Қарагер

немесе Сәйгүлік болған екен бір ғажайып

Талайдан қалып қойған мұралар бар,
Тасқыннан қалып қойған жыралар бар.
Тарихтың тереңіне сапар шексек,
Ақиқаттар көмілген ұралар бар.
Қарагер тағдырың бар жырға лайық,
Тарихын қазып алып бір қарайық.
Үңілсек өткен күннің елесіне,
Сәйгүлік болған екен бір ғажайып…

(Сарысулық ақын Береке Базардың
«Қарагер» поэмасынан үзінді)

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын бағдарламалық мақаласындағы «Атқа міну мәдениеті» бөлімінде: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзінде Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз ревалюцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады…» деп атап көрсетті.
Төрт түліктің осы түрінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бүтіндей бір елдің, тұтастай бір өңірдің атын аспандатып, қазақ даласына паш еткен жер апшысын қуырған сәйгүліктер аз болмаған. Тарихи дүниелерді оқысаңыз, көнекөз қариялардың естелік-әңгімелеріне құлақ түрсеңіз, қазақ даласында аузымен құс тістеген небір тұлпарлар өткеніне көз жеткізесің. Лиро-эпос жырларынан батырлар мінген жер апшысын қуырған, жауды қусаң жететін тұлпарлар ұрыс қимылдарына да бейім болғанын аңғарасың.
Ақан серінің қазақ даласына кеңінен жайылған атақты тұлпары-Құлагері бастаған небір жүйріктер өтті, қазақтың кең даласында. Сал-серілер, батырлар мен ақындар да ат баптап, жүйрік ұстағаны белгілі. Қай заманда да бәйге бермеген жүйрік өзі мекен ететін өңірдің мақтанышы мен көз қуанышына айналды.
Ата-баба сан ғасыр арман еткен тәуелсіздігімізді алып, азаттықтың ақ таңымен салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта оралды. Тұңғыш Президенттің жоғарыда сөз болған бағдарламалық мақаласындағы «…Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» деп атап көрсеткендей, қазақ халқы да даңқты перзенттерінің рухына тағзым ететін аса ауқымды шараларды өткізуді қолға алды. Қазақ елінің әр қиырында алты алашқа сауын айтып, белгілі тұлғалардың рухына ас беріп, ат шаптырып жатты. Ондай аламандарда кең даланы дүбірге бөлеп облыстан небір тұлпарлар шықты. Қордай ауданының жүйріктері республикалық аламан жарыстарда облыстың мерейін өсіріп, жүлделі орындардан көрінді.
Сонау біздің бала кезімізде «Байқадам» кеңшарының ферма меңгерушісі болған, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, бүгінде тоқсан жасқа таянған қадірменді қария Аман Данияровтың Қарагері небір аламанда алдына жүйрік салып көрмеген, салған жерден оқша атылып, мәреге бірінші келіп жететін сәйгүлік еді. 1 мамыр – Халықаралық ынтымақ күні мен 7 қараша – Ұлы Октябрь революциясы күні мерекелерінде түстен кейін «Шабақты» өзенінің іргесіндегі атшабарда ұлттық ат спорт ойындары өтетін. Мерекелік шеруден өтіп, концерттік бағдарламаны, мәдени-көпшілік шараны тамашалап шыққан халық түс ауа солай қарай ағылатын. Аламан бәйгеде «Бірінші болып Байқадамнан Аман Данияровтың Қарагері келді» деген бәйге жүргізушісінің сөзі біздің жадымызда жатталып қалыпты.
