- Advertisement -

Балуандардың бағына туған бапкер

269

- Advertisement -

Аты аңызға айналған жаттықтырушы Шоқан Нәдірбекұлы жайлы білеміз бе?

Облыс орталығындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбековті еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтіп жатыр. Шоқан Нәдірбеков кім? Оның Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровты және басқа да көптеген чемпиондарды бала кезінен баулыған білікті бапкер екенін жұрт біле ме? Біз осы сауалдарға орай оқырмандар назарына Шоқан туралы жан-жақты мағлұмат беруді жөн көрдік.
Редакциядан.

Өзі де чемпион болған

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…» – дегендей, өзінен бұрын өзгенің абыройын ойлап, басқаның мерейі үстем болса екен деп тұратын жаны ізгі, көңілі шуақты жандар болады. Мынау жалған дүние сондай ақ ниетті адамдармен нұрлы, мағыналы. Осындай жүрегі ел деп соққан асыл азаматтың бірі – марқұм, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқан Нәдірбеков болатын. Ол жайлы, оның бапкерлік мансабы туралы аңыздай болып айтылып жүрген әңгіме көп. Тіпті, шәкірттерінің талайын өзінің үйіне жылдар бойы жатқызып, спортқа баулыған екен. Ондай жанкештілікке бармаса, жұмыстың нәтиже бермейтіні рас.
Шоқан Нәдірбекұлы 1952 жылы 1 қаңтарда Тараз қаласында өмірге келген. Атасы Ағыбай деген кісі ертеректе Иран, Үндістан, Ирак елдерімен сауда-саттық байланыс орнатып, бір әулетке тірек болған бақуатты адам екен. Елімізге танымал балуан, қазақ күресінен бірнеше дүркін ел және Азия чемпионы Алтынбек Үсіпбаевтың Шоқанмен аталас кісі болуы да бекер емес. Шоқан оқушы күнінен спортқа бейім болып өседі. Бір қызығы, ол әуелі бокс секциясына барған. Бір жолы Ғани Бектұрғанов деген нағашысы Шоқанның дайындығын көріп: «Сен бокстан гөрі күреске барсаңшы. Күреске икемің келіп тұр», – деп кеңес берген екен. Содан Шоқан боксты тастап, күрес залына барады. Сол уақыттан бастап, жақсы дайындығының арқасында жолы ашылады. Еркін күрестен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы атанып, республикада жүлдегерлер қатарына ілініп үлгереді. Отан алдындағы борышын өтеуге барғанда да спортты тастамайды. Әскерилер арасында еркін күрестен КСРО чемпионы атанады. Көп ұзамай КСРО спорт шебері атағына ие болады. Әскерден келген соң, Жамбыл педагогикалық институтына (қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті) математика мамандығы бойынша сырттай бөлімге құжат тапсырып, студент болады. Ол математик болу үшін емес, сол кезде аталған институтта дене шынықтыру мамандығы жоқ болғандықтан, жоғары білім алғысы келген. Ал өзі 1973 жылдан бастап Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып еңбек жолын бастайды.

