- Advertisement -

Шіріген сексеуілді халық қажетіне қалай пайдаланамыз ?

338

- Advertisement -

мойынқұмдықтар «оны қымбатқа сатып алуға қалтамыз көтермейді» дейді

Көтерген мәселелері ауқымды, көксегендері ойға қонымды бір топ оқырман редакциямызға Мойынқұм ауданынан хат жолдапты. Айтуларынша, ауданда қыстық отынға байланысты мәселелер қордаланып қалған. Қордаланып қалған қиындықтың ең зоры сол, бүгінде аудан тұрғындары тарапынан үлкен сұранысқа ие сексеуілдің бағасы өте қымбат. Оның үстіне, оның жинап алу мерзімі де мойынұмдықтар үшін қолайсыз болған көрінеді.

Хат артында адам бар

Біз де өз кезегімізде «Хат артында адам бар» дегенді ескеріп, мәселенің мән-жайын көзбен көрмекке шалғайдағы құмды өңірге ат ізін салған едік. Рас, бұрнағы жылдары мұндағы жұрт сексеуілді отқа тамызық ретінде ғана пайдаланып келген. Ал соңғы жылдары қатты отын бағасының шарықтауы мен табиғи газдың тартылмауы мойынқұмдықтарға әжептәуір салмақ салып, сексеуілді таза отын ретінде пайдалануға мәжбүр болған. Оның үстіне, үлкен қалаларда кәуап дайындайтын орындар көптеп ашылып, сексеуілге деген сұраныс барынша артты. Тиісінше, осындай қажеттілікті назардан тыс қалдырмайтын пысықайлар жеке мүдде үшін барын салып, құмды аумақтағы құнды отынды қалаға қалауынша таси бастады. Осы үрдіс белең ала бастаған тұста балтаның басы батпайтын бұл отынды көбірек олжалағысы келгендер сексеуілге жаудай тиіп, тіпті, трактордың артына трос жалғап, оны тамырымен қоса қопарып тастауды шығарған. Соның салдарынан болса керек, сексеуіл алқаптарының көлемі мейлінше тарылып, оған үлкен қауіп төнеді.

