- Advertisement -

Дамуымыздың басты бағыт тарын айқындап берді

43

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған биылғы алғашқы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға байланысты алдымызға асқаралы міндеттер қойғаны баршаға мәлім. Оның ішінде аграрлық сектордағы экспорттық мүмкіндіктерді барынша пайдалану, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, суармалы жер көлемін ұлғайту секілді мәселелерге айрықша мән беріліп отыр.
Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің еліміздің негізгі ресурстық әлеуеті ауыл шаруашылығы саласымен тікелей байланысты. Өзімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары сұранысқа ие экологиялық таза өнімдер өндіру үшін мүмкіндіктеріміз де мол. Мәселен, Жамбыл жері агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қолайлы бірден-бір өңір екені белгілі. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін отырған өнімдеріміздің үлесі жалпы республикалық көрсеткіштің 5,7 пайызын құрайды.
Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласына республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 20,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның қайтарымы да жоқ емес. Жыл басынан бері 111 564,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығы саласының негізгі қорына салынған инвестицияның көлемі 18 миллиард теңгені құрады.
Аймақта экспорттық мүмкіндіктерімізді мейлінше тиімді пайдалану бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Мысалы, биыл 1500 тонна сиыр еті мен 2000 тонна қой етін экспортқа шығару жоспарланған болса, қазірдің өзінде 949,3 тонна сиыр және 804 тонна қой еті шетелдерге жөнелтілді.
Бұдан тыс ет өндіру мен өңдеуді дамыту үшін Меркі ауданында малайзиялық инвесторлар өкілдігі – «Агростан Фармс» ЖШС 3 мың басқа арналған бордақылау кешенінің, Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» ЖШС ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жобасына сәйкес 3 мың басқа арналған асыл тұқымды мал түрлерін бордақылау алаңының құрылыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ қой еті экспортының көлемін арттыру үшін арнайы кластерлік жүйе құрылуда. Осы мақсатта зәкірлі кооперация қатынастары жолға қойылып, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Талас аудандарында жылына 20 мың бас қойды бордақылауға арналған алаңдар салынатын болады. Бұл кешендер мен ірі ет комбинаттары арасында тығыз байланыс орнатылмақ.
Облыста 2019-2026 жылдары жалпы құны 111,6 миллиард теңгені құрайтын инвестиция тарту көзделген. Ал ағымдағы жылы инвестиция есебінен Жуалы ауданында «Гамбург» ЖШС-ның 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының, Қордай ауданында «КazMeat» ЖШС-ның 8 000 басқа арналған бордақылау алаңының, Жамбыл ауданында «Danver-T» ЖШС-ның 120 гектарлық жылыжайының құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «КазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы қаржыландырылатын инвестициялық жобалар аясында 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалпы инвестициялық құны 3,7 миллиард теңгенің 3 жобасы Қордай, Меркі, Мойынқұм аудандарында жүзеге асырылуда.
Өңірде суармалы жердің көлемін ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстың коммуналдық меншігіндегі 283 су шаруашылығы жүйелері (каналдар) 2015-2018 жылдары республикалық меншікке өткізілді. Ал биыл қалған 202 коммуналдық меншіктегі ішкі шаруашылық су жүйелерін республикалық меншікке өткізу жұмыстары аяқталады. «Талас-Аса» КМК механикалық отряды арқылы облыстың коммуналдық меншігіндегі 13 мың гектар суармалы алқаптағы су шаруашылығы жүйелері және сыйымдылығы 1 миллион текше метрден асатын облыстағы 21 су қоймасынан шығатын су жүйелері, 5 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, айналымға қосылатын болады.
Облыс қазынасынан қарастырылған қаржыға жаңадан салынатыны және қалпына келтірілетіні бар, сыйымдылығы 17,9 миллион текше метрді құрайтын барлығы 20 кіші су қоймасы пайдалануға беріліп, 4 мың гектар көлеміндегі суармалы егістік жер айналымға енгізілмек. Сондай-ақ 4,7 мың гектар босалқы жерлер есебінен жоспарға сәйкес 2019-2021 жылдар аралығында 25,8 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылып, облыс бойынша оның жалпы көлемі 210,6 мың гектарға жеткізілетін болады.
Қорыта айтқанда, ел экономикасының негізгі басымдығына ие ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, өндірілген өнімді сыртқы нарыққа көптеп шығаруға үндеген жаңа Жолдау тәуелсіз еліміздің дамуының басты бағыттарын айқындап беріп отыр деуге толық негіз бар. Ең бастысы, жаһандық бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіріп, экспортқа шығаруға қол жеткізуге тиіспіз. Бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру баршамызға ортақ абыройлы міндетіміз деп білеміз.

Жандос ЖАҚЫПОВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support