- Advertisement -

«ЖЫЛ ТОЛДЫ ҰЛЫ ЖҮРЕК ТОҚТАҒАЛЫ…»

430

- Advertisement -

Ол жайлы сан айтамыз жоқтап әлі

Биылғыдай емес, былтырғы күздің салқыны ерте білінген. Дене тітіркендірер сол салқынмен бірге қазан айының алғашқы аптасының соңында «Қазақтың Шерханы дүниеден өтті» деген сүмбіленің сүйектен өтер суынан да мұздай хабар тез тарады. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдап, «Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды» деп, жазушының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Бар саналы ғұмырын ұлтына арнаған Шерхан Мұртаза нағыз ұлт патриоты, ана тіліміздің шын жанашыры болды. Өмірде артына өшпес із қалдырған Шерағаның қазасын оның аса жоғары қадіріне ие болған Жамбыл жұртшылығы зор күйзеліспен қабылдады» деп, Шерағасының ұлы мен қызына жеделхат жолдады. Облыс басшысын өңірдің зиялы қауымы мен тұрғындары да қолдап, намыс найзағайы атанған қабырғалы қаламгерді мәңгілік мекеніне аттандыру жұмыстарын ұйымдастыруға жедел кірісіп кетті. Газетіміздің сол күнгі нөмірі Шерағаңмен қоштасуға түгел арналды десе де болады.