Сексеуілдің де сұрауы бар. Бірақ…

Міне, дәл осындай деректер көбейіп, сексеуіл алқаптары селдірей бастағанда өңірімізде 2010 жылдан бастап 2018 жылға дейін сексеуілді кесуге мораторий жарияланған болатын. Жергілікті орманшылар алқаптағы өздігінен құлап, шіріген сексеуілді ғана жинап, аудан тұрғындарына ақысыз негізде таратты. Жоғарыда аталған мораторий жарияланғаннан кейін орман отап, одан пайда табушылар аяғын тарта бастапты. Алайда мәселе онда емес. Бар мәселе тегін берілетін шіріген сексеуілге келіп тіреліп тұр. Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Сатыбалдиевтың айтуынша, «Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шіріген сексеуілге бекіткен бағасы тым қымбат көрінеді.
– Биылғы жылдың шілде айында болу керек, Мойынқұм мен Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерінен аудандық қоғамдық кеңеске ұсыныс-хат келді. Аталған ұсыныста соңғы кездегі Орман кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2012 жылғы 12 маусымдағы №165 бұйрығымен бекітілген «Жазық жерлерде орындалатын орманды күтіп-баптау үшін кесудегі уақыт пен өнімнің үлгі мөлшеріне» сәйкес қара шірік қоқыстың 1 текше метрі 10213,06 теңгеге есептеліп, калькуляция әзірленіп, бекітілгені жазылған. Сәйкесінше, бекітілген калькуляциямен келісуімізді сұрапты. Бізден бөлек, бұл ұсыныс-хат аудандық мәслихат пен әкімдікке де жолданған көрінеді. Алайда, біз де, мәслихат та бұл тарифты бекітіп бере алмаймыз. Қоғамдық кеңесте ондай құзірет жоқ. Сондықтан бұл түйткілді алдымен халықтың талқысына салайық деп шештік. Дейтұрғанмен, біз бұл мәселені халықтың талқысына салғанымызда, жиналғандар бекітілген бағаның тым қымбат екенін айтты. Сол себепті, тұрғындар «сексеуілді текше метрмен емес, тоннамен берсін» деген талаптарын жеткізді. Өйткені, 1 текше метрде 800 келі сексеуіл шірігі болуы тиіс. Ал жоғарыда аталған мекеменің қызметкерлері берген 1 текше метрден 800 келі шықпайды. Одан кейінгі мәселе – оны жинау уақыты. Мекеме басшылығы жиын-терін жұмыстарын қарашаның ортасынан бастаймыз деп отыр. Аудан орталығында екі мың отбасы бар десек, оған шамамен 8 мың текше метр сексеуіл шірігі қажет. Қанша жерден тырысып баққанымен олар қолдарында бар 4 трактормен тұрғындарға қажетті отынды екі айдың ішінде жинай алмайды. Қар жауған күні-ақ бәрі қардың астында қалады емес пе?
Тағы бір айта кетерлігі, сексеуілдің арасында отырған мойынқұмдықтар иегінің астындағы шірік отынды неге сатып алуы керек? Оның үстіне, біз дәл осы шірік сексеуілді 2017 жылға дейін ешқандай пұл төлемей-ақ, тегін алып келдік емес пе?
Негізінен бұрнағы жылдары сексеуілдің жігерінен бір жүк тиегішті толтырып әкелсек, ол бір қыстан алып шығатын. Ал дәл сондай көлемдегі жүк тиегішке тиелген сексеуілдің шірігін ары кеткенде бір айға ғана жеткізесіз. Оның өзін тамызық ретінде пайдалансаңыз ғана. Әйтпесе, сол отынмен қыстап шығамын дегеніңіз бос әурешілік. Қатты отыныңыздың бағасы іргеміздегі Шу ауданында 18 мың теңге болса, ол бізге келгенше 22 мың теңге болады. Бұл бір ғана аудан орталығындағы мәселе. Шалғайдағы ауылдарды айтудың өзі қисынсыз.
Жоғарыда халықтың басын қосып, бұл мәселені талқыға салғанымызды айттық. Міне, сол басқосуда төрт түрлі ұсыныс жеткіздік. Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесіне де, халыққа да тиімді болуы үшін сексеуілдің шірігін қараша емес, қазан айынан бастап тұрғындар өзі жинап алсын. Әрине, мекеме қызметкерлерінің қатаң бақылауымен. Екіншіден, шірік сексеуілді жинау – санитарлық тазалауға жатады. Оның үстіне, шірік сексеуіл келесі жылға қалса, құмға айналып кетеді. Сондықтан мекеме қызметкерлері тазалық жұмыстарын түгелдей өздері жүргізіп, жиналған отынды әр ауылдық округке жинасын да халыққа тегін таратсын. Үшінші ұсыныс – қазіргі бағаны 20 пайызға болса да түсірсін. Соңғысы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға жеңілдік жасалып яки тегін жеткізіп берсін. Алайда әлі күнге дейін аталған ұсыныстардың ешқайсысы да қолдау таппай отыр, – дейді Болат Сатыбалдиев.
Осылайша, бүгінгі күні шалғайдағы далада құм көшкініне тосқауыл болады деген сексеуіліңіз талай тұрғынды сергелдеңге салып тұр. Салмай қайтсін, мұнда қоныстанған халық бағзы заманнан бері дәл осы құнды отынды өздеріне қорған санады, қажет кезінде отынға жақты. Қайбір жылы «табиғаттың бермесін тартып аламыз» деп арамтер болып жүргендердің салдарынан енді, міне, жергілікті халықтың сексеуілге алыстан қол сермеуден басқа амалы қалмай тұрғандай. Әлде, бір кездері аяусыз оталған отынның обалы ұрды ма екен, әйтеуір, қалай десек те мұндағы жергілікті тұрғындар қазір иегінің астындағы осы бір өсімдікке иелік ете алмай отыр.

