- Advertisement -

ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

56

- Advertisement -

Еңбеккерлердің мүддесін қорғап қана қоймай, оларға сауықтыру орындары мен шипажайларға жолдама беріп, дұрыс демалуларына да көңіл бөлетін кәсіподақтар күні биыл 10 қазаннан бастап мерекелік күн ретінде күнтізбеге енгізіліп, бекітілді.
Кеше атаулы күнді 68 мыңнан астам мүшесі бар аймақтағы іргелі ұйым – облыстың білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы атап өтті. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін облыстық орталықта өткен форумда ұйымдастырушылар әрбір шақырылған қонақты алқызыл гүл шоқтарымен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарламамен басталған шарада алдымен облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сөз алып, жиналғандарды ұстаздар мерекесімен тұспа-тұс келген кәсіподақтар күнімен құттықтады. Екі ғасырдан астам тарихы бар кәсіподақтың өткеніне, бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.
– Облыстық салалық ұйымға біріккен 14 филиал мен тікелей бағыныстағы 3 құрылымдық бөлімшеге топтасқан кәсіподақ мүшелерінің саны 2014 жылы 65 мың болса, биыл 68 мың адамға артып, бастауыш ұйымдар саны 765-тен 796-ға жетті. Тек соңғы 4 жыл ішінде 23 мыңнан астам қызметкерге тегін құқықтық кеңестер мен көмек көрсетіліп, негізсіз кем төленген, заңсыз ұсталып қалған, қате есептелген жалақылар мен өзге де олқылықтар жойылып, 574 миллион теңге көлеміндегі қаржы сала өкілдеріне өндіріліп берілді. Соңғы бес жылда 22309 кәсіподақ мүшесі немесе саланың әрбір үшінші өкілі әртүрлі сипаттағы сауықтыру шараларымен қамтылып, оған 515 миллион теңге шамасында кәсіподақ қаржысы жұмсалды. Осы бес жыл аралағында сондай-ақ кәсіподақ тарапынан 95 білікті ұстаз бен 14 үздік білім мекемесіне ұйым қаржысы есебінен 22,6 миллион теңге сыйақы табыс етілді.
Алдағы уақытта 9-11-сынып оқушылары арасында «Ұстаз болғым келеді» атты байқау ұйымдастырып, жеңімпаздарды тегін білім гранттарымен қамтамасыз етіп, кәсіподақ тарапынан студенттік стипендия беруді де жоспарлап отырмыз. Кез келген кәсіподақ мүшесіне тегін құқықтық кеңес беру ісі бұдан әрі да жалғаса беретін болады.
Кәсіптік одақтар бүгінде еңбек адамдарының мүддесін қорғау, еңбек жағдайындағы озбырлыққа жол бермеу, әділетті де лайықты жалақы төлеу, оңтайлы еңбек жағдайын жасау арқылы экономикасы нық, даму бағыты айқын азаматтық қоғам құруда. Осы орайда, егеменді еліміздің көркеюі мен қарқынды дамуы өз қызметін абыроймен атқарып жүрген Сіздер сияқты әріптестердің іргелі істері мен оңтайлы шешімдеріне байланысты, – деген Ерұлан Мағзымбеков сала қызметкерлерінің бірқатарын Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Мұнан соң сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген ұстаздар мәртебесіне, 18 мыңнан астам бастауыш ұйымы бар кәсіподақтың алда тұрған міндеттеріне тоқталды. Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы республикадағы ең ірі әрі үлгілі ұйым екендігін мақтанышпен жеткізді. Қос мереке қарсаңында салтанатты шараға жиналған ұстаздар қауымына жылы лебізін арнай келе, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының бірнешеуін облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұл күні мәртебелі мұғалімдерге сонымен қатар, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының, білім саласындағы бақылау комитетінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының Алғыс хаттары да табыс етілді. Форум барысында бірқатар жас мамандар салтанатты түрде кәсіподақ мүшелігіне қабылданды. Алғаш рет «кәсіподақ билетін» алған жастарға сала ардагері Гүлсін Орынбаева ғибратқа толы ақыл-кеңесін айтып, еңбек жолдарына сәттілік тіледі.
Шара соңында форум қатысушылары Қарар қабылдап, концерт тамашалады.

Эльвира
Жарылқасынова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support