Міне, содан бері арада бір жыл өте шығыпты. Әлі есімде, сол күндері Жамбыл жері, оның ішінде Мыңбұлақ алабы мұңға бөленіп, Алматы аспаны бұлтты, күні жаңбырлы болды. Асқақтығынан аласармайтын Алатаудың шыңдары да шерге батқандай буалдыр бұлттарға оранып, мұнартып тұрған. Бейнебір Шерағаңды өзі сүйген елімен бірге жасыл желекті жері де, тәкаппәр тау-тасы да, тау-тасын өрлей өскен орман-тоғайы да қимағандай мең-зең күйде еді.
Шерағаң өзінің жаны көп ұзамай Шолпан жұлдыз жаққа ұшып кететінін сексен жылдығын тойлап жатқан кезде-ақ халқы мен сол халқының өкілдері алдында бес жыл бұрын айтып, арыстарынан айырыла-айырыла зәрезап болған секемал жүректерді бір селт еткізген. Оның Баласағұн сарайының сахнасына қойылған орындықта отырып «Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді…» деп, көңілі кінәз қауымды бір жылатқаны да, міне, осы кез.
Шерағаңның Алматыда өткен асына облыс басшысының тапсырмасымен бір топ ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері барып, қатысып қайтты. Олар әуелі Кеңсай қабірстанындағы Шерағаңның қабірінің басына барып, Алаш ардағына айналған қайраткер-жазушыға Құран бағыштады.
Қабір басына қойылған құлпытас Шерағаңның өзі байлық ретінде бағалаған КІТАП бейнесінде жасалыпты. Оның мұқабасына Шерхан Мұртазаның бестселлерге айналған «Бір кем дүние» кітабынан алынған «Біреулерге құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гаухар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ жүрегінде иман жоқ. Ең сорлы адам – сол. Бір кем дүние. Біз жарқын болашағымыз жастар десек, жастардың жүрегінде Иман болатындай етіп тәрбиелеу керек» деген сөзі жазылыпты. Ал сәл ашылып тұрған кітаптың парақтарына Шерхан Мұртазаның суреті кескінделген. Қасында бақиға өзінен бұрын аттанып кеткен аяулы жары, асыл ана Мәрия Ағыбайқызының құлпытасы тұр.
Бұдан кейін Шерағаң отбасымен ұзақ жыл мекен етіп, халық жадында жүрген ғажап шығармаларын дүниеге әкелген құтханасы орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Төле би мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысындағы бұл үй Алматының ең бір көрікті де жанға жайлы жеріне орналасқан. Ескертіш тақтаның ашылуына Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Парламент Сенатының депутаты, Шерағаңның «шекпенінен» шыққан жүздеген шәкірттерінің бірегейі Нұртөре Жүсіп, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай бастаған көптеген ұлт зиялылары қатысып, қайраткер-қаламгер туралы есті естеліктерімен, ойлы пікірлерімен бөлісті.
Шерағаның асына арнап Алматы қаласы әкімдігі жайған дастархандағы оқылған Құран да, айтулы қаламгерлердің аузынан шыққан уәлі сөздер де Шерағаңның рухына бағышталды. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов өзінің «Соңғы көш» романын жариялауға кеңестік саясат рұқсат бермей тұрғанда, Шерағаң өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналына ең алғаш жариялағанын еске алып, батыр да батыл редактордың ел, жер, ұлт намысы жолында ештеңеден қайтпайтын азаматтығын үлгі етті. Халық Қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев өз өміріне батыр Бауыржан Момышұлы мен қайсар қаламгер Шерхан Мұртазаны үлгі етіп жүретінін әңгімеледі.
Әрине, Шерағаңның ел жадында қалатын ержүрек батырларға тән іс-әрекеттері, сөздері және тарихи тағылым мен эстетикалық ләззатқа толы шығармалары мол. Дегенмен осындай тау-тұлғамызды өңіріміздің мәңгілік бренд-беделіне, абырой-айбарына айналдыру үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен санаулы күндерден кейін дүниеге келетін және сол «Шахристан» этномәдени кешенінің басты құндылықтарының бірі болатын Руханият орталығы Шерхан Мұртаза есімімен аталуында үлкен мән мен мағына бар. Ал мұндай бүкілхалықтық құрметке М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (кейіннен «Егемен Қазақстан») газеттерінің, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы және «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы, ҚазКСР Халық депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болған қайраткер-қаламгер еңбектері әбден лайық. Мемлекетіміздің «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен марапатталып, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстандық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, Жалпыодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, «Тарлан» тәуелсіз сыйлықтарының лауреаты, ҚазКСР мәдениетіне Еңбек сіңірген қызметкері және Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болғаны да өз алдына бір төбе.
Осы орталықта өңірімізге қатысты рухани құндылықтар, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымыздың бәрі туристердің көзайым-қуанышына айналады. Шерағаңның асына барған өңір делегациясы атынан сөз алған Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген Алматы қаласы мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтарға Жамбыл жеріндегі осы игі істер жайлы жан-жақты сөз қозғап, тарқатып айтып берді. Ақын, жазушылар Шерхан Мұртаза есімімен аталатын орталықтың дүниеге келетініне қуанып, оның болашақта елдің есіне айналатын шын мәніндегі рухани мәйек болуына тілектестіктерін білдірді.

Жыла Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

Жыла қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңнің өкінішін шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр ол кетіп.
Жоқта Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи соқпаққа.

Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер, көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.

Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күнгі күз қалды,
Жұлдыз сөніп, ай тұтылған күн қалды.

Бүгінгі күн,
«Қызыл жебе» сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
«Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет – туған күн!

Ақын, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебай бұл жыр-жоқтауын былтыр күзде Шерағаң дүниеден өткенде көз жасымен бірге төгіп салып, біз оны газетімізге жариялаған болатынбыз. Биыл Шерағаңның құлпытасының басында оқыды. Арада жыл өткенде оқылған элегия әсері жүректерге бұрынғыдан да зілбатпан салмақ салып, көзге еріксіз жас үйірді. Бардың бағасын барында біліп, бағалай білу керек екенін еске салды.
Өйткені Шерағаңның жүрегінде айтылмаған ақиқаттар, жазылмаған қанатты сөздер, орындалмаған армандар кетті.
Бір кем дүние!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

Тараз-Алматы-Тараз.

Суреттерді түсірген автор.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support