Үш сөзден туған үлкен мәселе

Расын айту керек, кей-кейде қарапайым ғана істі тиянақтауға келгенде қырсыздық танытып, кез келген нәрсені күрделендіріп жіберетініміз бар. Бұны бүгінгі ісімізбен де дәлелдеп келеміз. Әйтпесе, 2017 жылға дейін тегін беріліп келген сексеуіл шірігінің аяқ астынан ақылы болуына не түрткі болды? Тіпті, жоғарыда аталған мәселеге қатысты жауапты мекеме қызметкерлерінің өзі де Орман кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер көп іске қолбайлау болып отырғанын жасырмады.
– 2017 жылы Орман кодексінің 91-бабының 1-тармағына өзгерістер енгізіліп, «тегін» деген сөздің алдына «сексеуіл екпелерін қоспағанда» деген үш сөз қосылды. Осы сөз бізге үлкен жауапкершілік жүктеп, өзгертілген кодекске сәйкес, шығындарды есептеу арқылы оның бағасын шығардық. Жоғарыда аталған кодексте «сексеуіл екпелерінде халық өздігінен қураған сексеуіл отынын жинау мен сатуды тек мемлекеттік орман иеленушілер жүзеге асырады» деп көрсетілген. Осыған сәйкес, орман алқабына ешкім аяқ баса алмайтындақтан, сексеуіл қоқысын өзіміздің қызметкерлер арқылы жинау, оны 15 метр жердегі жүк тиегішке тиеу, отынды қоймаға әкеліп жинау, техникаға кететін жанар-жағармай, жұмысшысының жалақысы сынды жұмыстарға кететін шығынның барлығын есептедік. Барлығын саралай келе сексеуілдің 1 текше метрі 10213 теңге болды. Ал біздің мекемеге осы қаржыдан тек 5 пайыз ғана пайда түседі. Бұл біз үшін өте қиын жұмыс болып тұр. Сексеуіл таситын әр жұмысшыға 3 мың теңге төлеуіміз қажет. Бұндай ақшаға қазір ешкім келмейді.
Біздің тілегіміз сол, жоғарыда аталған заңды қайта қарап, оны тегін беру тетігін қарастырса дейміз. Өйткені бұл халыққа да, бізге де тиімсіз болып тұр. Рас, халық бұл бағаны қымбатсынып отыр. Егер біз бекітіліген бағадан бір тиын түсер болсақ, шығынымызды өтей алмай қаламыз. Ал халықтың өзі жинап алсын дегенге келсек, біздің орманға бөгде адамды кіргізуге құқығымыз жоқ. Шынын айтқанда, біз үшін сол халықтың өзі сексеуілді алқаптан барып жинап алса өте ыңғайлы болар еді. Өйткені шірік отын сексеуіл алқабында неғұрлым көп қалса, ол жердегі өрт қаупі де соғұрлым жоғары болмақ. Сонымен қатар, өрт қаупі жаз айларында жоғары болғандықтан, бізге сексеуіл шірігін жинауға тек қараша айында ғана рұқсат беріледі. Жалпы, біздің мекемеге қарасты қызметкерлер қарашадан желтоқсанға дейінгі екі айда қолымызда бар техникамен 960 текше метр отын жинайды. Ал аудан орталығындағы барлық тұрғындардың қажеттілігі – 7400 текше метр. Осыдан-ақ, біздің әлеуетімізді аңғаруға болатын шығар. Өз күшіміз жетпегендіктен, былтыр Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Қордай және Жамбыл аудандарындағы әріптестеріміз техникамен көмекке келіп, бір жұма бойы қолұшын берді. Соның өзінде біз 274 текше метр ғана босаттық. Екі жыл бұрын сексеуіл тегін берілгендіктен, өткен жылы халық сексеуіл шірігінің ақылы болатынына күмәнмен қарады. Сатылу көрсеткішінің төмен болуы да сондықтан. Биылғы жағдай мүлде бөлек, тегін берілмейтініне халықтың көзі жетті. Десе де тығырықтың шығудың жолы бұл емес. Бірден-бір жолы – Кодекске өзгеріс енгізу», – дейді Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме директоры орынбасарының міндетін атқарушы Жәнібек Көшеков.

