- Advertisement -

Облыста тағы бір оңалту орталығы ашылады

53

- Advertisement -

Өңірімізге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Қамқорлық» қоры бастамасы жобалық кеңсесінің жұмыс тобы келді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бастама өкілдері бұл сапарда облыстық балалар ауруханасынан ашылатын оңалту орталығын, Тараз қаласының №9 және №35 орта мектептері жанынан құрылатын инклюзияны қолдау сыныптарының дайындық барысын тексеріп, пысықтады.
– Бүгінде елімізде 86 мыңға жуық мүгедек және 156 мың ерекше білімді қажет ететін балалар бар. Көпшілігі тұрақты оңалтуға мұқтаж. Өйткені оларда жүйке жүйесі, тірек-қимыл аппаратының бұзылуы сияқты күрделі аурулар кездеседі. Сондықтан ондай балаларды қолдау жүйелерін жаңғыртып, екі жыл ішінде ең көп қажеттілік байқалатын 8 облыстың аурухана, емхана және басқа да қолданыстағы инфрақұрылым базаларында оңалту орталықтарын құрған абзал. Нақтылай түссек, Нұр-Сұлтан, Түркістан, Өскемен, Қостанай, Орал, Атырау, Талдықорған және Тараз қалаларынан ашылмақ. Айта кету керек, Түркістан мен Жамбыл өңірлерінде мұндай орталық бар. Әйтсе де бұл өңірлерде осындай балалардың саны әлі де көп. Сондықтан осындай орталықтары жоқ 6 облыспен қатар, оңалту мекемелері аталған екі аймақта тағы да ашылады. Себебі бір ғана Жамбылда 6116 мүмкіндігі шектеулі және 80-ге жуық ерекше білімді қажет ететін бала бар. Біздікі олар да басқа құрдастары секілді мектепке барса деген ой, – дейді Тұңғыш Президент — Елбасы қорының жобалық кеңсесінің жетекшісі Динара Зәкиева.
Оңалту орталықтарында жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты, туа біткен даму кемістігі бар жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек берілетін болады.
Бұдан бөлек аталған қалалардың жалпы білім беретін мектептерінде инклюзияны қолдаудың қосымша 16 ресурстық кабинеті де құрылады екен. Топ өкілдерінің айтуынша, онда ерте жастағы осындай жас буынға мамандандырылған медициналық, педагогикалық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ бастама аясында қолданыстағы бағдарламалар мен инфрақұрылым бойынша ерекше балалар туралы деректер базасы, әлеуметтік навигатор орналасатын вебсайт, мобильді қосымша мен бірыңғай ақпараттық платформа құру да жоспарда бар дейді ұйымдастырушылар.
Егер жоба іске қосылса, оның бірінші кезеңінде-ақ осындай шамамен 5 мың бала қамтылуы ықтимал. Ал жоғарыда көрсетілген бастаманы уақтылы және сапалы іске асыру үшін Жол картасының жобасы әзірленіп, бастаманың жобалық кеңсесі де құрылыпты.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support