- Advertisement -

Этносаралық саладағы ерекшеліктерді зерттейді

60

- Advertisement -

Моноұлтты мемлекетке қарағанда көп этносты елдің өзіндік ерекшеліктері бар. Тілі басқа болса да, тілегі бір халық үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды. Ұрпағы толерантты мінез-құлықты бойға сіңіріп өседі. Жалпы, ұлтаралық саладағы біздің мемлекеттің саясаты саналуандықтың бірлігіне негізделген.
Елдегі бірлік пен ішкі тұрақтылыққа өзек болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған ғылыми-сараптамалық топ осы этносаралық ерекшеліктерді зерттейді. Бүгінде аталған топ ұлттық өзгешеліктер мен өзара ұқсас дәстүрлерге саралау жұмыстарын жүргізіп, зерттеу жұмыстарына ғылыми негіз бере бастады. Соның нәтижесінде мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалауға, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік туып отыр.
Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясында Елбасы ғылыми-сараптамалық топ жұмысын жетілдіру керек екенін баса айтып, бұл бағытта нақты тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта аталған институттың ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспары жасалған еді. Оған біздің облыстық ғылыми-сараптамалық топ мүшелерінің 7 ғылыми-зерттеу жұмысы еніп отыр. Атап айтсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақтану» жобасының аясындағы қоғамдық бірлік пен азаматтық бірегейлікті нығайту бағытындағы, мемлекеттік этносаясат пен этносаралық және конфессияаралық ахуал бойынша мониторинг жүргізуге, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін ұсынатын және «Ұлы Дала тарихы» жобасы аясындағы зерттеулер мен экспедициялар, демография мен миграция тақырыбындағы зерттеу жұмыстары. Бұл – аймақтық топ мүшелерінің тынымсыз ізденістерінің жемісі.
Әлеуметтік-демографиялық және этносаралық салалардағы ғылыми жұмыстардың жиынтық жоспарына сәйкес облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қарым-қатынас саласындағы сараптамалық-кеңес беру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар этносаясаттың өңірдегі конфессияналдық, әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер әсерін зерделеді. Мұндай қадамға барудың да өзіндік себебі бар. Өйткені Жамбыл жері басқа өңірлерге қарағанда көпэтносты әрі өзге мемлекеттермен шектесетін шекаралық аумақтары бар аймақ.
Соңғы жылдары біздің облыстық ғылыми-сараптамалық топтың құрамы күшейе түсті. Олардың арасында этномәдени орталықтардың жетекшілері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де бар. Сонымен қатар бұл қатарға Тараз қаласындағы 3 жоғары оқу орнының 18 ғалымы қосылды. Оның 4-еуі ғылым докторы, 7-еуі ғылым кандидаты. Міне, осы құрам кейінгі уақытта өзекті 7 тақырыпты зерттеу үстінде. Оның алтауы – ұзақмерзімі жобалар. Соның ішінде Жамбыл жеріндегі этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынасты зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі өте өзекті. Ал «Жаһанданудың Қазақстандық бірлікке тигізер әсері», «Рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал ететін «Этноконфессияаралық келісім – жалпықоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі факторы» атты зерттеу жұмыстары да бар.
Біздің топтың мүшелері жыл сайын қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың қазақстандық моделін айқындайтын республикалық үздік ғылыми жобалар конкурсына қатысып отырады. Ұсынған жобасы сарапшылардың назарын аударған тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Сейтқұлова, педагогика ғылымының кандитаты Рысты Керімбаева осы бәсекеде жеңіске жеткен. Бұл байқаудың өзі еліміздегі этносаяси және әлеуметтік мәселелерді жетілдіруге ғылыми-зерттеу тобы мен жастардың потенциялын пайдалану мақсатында ұйымдастырылатынын айтқан жөн.
Тағы бір айта кететіні, бүгінде өңірімізде Жамбыл жерін қоныс еткен этностардың интерактивті картасын түзу бастамасы табысты жүргізілуде. Аймақта тіркелген барлық этномәдени орталықтардың паспорты, олардың статистикалық және сараптамалық мінездемесі, атқарған жұмыстары мен өткізген шараларының барлығы арнайы Картаға енгізілген. Барлық мәліметтер жылына бір рет жаңартылып отырады. Оны ank-tarsu.kz сайтынан көруге болады.
Қыркүйек айынан бастап ғылыми-сараптамалық топ урбанизация мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастағалы отыр. Жалпы, өңірде этникалық ерекшеліктерден туындамайтын, бірақ барлық этносқа ортақ әлеуметтік мәселелер бар. Әсіресе, қалалық жерлерде баспана жайы, құрылыс үшін жер телімдері басты түйткілге айналған. Сондай-ақ тұрақты жұмыс табу, бизнес коммуникацияларына қатысты, шешілмеген жастар проблемаларын айта кеткен жөн.
Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында Елбасы: «Бір кездері ұлттық, діни саясаттағы қателіктер ауыр тарихи драмаға себеп болады. Мемлекет бола алмаған елдердің өкінішті тәжірибесі кезінде сол жердегі адамдар бірлікті, келісімді және өзара түсіністікті сақтай алмағанын көрсетеді», – деп әлем елдерінің тарихы этникалық қақтығыстар ең қуатты деген мемлекеттердің өзін құлдырауға алып келгенін атап көрсетті. Біз мұндай қателіктерден аулақ болуға ұмтылуымыз керек. Берекенің бастауы – бейбітшілік екенін ұмытпауға тиіспіз.
Біз бір нәрсені анық айта аламыз. Елбасы төрағалық ететін Ассамблея бүгінде халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналған. Мемлекетіміздегі 130-дан аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым – елдегі әлеуметтік бірліктің негізгі өзегі.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры,
облыстық Ассамблеяның жанынан құрылған ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support