- Advertisement -

Тұрғындар қанатқақты жобаға қызығушылық танытуда

78

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Т.Рысқұлов ауданынындағы жұмыс сапары Құмарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды. Жиында округ әкімі Қанат Смат тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы аясында ауылда атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Құрамына үш елді мекен кіретін округте барлығы 630 аула болса, 502 аула тұрғыны жоба аясында тұрмысын тіктемек.Аймақ басшысы ауқымды жобаның маңыздылығын айтып өтіп, оған мүмкіндігінше барлық ауланы тарту қажеттілігін жеткізді. Өз кезегінде тұрғындар да көкейдегі көп сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды.

Округтегі жобаға қатысуға ынталы 502 ауланың 458-і үй маңындағы жерді тиімді пайдалану, 142-і мал шаруашылығымен айналысу бағытында кәсіптерін дамытуға ниетті.
Ал үшінші бағыт бойынша мал бордақылауға қажет мал азығын даярлау үшін ауылдықтарға 800 гектар егістік алқап қажет болса, жайылымдық жер жеткілікті. Қазіргі таңда ауылда «Құмарық-Тау» АШК құрылып, оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
Кездесуден соң Асқар Исабекұлы Құлан ауылындағы орталықтандырылған ауызсу ғимаратының мәселесімен танысты. Осыдан он алты жыл бұрын жер сілкінісі кезінде нысанның біраз бөлігі бүлініп, бірқатар құрылғылар істен шыққан болатын. Соның салдарынан ауызсу таратуда айтарлықтай мәселелер туындауда екен. Мәселеге көз жеткізген облыс әкімі нысанды жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырып, дегенмен бюджет қаражатын үнемді жұмсау мақсатында қажетті қаражатты оңтайландыруды міндеттеді.
Бүгінде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын көтерудің жобасы аясында құмарықтықтар қосалқы шаруашылықтарын дамыту шараларын қолға алып үлгерген. Баянды бастаманың игілігін көруге асық тұрғындар тиісті жұмыстарды бүгіннен бастап кеткен. Солардың бірі – Алғабас ауылының тұрғыны Гүлбағира Айжанова.
Зейнеткер қазіргі таңда үй іргесіндегі жерін тиімді игеру үшін сарымсақ егуге қызу кіріскен. Оның 50 сотық шарбағындағы егіншілік жұмыстарына ауылдастары асарлатып, көмектесуде.
Біріккен жерде – береке бар екенін жете түсінетін ауылдықтар сұранысқа ие сарымсақты егуге білек түре бет бұрған. Осындай іспен айналысып отырған дәл қазір он бестен аса аула бар. Олардың бәрі күзде егілген сарымсақтарын жаз басында қазып алып, екінші айналымда басқа көкөніс егіп, мол өнім алуға ниетті.
* * *

Асқар Мырзахметов Меркі ауданына жұмыс сапарымен келіп, тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасына енген Сұрат ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Жиында негізінен ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықты дамыту шаралары қаралды.
Бұл округтегі жалпы 462 аулада барлығы 2830 халық тіршілік етуде. Сұраттағы 353 ауланың тұрғындары жобаның бірінші бағыты бойынша қатысуға ниетті. Сол секілді мал басын арттырып, шаруасын шалқытуға 234 аула бейіл. Бастаманың басқа да бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілмек. Тиімді несиемен нәсібін арттыруға ынталы тұрғындар талмай тер төгуге дайын.
Асқар Исабекұлы жобаның бағыттарына жекелей тоқталып, ауылдықтардың жағдайын жақсарту – басты мақсат екенін жеткізді.
Айта кетейік, жобаның бірінші бағытына сәйкес жұмыс жасауға ынталы округтегі 353 ауланың жалпы жер көлемі 70,6 гектарды құрайды. Сұраттықтар негізінен қызанақ, картоп, қияр, қырыққабат егіп, өнім алуға дайын. Сондай-ақ, жылыжай соғуға 12 аула өтінім беруде.
Ал екінші бағыт – мал шаруашылығы бойынша 234 аула иелерінен 9930 бас мал алуға сұраныс түскен. Бүгінде жұмыстың алғышарттарының бірі ретінде округ бойынша «Даму Сұрат» ауыл шаруашылық кооперативі құрылған. Құрылым арқылы тұқым, техника, өнім өткеру секілді көптеген мәселелерді шешу жоспарлануда. Жобаның бесінші бағыты бойынша да өзінің кәсібін ашып, ісін ілгерілетем деушілер баршылық.
Сондай-ақ облыс басшысы «Сыпатай батыр» ЖШС-ның егістік алқабына барып, жиын-терін жұмыстарымен танысты. «Сыпатай батыр» ЖШС – аудандағы іргелі шаруашылық. Егіншілікпен айналысатын серіктестік күздік бидай, жаздық арпа, жоңышқамен қатар қант қызылшасын өсіріп, мол өнімге кенелуде. Ағымдағы жылы 185 гектарға техникалық дақыл отырғызған шаруа қожалық гектарынан 600-700 центнерден өнім жинауды көздеуде. Аймақ басшысы серіктестіктің қант қызылшасын өткеру мәселесіне айрықша назар аударды.
Жалпы, егіншілікпен айналысатын серіктестік қызылшадан бөлек күздік бидай, жаздық арпа, жоңышқа алқаптарын да жайқалтып, 60 адамды жұмыспен қамтыған шаруашылық иесі олардың әрқайсысына орташа есеппен 90-100 мың теңге жалақы төлеп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Т.Рысқұлов және
Меркі аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support