ШОҚАННЫҢ «ШЕКПЕНІНЕН» ШЫҚҚАН шеберлер

21 жастағы жас жаттықтырушы Шоқан Нәдірбекұлының бапкерлікте жолы болып, айы оңынан туды. Әрине, ең алдымен өзінің ізденімпаздығы мен шәкірттеріне тыным бермей жаттықтыратын еңбеккештігінен ғой. Әуелі Жамбыл ауданында жүргенде Кеңесбек Ғалиакпаров пен Жәлел Семізтаевты тәрбиелеп шығарды. Бұл екі шәкірті де ересектер арасында КСРО чемпионы болып, КСРО спорт шебері атанды. Бұл балуандар жайлы да ел арасында сан түрлі аңыз әңгімелер тарап кеткен.
Кейіннен Шоқан бапкер Тараз қаласына ауысып, талантты шәкірттерді облыс аумағынан іздеп, жаттықтыра бастады. Ол кезде Ақан Бекназаров, Бахром Нұралиев, Аңсар Сүлеев, Марат Әшірбаев, Жақсылық Сапаралиев, Бақытжан Бейсеев, Ғани Назымбеков, Орынбасар Сұлтанбеков, Қайрат Қожамжаров сынды мықтылар шәкірттерінің арасынан үздік шығып, нәтиже көрсеткен. Осы жігіттердің барлығы да КСРО спорт шебері дәрежесіне қол жеткізген. Нұрзат Біләл да осы жылдары Шоқанға шәкірт атанып, еліміздің чемпионаттарында көзге түскен.
Шоқанның шәкірттері арасында шоқтығы биіктері – Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, «Жүз жаңа есім» республикалық байқауының жеңімпазы Ақжүрек Таңатаров. Бұл жігіттер Тәуелсіз Қазақстанның мақтаныштары.
Шоқанның «шекпенінен» шыққандар ішінде студенттер арасында әлем чемпионы Нүриддин Жұмашев, Азияның қола жүлдегері Мейіржан Әшіров, еліміздің 7 дүркін чемпионы Әділет Сарыбаев та бар. Спорт шебері Төрехан Бекназаров, спорт шеберлігінен үміткер Ерназар Қонысбаев, мүмкіндігі шектеулілер арасында әлем чемпионы Ғабит Есжанов та біздің бас кейіпкеріміздің тәлімін алған.
Бір жолы ересектер арасындағы Қазақстанның біріншілігінде жамбылдық төрт балуан, яғни Шоқан Нәдірбековтің төрт шәкірті қатарынан чемпион атанады. Олар – Ғани Назымбеков, Еркебұлан Алданов, Әділет Сарыбаев және Ерназар Қонысбаев. Осылайша, ол рекорд жасаған еді. Ересектер арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған Серік Елеусізов те Шөкеңнің шәкірті. Жалпы, Шоқан Нәдірбеков 200-ден астам спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлерді даярлап шығарған білікті бапкер. Елімізде шәкірттерін дәл мұндай көрсеткішке жеткізген бапкерлер жоқтың қасы. Оның ең биігінде Шоқан Нәдірбекұлы тұрады.
Аңыз бапкер есімі жұрт жадынан өшпесін десек…

Біз Шоқан Нәдірбекұлының қара шаңырағына барып, жұбайы Гүлсара Шалбаевамен де әңгімелескен едік. Ол кісі де аты аңызға айналған жан-серігі жайлы көзіне жас алып әңгімеледі.
«Қазір мемлекет жаңа спорт кешендерін салып жатыр. Жақсы күрес кілемі бар. Жарысқа қаржы жеткілікті бөлінеді. Ол кезде жақсы жаттығу залы да жоқ. Ислам Байрамуков бастаған оғландарды тастың үстіне күрестіріп жүретін. Солай дайындайтын. Ол шақта сапалы күрес кілемі болған жоқ. Сонда да шәкірттері жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Көп жарыстарға Шоқан шәкірттерін өз қалтасынан ақша төлеп апаратын. Шағын кәсібіміз болды. Содан түскен табыстың бірқатар бөлігін күреске бөліп отырдық. Шоқанның өмірі күреспен өтті. Күрес залынсыз, шәкірттерінсіз ол өзін елестете алмайтын.
1973 жылы отау құрдық. Бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір қыздар тұрмыста, ұлым Әлішер отбасылы, қолымда. 17 немере, 3 шөберем бар. Дидар, Мұхан деген жиен немерелерім таэквондо спортынан қара белбеу иегері. Келешекте балуандар Шоқан ұрпағынан да шығуы керек деп ойлаймын.
Шоқанның рухына арнап жарыс өткізіп жатқан шәкірттеріне алғысым зор. Менен енді бір тілек бар. Шоқан Нәдірбековтің есімін есте қалдыру үшін Тараз қаласындағы бір көшеге немесе еңселі спорт мекемесіне есімі берілсе деймін.Тиісті тараптардан осыны өтінемін. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай», – дейді жары Гүлсара Шалбаева.

