- Advertisement -

Бұл алаң – субұрқақтармен сұлу

221

- Advertisement -

Көне Тараздың бүгінгі көркем келбетіне көз сүйсінеді. Аты алысқа кеткен аңыз шаһардың соңғы жылдардағы сұлу суреті көрген кісіні бейжай қалдырмайды. Қаланың жарқырып, жайнап, кемелдене түскенін барлық аумағынан байқау қиын емес. Шаһардың мұндай жетістігін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігімен байланыстыруға болады. Қайта түлеген Таразда жиырмадан астам ғажайып нысандардың салынуы өңір басшысының идеясы екені көпшілікке мәлім.
Осындай көз тоймас сұлулықты кеше ғана атауы өзгерген «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңынан (бұрынғы «Достық») көруге болады. Соңғы екі жыл көлемінде орталық алаңға ғажайып сәулет жұмыстары жүргізілді. Бірнеше жерге субұрқақтар орнатылып, оның сұлулығы ескерілді. Қазіргі кезде мұндағы субұрқақтар алаңға демалуға келген тұрғындардың назарын аударуда. Субұрқақтың суы түнге қарай толқынданып, бірнеше түске құбылып, жанып тұрады. Бірде сары, бірде көк, бірде жасыл түске боялады. Субұрқақтардың тазалығы, қауіпсіздігі, көпшілікке қолайлылығы ескерілген.
– Осында, орталыққа жақын «Атшабар» алаңында көп қабатты үйде тұрамын. Сондықтан кешкілік немерелерімді ертіп, орталық алаңға жиі қыдырып келетінім бар. Кейінгі жылдарда бұл алаң әсем, сұлу кейіпке енді. Оны күнде көзіміз көріп жүр. Әсіресе орталық алаңның бірнеше жеріне орнатылған субұрқақтар ерекшелігімен баурайды. Орталықта бұрыннан субұрқақтар болды. Бірақ бүгінгідей өзгеше әсері жоқ еді. Мынау субұрқақтардың түнге қарай неше түрлі түске өзгеріп, жанатыны қандай әсем! Сырға толы қою түнге әр-түрлі бояуымен ерекшеленіп, сұлулық символындай көрінеді. Немерелерім шыр айналып, осы субұрқақтардың жанынан шықпайды. Оларға да қызық, сұлулықты көргілері келеді. Осында қала тұрғындары естелікке суретке түсіп, мәз-мейрам боп, қуанышқа бөленіп жатады. Қала тұрғындарының осында келіп қыдырып, сұлулықты алаңсыз тамашалап жүргенін көрудің өзі біздердей алдыңғы толқынға шаттық, мерей емес пе? Осы орталық алаңға келіп, жақсы көңіл күйге бөленіп жүрмін деп айта аламын.
Жақында ақпарат құралдарынан оқып, телеарнадан естіп-біліп жатырмыз. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен бұрынғы «Достық» алаңы Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңы болып өзгерген екен. Бұл шешімді мен де қуана-қуана құптаймын. Бәйдібек батырдың еңселі ескерткіші осы алаңда тұр. Сәулеті мен сұлулығы жарасқан «Баспасөз үйі», Тараз қаласының әкімдігі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимараты, облыстық қазақ драма театры, Тарихи-өлкетану музейі, Әділет үйі, облыстық кірістер басқармасының ғимараттары орталыққа сән беріп тұр. Сондықтан осынау ғажайып алаңның 30 жыл мемлекетімізді басқарып, Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырған Ұлт Көшбасшысының атымен аталуын жоғары көңіл күймен қабыл алдым. Енді атауы өзгерген алаңда немерелеріммен серуендеп жүремін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Есенкүл Жансейітова.
Қаланың қарт тұрғыны осылай деп ағынан жарылды. Орталық алаңнан тағы бір байқалатын ерекшеліктер бар. Оның бірі – гүлзарлар. Әсем гүлзарлар түрлі ою-өрнегімен, алуан түрлі келбетімен алаңға ажар беріп тұрғаны анық. Түнде әртүрлі түске боялып, жанатын субұрқақтармен әдемі үйлесіп, «Біздерде мынандай бар, мынандай бар!» дегендей көңіліңді шарықтатып, мерейіңді өсіреді.
