. Өзі бір күндік қана болғанмен, сөзі – мың күндік.
Меніңше, мерзімдік басылымдар өңірдің үлкен, кішісінің айнымас серігі, рухани демеушісі болды, болып қала да береді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support