- Advertisement -

«Тараздың» тағдыры алдағы төрт ойында шешіледі

42

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының аяқталуына бар болғаны төрт тур қалды. Қазіргі кезде турнир кестесінде көш бастаған клубтардың тартысы да, көш соңындағы аутсайдерлердің жанталасы да қызып тұр. Биыл бірнеше жыл ешкімге дес бермеген «Астана» командасы өз-өзіне ұқсамайды. Әрине, бір ойындары кемшін. 29 ойын өткізген Алматының «Қайратының» қоржынында 62 ұпай бар болса, 28 ойыннан өткізген Қостанайдың «Тобылы» мен Нұр-Сұлтанның «Астанасы» 59 және 57 ұпай иеленген. Осыған қарап-ақ биыл чемпиондыққа талас соңғы турға дейін қыза түсетінін байқаймыз. Теориялық тұрғыда үш команданың да мүмкіндігі бар. Алайда осы үштіктің ішінде ел чемпионы атануға алматылық «Қайраттың» құлшынысы зор секілді көрінеді. Ал «Астана» соңғы турда Шымкентте ұпай жоғалтты. Соған қарамастан елордалықтар да соңына дейін күресетіні сөзсіз.
Турнир кестесінде оныншы сатыға орналасқан «Тараз» футбол клубы да барын салатыны анық. Өйткені, тоғызыншы орынға орналасқан Павлодардың «Ертісінің» төрт ұпайы артық. Қалған ойындардың бірқатарында «Ертіс» ұпай жоғалтып, «Тараз» жеңісті жорығын жалғастырса, біздің команда сол тоғызыншы орынға тұрақтауы ықтимал. Тоғызыншы орын дегеніңіз еш уайым-қайғысыз премьер-лигада қалуға мүмкіндік туғызады. Ал «Тараз» футболшылары дәл осы оныншы орынды иеленсе, бірінші лиганың үшінші орын алған командасына қарсы жасыл алаңға шығып, премьер-лиганың жалғыз жолдамасына таласады. Сондай-ақ «Тараз» футболшылары үшін 11 орынға түсіп қалмау да маңызды. Өйткені «Атырау» «Тараздан» бәлендей көп ұпай қалып келе жатқан жоқ. Ал он бірінші, он екінші орынға тұрақтаған командалар бірінші лигаға топ ете қалады. Сол үшін де арқаға қамшы басатын сәт туды!
Сонымен, «Тараз» футбол клубын енді қандай ойындар күтіп тұр? Біздің жігіттер премьер-лиганың кезекті турында Қарағандының «Шахтер» футбол клубын қабылдайды. «Шахтер» қазіргі кезде сегізінші сатыға орналасқан. Жетінші орынға таласпаса, алтыншы орындағы қызылордалық «Қайсарды» қуып жете қоюы екіталай. Сондықтан «Тараз» футболшылары бұл ойында барын салса, жеңістің ауылы алыс болмауы керек-ақ. Біздің жігіттер 31 турда Талдықорғанға қонаққа барады. Бесінші орынға орналасқан «Жетісу» футболшыларының да үздік үштіктен көріне қоюы қиын. Дегенмен олар жанкүйерлерінің алдында барын салатыны анық. Қиын ойын. Әйтсе де «Тараз» футболшылары аянып қалмайды деген ойындамыз. Себебі «Тараз» үшін қазір әрбір ұпай алтынға тең. 32 турда «Тараз» футболшылары Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. «Қайсар» жақында ғана Қазақстан кубогін ұтып алды. Келесі маусымда Еуропа лигасында доп тебуге мүмкіндік алған Сыр елінің жігіттерінің дәл қазір көңілі тоқ, көйлегі көк. Оның үстіне алтыншы орыннан әріге жоғары көтеріледі дегенге көп адам сенбейді. Сондықтан «Қайсарға» қарсы ойында да жігіттеріміз мінез көрсетсе, үш ұпай алуға әбден болады. Тек жігіттер жігерленуі тиіс. «Тараз» футболшылары маусымды Шымкентте түйіндейді. Соңғы кездерде біртүрлі ойнап жүрген шымкенттік «Ордабасы» маусым аяқталса деген оймен арпалысатын секілді. Шымкенттіктер төртінші орынды қанағат тұтатын сыңайлы. Өйткені үздік үштіктің қарқыны бөлек. Сол себепті «Тараз» футболшыларына Шымкентте де жасындай жарқыруға болады. Мүмкіндіктерін мүлт жібермесе, «Ордабасы» алынбайтын асу емес.
Міне, осы төрт кездесуде «Тараздың» тағдыры шешіледі. Жігіттер барын салса, премьер-лигада қалулары әбден мүмкін!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support