- Advertisement -

Ғажайып ғимарат тарымен қуантқан қала

188

- Advertisement -

Бүгінде Тараз қаласы көз тартарлықтай сұлуланып, күннен-күнге ажарлана түсуде. Оны күнделікті күйбең тіршіліктің соңында жүрген кейбір шаһар тұрғындары байқай да бермес. Бірақ ауыл-аймақтан келетін облыс тұрғындары мен қала қонақтарының назарынан ешқашан таса қалған емес. Көлікте келе жатса да айналасына таңырқай қарап, «ана жерде бұрын мынау жоқ еді, мына жерге мынаны тұрғызып қойыпты. Біздің облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі Тараз қаласы қатты құлпырып кетті» деп жұрттың айтып отырғанын талай құлағым шалып қалды. Басқаны қайдам, өзімді шаһар батыс қақпасынан кіргеннен-ақ ғажап ажарымен, тамаша ғимараттарымен, жол бойында орналасқан саябақтарымен баурап әкетеді.

Жалпы, жол бойында жарыса өскен аршалар, сәулеті келіскен үйлер, Қазақ хандығының 550 жылдығына тұрғызылған монумент, оң жағыңдағы «Тараз-Арена» спорт кешені, «Көктем» мен «Арай» шағын аудандары ғажап әсерге бөлейтіні анық. Одан әрі жол бойындағы зәулім үйлер, тал-дараққа оранған жасыл желек, қаланың тазалығы, бәрі-бәрі бірден өзіне баурап алады. Түнгі шамдардың жарығы да қала көшелеріне, саябақтар мен аллеяларға, су бұрқақтары мен ғимараттарға да ерекше көрік беріп тұрады. Мұның барлығы да газетіміздің «Жаңарған Жамбылым» айдарымен тұрақты беріліп келеді.
Адамға бірінші керегі не? Әрине, түсетін үй, тұратын баспана. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Талай жыл үй жалдап, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген шаһар тұрғындарының бүгінде баспаналы болуға деген үміті оянған.
Баспана – қай уақытта да өзекті. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныстың артып отырғаны да белгілі. Көп адамның үй соғуға шамасы келмесі анық. Келген күнде де оларға бере қоятын дайын тұрған жер телімі тағы жоқ. Құрылыс талаптарына енгізілген өзгерістерге сәйкес жер телімге инфрақұрылым жүргізілгеннен кейін бірақ беріледі. Содан да, бүгінде Тараз қаласында пәтер кезегіне тұрған халық саны 17643 адамды құрап отыр.
Үкімет баспана мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасымен көп үй тұрғызылды. Атап айтсақ, шаһарда соңғы жылдары «Бәйтерек» және «Арай» шағын аудандары бой көтеріп, тұрғындардың пәтер мәселесінің шешім таба бастағаны рас. Енді өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен 15-ші шағын аудан бой көтеруде. Осының арқасында қала тұрғындарының «Нұрлы жер» және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде көтерілген «7-20-25» ипотекалық бағдарламалары арқылы пәтерлі болудың мүмкіндіктері артты.
Қазір салынып жатқан 15-ші шағын аудан бұрын ашық дала болатын. Ал ол бүгінде жаңа тұрғын алқабына айналған. Былтыр 10 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл Конституция күні қарсаңында 800 пәтерден тұратын 10 үй ел игілігіне беріліп отыр. Одан бөлек мұнда 16 көп қабаты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 11-і (әрқайсысы 60 пәтерден тұрады) несиелік, 5-еуі (әрқайсысы 80 пәтерден) жалға берілетін көпқабатты тұрғын үйлер. Бұл үйлер де биыл пайдалануға беріледі. Сондай-ақ бұл алқапта бір типтік 255 жер үй салу үшін жобалық-сметалық құжат жасалған. Ол үйлер несиелік негізде салынып, үй кезегінде тұрғандарға берілмек. Қазіргі таңда бұл санаттағы 14 үй салынып, оның 7-еуі пайдалануға беріліпті.
Жалпы аумағы 360 гектарды алып жатқан ауданда 280 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Биыл жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының құрылысына республикалық және облыстық бюджеттерден жалпы 11,8 миллиард теңге бөлінген. Шағын ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы туралы айтып беруі үшін Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосовты сөзге тарттық.
