- Advertisement -

Алға, гена!

47

- Advertisement -

Ол қайтадан қаһарына мінді. Геннадий Головкин IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Украиналық кәсіпқой боксшы Сергей Деревянченкоға қарсы шаршы алаңға көтерілген отандасымыз орта салмақ дәрежесінде бос тұрған екі белбеуді иеленді. Даңқты боксшыны Елбасы – ҚР Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамаша жеңісімен құттықтады.

«Геннадий Головкинді IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулдары үшін болған тартысты бокс алаңындағы тамаша жеңісімен құттықтаймын.Гена өзінің кәсіпқой бокстың хас шебері екенін,жеңіске деген табанды ұмтылысын тағы да дәлелдеді. Қазақстан сені мақтан тұтады.Алға, Гена!» – деп жазды Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі «Madison Square Garden» аренасында өткен шайқаста отандасымыз өзінің әлі де бабында екенін байқатты. Жекпе-жек бастала салысымен өзінің шын мықты екенін әйгілеген қазақстандық оғлан бірінші раундтың өзінде Сергей Деревянченконы нокдаунға түсірді. Генаның сериялық соққылары қарсыласын кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Дегенмен кезінде қазақстандық «Астана арландары» командасының намысын қорғаған Сергей де өзінің осал еместігін аңғартты. Бойын тез жинап үлгерген ол 12 раунд бойы отандасымыздың қарқынына төтеп берді. Тіпті кейбір раундтарда басымдықты толыққанды өз қолына алуға барынша тырысып бақты. Әйтсе де бокс жанкүйерлеріне үлкен драмалық шоуларды ұсынып үйренген Геннадий Головкин кәсіпқой бокс әлеміндегі өзінің мол тәжірибесінің арқасында жеңісті уысынан шығарған жоқ.
Головкин мен Сергей Деревянченко арасындағы кездесуде сарапқа салынған қос белбеу де кезінде Генаның иығында жарқырап тұратын. Алайда дәл осы IBF тұжырымының белбеуін қазақстандық боксшы Сергеймен кездесу өткізу туралы келісімге келмегендіктен кезінде уысынан шығарып алған еді. Өз кезегінде Деревянченко осынау белбеу сарапқа салынған шайқаста америкалық Дэниэл Джейкобсқа есе жіберіп алған. Джейкобс өз кезегінде мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, әлем чемпионы атағынан айырылған. Халықаралық бокс қауымдастығы Деревянченкоға басымдық беруге құмар-ақ. Альвареске де міндетті қарсылас ретінде белгіледі. Мексикалық та украиналық боксшымен келісімге келе алмай, белбеуден айырылып қалды. Тағдырдың жазуы шығар, ілгеріде шаршы алаңда кездесе алмай кеткен қос боксшы қызыл белбеу үшін жан алысып, жан берісті. Кездесу аяқталған соң төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының мерейі үстем болғанын мойындады. Алайда Сергей Деревянченко да осал еместігін көрсетті. Оны үш төрешінің есеп қағазындағы 115-112, 115-112, 114-113 есебінен де байқауға болады.
Тартысқа толы жекпе-жек аяқталған соң GGG бүкіл жанкүйерлеріне, әсіресе қазақстандық фанаттарына риясыз алғысын білдірді. Осылайша ел ішінде «Халық чемпионы» атанып кеткен Гена қайтадан әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Айтпақшы, Головкин Сергей Деревянченкоға қарымта жекпе-жек өткізуге мүмкіндік беруге дайын екендігін мәлімдеді. Әрине, әлем чемпионы атанған Гена енді біршама уақыт демалатыны, ем алатыны белгілі. Одан кейін оны кәсіби мансабындағы жаңа белестер күтіп тұр. Бәлкім келесі жылы отандасымыз WBA (super), WBC (Franshise) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альвареске қарсы үшінші шайқасын өткізіп қалар.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support