Есет ДОСАЛЫ

ТҮЙІН:

Шынында, еркін күреске ебі бар балаларды тәрбиелеп, абырой биігінен көрінген Шоқан Нәдірбекұлына Тараз қаласынан бір көшенің немесе спорт мектебінің атын берсе, өте дұрыс шешім болар еді. Себебі әлемдік додада топ жарған саңлақтарды тәрбиелеп шығарған аңыз адам ондай құрметке лайық. Бір өңірден 200-ден астам спорт шеберлерін және спорт шеберлігіне үміткерлерді тәрбиелеп шығару нағыз талантты, батыр бапкердің ғана қолынан келсе керек. Сондықтан өңір спортын дамытуда Шоқан Нәдірбековтің өлшеусіз еңбегі бар деп айта аламыз. Даңқты бапкердің есімі ел жадында жаңғыра берсін.

Шәкірттер сөзі

Ислам Байрамуков, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:

«Ақ тер, көк терімізді шығаратын»

– Мен Шоқан Нәдірбековтің шәкірттерінің бірімін. Ол кісінің мектебінен өттім, тағылымын үйрендім. Талай айтулы жарыстарға бірге барып, ағайдың ақыл кеңесімен чемпион атанып жүрдім. Ол кісі өзі тыным таппайтын, бізге де тыным таптырмайтын. Қашан өзіміздің бабымызға келгенше ақ тер, көк терімізді шығарып дайындайтын. Сидней Олимпиадасынан күміс жүлдегер болып оралғанымда, Шоқан ағай ерекше қуанып, менің құрметіме бірнеше кісіге дастархан жайып, ағынан жарылып әңгіме айтқаны естен кетпейді. Ағайдың жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!

Ақжүрек Таңатаров, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:

«Бапкердің үйінде жылдап жатып дайындалдық»

– Он жасымнан Шоқан ағайдың секциясына қатысып, шәкірті болдым. Жасөспірімдер арасындағы талай ірі жарыстарды ағаймен бірге барып, ұтып қайтатынмын. Шоқан ағайдың үйінде жылдап жатып дайындалдық. Ағай да, Гүлсара жеңгей де ондайға еш қабақ шытпайтын. Қайта қолдап, көмегін көрсететін. Мен спорттық жолымда Шоқан Нәдірбекұлы секілді жақсы ұстазға тап болғанымды мақтан етемін. Шоқан ағайдың үйреткен әдістерімен, сол кісінің еңбегімен нәтижеге жеттім. 2008 жылы ол кісі өмірден озды. 2012 жылы Олимпиада жүлдегері атандым. Ол жеңісім де Шоқан ағай қалап кеткен шеберліктің арқасында деп есептеймін. Бірақ, сол Олимпиададан жүлде алған сәтімді Шоқан ағайдың көре алмай кеткені – өкініш. Ол кісінің бізге үйреткені өте көп. Біз үшін өзінің жеке мәселелерін ұмытып кететін. Сондықтан ұстазыма құрметім жоғары.
Таразда Шоқан Нәдірбекұлына арналған жасөспірімдер арасында еркін күрестен республикалық турнир өтіп жатыр. Бұл да ұстазымызға деген құрметіміз. Бұл турнирдің жеңімпаздары жасөспірімдер арасында Азия чемпионатына барады. Бұйыртса, турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді ойластырып отырмыз. Мұнан бөлек Тараздағы немесе Жамбыл ауданындағы бір спорт нысанына Шоқан Нәдірбековтің есімін берсе деген шәкірттердің атынан тілегім бар. Шоқан ағайдың есімі есте қалуы тиіс.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support