– Қаланың бас жоспарына сәйкес Сүлейменов көшесінің соңында жаңа шағын аудан бой көтеруде. Онда 280 көп пәтерлі және 300-ге жуық жеке тұрғын үй салынып, 30 мыңнан астам халық тұрады деп жоспарлануда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 көп қабатты тұрғын үй салынып, 1600-ге жуық пәтерге тұрғындар келіп қоныстануда. Ендігі кезекте 1 мектеп, 1 балабақша соғу жоспарымызда бар. Қазіргі таңда мұнда 7 мердігер тұрғын үй құрылысын, 5 мердігер инфрақұрылымын жүргізуде. Инфрақұрылым жұмыстарын алдағы жылы толық аяқтау көзделіп отыр, – деді ол.
Шағын аудандағы құрылыс жұмысының барысымен жақынырақ таныстық. Онда қатар тұрған қос көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын «Тараз ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Учаске бастығы Бейбіт Есдәулетовтің айтуынша, бұған дейін мердігер 80 пәтерлі бір көп қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тапсырыпты. Енді әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі көп қабатты тұрғын үйді салып жатыр. Қабырғалары қаланып, биіктей түскен бір үйдің жобалық-сметалық құны 435 миллион теңгені құрайды. Құрылысқа 8 техника, 90 адам жұмылдырылған. Жұмысшылар екі ауысымда еңбек етуде. Онда қолданылып жатқан материалдардың бәрі – отандық. Бетонның өзін мердігер «Ғимарат-Темірбетон» және «Жамбыл химия құрылыс» ЖШС-нан алып отыр. Негізінен бұл үйлерді алдағы жылдың ақпан айында тапсыру жоспарланса, оны мердігер жыл соңына дейін бітіріп бермек ниетте. «Бұл асығыстық болмай ма?» деген сұрағымызға учаске бастығы, «Біз бірінші кезекте сапаға мән береміз. Бұған дейін де салған үйлеріміз осындай болды» деп сенімді жауап берді.
Бір байқағанымыз мұнда инфрақұрылым тартумен қатар құрылысы аяқталған көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында абаттандыру жұмыстары қоса атқарылуда. Қазір шағын аудан тұрғындары жарық пен ауызсуды ғана тұтынуда екен. Өткен жылы берілген 10 үйге арнайы қазандықтан жылу таратылып келіпті. Биыл 20 үйді орталық қазандыққа қоспақ. Онымен бірге тұрғындар жылы судың да игілігін көретін күн алыс емес. Газ желісі де тартылған. Енді үйлерге кіргізу қалып тұрса керек. Тас жол төселуде. Бірақ оның үстіне асфальт жабыны келер жылы төселмек. Мұнда бірнеше бағытта автобус қатынай бастапты.
Бұл шағын ауданнан үй алғысы келетіндердің қарасы көп. Оны Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің әдіскері, «7-20-25» ақпараттық қолдау орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Сманнан білдік. Ол: «Бүгінде 15-ші шағын ауданнан «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары арқылы екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеп, үй алғысы келетіндердің қатары қалың. Айталық биыл «7-20-25» бағдарламасымен бұл шағын ауданнан 295 үй сату жоспарланған. Қазір 123 пәтер сатылды. Өтініш білдіріп отырған жүзге жуық адамның құжаттары банкте қаралуда. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасымен 426 адам пәтерлі болды, – деді ол.
Мұнда негізінен өтіп жатқаны 2 және 3 бөлмелі пәтерлер. Тұрғындардың басым бөлігі 2-мен 4-ші қабаттардан үй таңдайтын көрінеді. 1-ші және 5-ші қабаттарға қоныстанатындар аз.
Бағдарлама аясында үй алған азаматтың бірі – «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ мектеп-лицейдің» оқытушысы Айдар Тұрабаев.
– Бұған дейін өз үйіміз болған жоқ. 8 жыл отбасыммен пәтер жалдап тұрдым. «7-20-25» бағдарламасымен үй алуыма болатындығын білген соң, әйелім екеуміз барып көрейік деп шештік. Сөйтіп 15-ші шағын ауданда соғылып жатқан үйлерді аралап көріп, ұнаттық. Қойгелді көшесі, №173 үйде орналасқан ақпараттық орталыққа қайырылған соң құжат жинауға кірістік. 1 айда құжатымызды жинастырып, банктің оң шешімін алған едік. Содан кейін көп ұзамай өз үйімізге көшіп алдық. Үйіміз 3 бөлмелі. Жайлы. Төлейтін несиеміз бұрын жалдап тұрған пәтер ақысынан төмен. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей бала­ла­рымыз да өз үйіміздің болғанына қуанып жүр. Жалпы, бұл бағдарламамен үй алу өте тиімді. Әрі қолжетімді», – дейді ол.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support