Орман алқабына мал жаюдың пайдасы мол

Аудан тұрғындарымен кездесіп, олармен әңгімелесу барысында тағы бір мәселеге қанық болдық. Аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаевтың сөзіне сенсек, сексеуіл алқабын кеңейту шаралары бізде дұрыс жолға қойылмаған көрінеді. Оның айтуынша, заңда өсімдік өсетін жерге мал кіргізуге тыйым салынған. Себебі ол оған зиян келтіреді екен. Алайда ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Ж.Қалыбаев керісінше, сексеуіл алқабында мал көп жайылса, сол маңдағы сексеуілдің өсу көрсеткіші де жоғары болатындығын айтады. «Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы саласының барлық баспалдағынан өттім. Өзімнің өмір жолымда 1968-1969 бен 1994-1995 жылдағы екі бірдей жұтты көрдім. Соның екіншісінде мен шаруашылық директоры болатынмын. Сол бір қиын-қыстау кезеңде қолда бар жемшөпті жеткізе алмай әуре-сарсаңға түстік. Сонда амалсыздан сексеуілдің шырпысын малдың алдына салдық. Малдың қарны аш болғандықтан, оның жапырағы улы бола тұра амалсыз сол шырпыны жейді. Бірақ ертесіне келсең, сол қой өліп жатады. Міне, сол үшін де сексеуіл алқабына кірген мал оның маңайындағы шөппен ғана қоректенеді. Ал сексеуілдің басынан түскен ұрықты тұяғымен таптап жерге кіргізіп кетеді немесе аяғымен салып кеткен ізге сол ұрық өзі түседі де көктемгі жаңбырдан соң жаңасы өніп шығады. Осыдан-ақ малдың сексеуілге тигізер зиянынан гөрі пайдасы көп екенін аңғару қиын емес-ау. Тағы бір айта кететін мәселе, орман алқабына мал кіргізу үшін әр уақ малға 7 мың гектар жер ақылы түрде бекітілген. Оның өзінде сексеуіл алқабына кіргізуге болмайды. Бұрындары уақ малдың басына жарты гектар, ал ірі қараға үш гектар деп есептейтін. Заң шығарушы органдар жоғарыда аталған түйткілдерді қайта қарап, оң шешім шығарғаны жөн деп есептеймін», – дейді Жамбыл Қалыбаев.

Тілші түйіні:
Расымен де, кейде табиғатты сауықтыру мақсатында атқарылып жатқан қайсыбір шаралар күмәнмен қарайтындай ыңғайдан табылып жататыны бар. Шөлейтті жерде қасқиып өзінен өзі өніп өсе беретін сексеуіл алқабын көгерте алмай отырып, оның шірігін қымбатқа сатып отырғандардың әрекетіне не деуге болады? Жауапты мамандар баяғыда-ақ жоғарыда келтірілген ақсақалдың пікіріне ойысып, төрт түлікті сексеуіл алқабына жіберсе, бүгінде сол өсімдігіңіз ондағы ауыл-ауылға қорған болып жайқалып тұрмас па еді? Оның үстіне, жауапты мекеменің техникасы мен жұмысшыларының күші алқапты шіріктен тазартуға жетпесе, неге бұндай қым-қуыт тірлікті бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша халықтың өз еркіне бермеске?! Әйтпесе, сол саладағы мамандардың өзі де шірік отынның алқапта қалуы өрт қауіпсіздігін үдетіп, сексеуілдің өсуіне кедергі келтіретінін айтып отыр. Осылай жалғаса берсе онсыз да жылдан жылға селдіреп бара жатқан аудандағы орманымыздың орны айтақырға айналмасына кім кепілдік берер екен? Қалай дегенде де жауапты мекеменің басшылары қазақтың «Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» деген тәмсілін естен шығармай, осы мәселені тағы да жан-жақты зерделесе дейміз. Әйтпегенде екі ортада қалған қалың бұқараның қалтасымен бірге жүйкесі де жұқарып, кімге үміт артарын білмей дал. Шалғай ауданда күннен күнге шиеленісе түскен мына бір мәселеден шаршаған тұрғындар «билік басындағылар базынамызға құлақ түріп, осыны бір жағына шығарса екен» дейді. Сайып келгенде, әбден қордаланып қалған бұл түйткілге қатысты нақты шешімдер қабылданады деген үміттеміз.

Мойынқұм ауданы.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support