- Advertisement -

Дәріс – мұхаммед хайдар дулати еңбектері туралы болды

198

- Advertisement -

Тараз мемлекеттік университетінің қалыптасқан дәстүрі бойынша қыркүйек айында университет ректоры 1-курс студенттеріне арнап дәріс оқиды. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тауып отыр. Педагогика ғылымының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков М.Х.Дулатидің өмірі мен еңбегін таныстырды. Университетіміздің жетістіктеріне тоқталды. Алға қойған мақсаттары туралы да айтып өтті.
Жақсы іс жалғасын тапқандай, ректордың ізінше әр факультеттің декандары да дәріс өткізді. Әр факультет өз жетістіктерін, жүзден жүйрік студенттерін, озық оқытушыларының қол жеткізген табыстарын сөз етіп, жастарды қанаттандырды. Олар өз таңдауларының дұрыс екеніне көздерін жеткізіп, ықыластарын арттырды. Әрине, бұл – құптарлық іс. Себебі алыс ауыл-аймақтан бір күдік, бір күмәнмен келген жас буынға қолдау қажет-ақ. Осындай дәрістер арқылы студент университет басшылығымен, деканымен, жетекшісімен танысады, бағыт-бағдарын айқындайды. Университеттің жеткен жетістігін біліп, бар ақпаратқа қанығады.
Иә, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті – 60 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны. Алғашқыда 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ химия-технологиялық институтының кешкі филиалы болып ашылған оқу орнын Хамза Сейітов басқарды. Ал 1963 жылы осы институттың базасында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты құрылды. Міне, содан бері бұл киелі ордадан талай білікті маман түлеп ұшты, елі мен жері үшін еңбек етті.
Бүгінгі ТарМУ – материалдық-техникалық, оқу-зертханалық базасы дамыған, еліміздегі озық жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі. Университет бакалавриаттың 60, магистратураның 40, докторантураның 4 мамандығы бойынша маман даярлауда. 12 мың студент білім алатын оқу орнының жастары халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанып жүр. Ғылыми жобаларымен үздіктер қатарынан көрініп, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының стипендия және грант иегерлерінің қатары көбеюде. Халықаралық байланыс дамып, 65 шетелдік университетпен, ғылыми орталықтармен келісімшарт жасасып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жыл сайын білім ордасының оқытушылары «ЖОО үздік оқытушысы» грантын жеңіп алады.
Былтыр ТарМУ делегациясы Сринагар қаласындағы М.Х.Дулати қабірінің басына барып, құран бағыштап қайтты. Зиратына анықтамалық тақта орнатылған. Онда «Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз – қазақ халқының көрнекті тұлғасы» деп жазылған. Делегация қатарында М.Х.Дулати мұрасын терең зерттеуші Ә.Дербісәлі, «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор С.Құлбарақ, ТарМУ ректоры М.Сарыбеков болды. Сапар барысында маңызды екіжақты келісімдер жасалып, конференция ұйымдастырылып, Үндістан мен Қазақстан арасындағы байланыс нығая түсті.
1997 жылы 3 қарашада университетке ұлы бабамыздың есімі берілген болатын. Сол уақыттан бері бұл дата университет күні болып аталып келеді.

Ақназар НҰРТАЗАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Көлік техникасы
және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support