Орталықтағы орындықтар да түрлі ою-өрнектермен кестеленіп, алаңның сұлулығын үстей түскенін байқауға болады. Бұл алаңға кешкілік уақытта қыдырып келушілер өте көп. Сондайда жасы егде тартқан ата-апалардың бір сәт тынығып отыруына осы орындықтар өте қолайлы. Сырланған әсем орындықтарда сырласып отырған жастардың да әдемі жарасымы, алаңсыз күлкілерімен осы маңай ажарлана түскен.
– Тотыдай түрленген Тараздың басқа аумағында, «Арай» алқабында тұрамын. Достарыммен, студент жастармен, замандастарыммен бірге орталық алаңға келіп, серуендейтініміз бар. Қазіргідей өркендеген заманда бір орында тұрып қалуға болмайды. Орталық алаңның да кешегі келбеті мен бүгінгі келбеті екі басқа. Орталық алаңға ажар берген гүлзарларды көріп, тамашалап жүрміз. Осындағы жайлы орындықтарда отырып, алаңның түнгі көрінісін, түнгі сұлулығын көріп, жақсы әсерге бөленеміз. Гитарасын асынып келіп, ән салатын достарымыз да бар. Түйіндеп айтқанда, сұлу Таразды алаңсыз тамашалап, тұрғындарға осы сұлулықты сыйлаған құрылысшыларға, сәулетшілерге дән риза боламыз, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Әділет Сәкен.
Өзіміз де түнгі Таразды, орталық алаңды бір түн бойы тамашалап жүрдік. Орталықтың түнгі сұлулығы, көркемдігі керемет екен. Шынымен жанымыз жадырап, көңіліміз өсті. Тамырын тереңнен тартқан Тараздың өркендеуі оның болашағының зор екенін көрсетеді. Алаңға тартылған жарық шамдары самаладай жарқырайды. Үлкен-үлкен жарық шамдардан түскен күміс сәуле алтын шапағын шашқанда бұл төңіректі ұзақ қызықтап жүре бергің келеді. Мұндағы мекемелердің алдына егілген әсем гүлдер алуан түрлілігімен ажарланып, сұлулықтың үлгісін таратуда. Әсем талдар, шыршалар да – алаңның ажары.
Осы алаңда облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген іс-шаралар өтеді. Сондықтан бұл тұсқа мән берілгені бекер емес. Елімізге есімі кеңінен таныс белгілі тұлғалар, танымал эстрада жұлдыздары мен даңқты спортшылар осы алаңда тұрғындармен жүздесіп, талай жиындарға қатысқан. Алаңның кең әрі қолайлы болуы – Тараз қаласының тұрғындарының жақсы серуендеуіне мүмкіндік береді. Тіпті, қала қонақтары да орталық алаңды үнемі мерекелеуге шығатын жер деп түсінеді. Осындай ұғым облыс аумағында тұратын барша тұрғындардың көңіліне қалыптасып кеткен.
Соңғы жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңы өзгеріп, ажарлана түсті. Облыс халқы назарын аударған алаңның көз тартарлық деңгейде болғаны өте дұрыс. Оны өңірдің үлкен-кішісі, жақсы-жайсаңы, жастары, студенттер мен жасөспірімдері толық сезініп отыр. «Нұрсұлтан Назарбаев» алаңында әлі талай маңызды іс-шаралар мен қызықты серуен, демалыстар өткізіле беретіні анық. Мұндағы гүлзарлар мен шыршалардың күтімін, жарық шамдарының сапалы жануын қала әкімдігі назарда ұстап отыр. Түйіндеп айтқанда, сырттан келген қонақтарға «мінекей» деп көрсететін көрікті орынның бірі және бірегейі. Оған ешкімнің де дауы бола қоймас.
Шығыстың шайырлары тамсана жырлаған Тараздың сұлу келбетіне көз сүйсінеді. Жасай бер, көне де жас шаһар!

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support