Балалық қызығушылықпен бәйге аттың жанына жақын келіп көрмек болып, талай рет барғанымыз есте. Қайдан, тұлпарды суытатын біздің жақын ағайын болып келетін белгілі атбегі, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері Қалдыбек атамыз мәре сызығын кесіп өтісімен, Қарагерді тұмшалап, жетектеп алып кететін. Бір жағынан сәйгүліктің иесі Аман ағамыз шығады. Қиқулап, уралаған жағалбайлы ағайындар да жануарды сұқ көз, суық сөзден сақтамақ болып қоршап ілесе жүретін. Жылқы десе, оның ішінде тұлпар десе қай қазақ баласының қаны қызбаған, қызықпаған. Бір ауылда тұратын Қалдыбек атамыздың үйіне әрнәрсені сылтауратып қанша барғанымызбен көптің көзінен таса ұстайтын тұлпарды көре алмаушы едік. Жарықтық атамыз «көз тиеді» дей ме, бала-біздерге де көрсетпейтін. Аламан бәйге қарсаңында жануарды суытуға алып шыққанда ғана көріп қаламыз. Жануардың аяқтары ұзын емес, дене бітімі де лиро-эпос немесе батырлар жырынан оқитын тұлпарларға келмейтін, кішігірім ғана ат болатын. Ат сыншысы немесе атбегі болмаса бір көрген кісі аламан сайын бірінші келеді дегенге сенбес еді. Сонда да бала қиялмен «шіркін, мына жүйрікпен бәйгеге шапқан шабандоз бала да не арман бар» деуші едік. Ондай сәйгүліктің құлағында ойнайтын өз шабандозы болатынын, қайдан білейік онда.
«…Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты» деді Елбасы бағдарламалық мақаласында. Қалдыбек атамыз көшпенді бабалар ойлап тапқан сол ер-тұрман мен үзеңгіні, бәйге аттың жүген, ноқта, жабу, басқа да керек-жарағын өзі жасайтын. Аттың иесі жемшөбі, басқа да қажеттіліктен тарылтпаған соң атбегі ата сәйгүлікті баптауда бар өнерін салатын.
Үлкендер жағы Аман Данияровтың Қарагері Ильяс Жансүгіров бейнелеген Ақансерінің Құлагері еді дейтін. Әйгілі поэмада суреттелген «Құлагердің» бейнесіндей деп отырғанын талай естідік. Атағы жер жарған бәйге атты көргенімен ойын баласы-біздің не түсінгеніміз бар. Сарысуда бәйге бермеген «Қарагер» облыстық аламанда да талай рет қара үзіп, бірінші келіп жүрді. Тіпті республикалық жарыстарда да бірнеше рет олжа салды. Осылайша ауданның аты даңқты өнерлі азаматтарымен қатар, Қарагер бәйге атпен де жер жарып жатты.
– «Ат – ер қанаты», бұл – ата-бабадан қалған сөз. Қанаты жоқ құс ұша алмайды, ер жігітте астында жарау аты болмаса ешнәрсе бітіре алмас еді. Қазақ халқы ұшса, құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын ұлан-байтақ ұлы даланы аттың жалында жүріп қорғап қалған. «Атқа шапқанда байдың ұлысың, тоқтағанда кедей екенің еске түседі» дегенді де біздің қазақ айтқан. Бұл сөз ат үстінің құдіретін білдірсе керек. Өзімізде бала кезімізде атқа мініп, бәйге суытқандардың жанынан табылдық. Кезінде ас беріп, ат шаптырудан бөлек, ауданда екі рет ат жарысы тұрақты өткізіліп келді. Сол жастық шағымызда есте қалған кейбір сәйгіліктер әлі де санамызда жарқырап тұр. Соның бірі әрі бірегейі – Ұйым ауылының тұрғыны Аман Данияров ағамыздың атақты Қарагері. Денесі өте шағын және жуас еді жануар.
Қазақстан Республикасының 50 жылдығына өткізілген бәйгеде 120-дан аса жүйріктің ішіндегі «Қарагердің» дене бітімінің кішілігін келеке етіп, «есек те аламан бәйгеге қосылады екен-ау» деп өзге өңірден келген ат қосқандардың күлгені естен шықпайды. Сол аламанда қас қылғандай мәре сызығын бірінші кесіп өтіп, әлгілердің күлкісін сап тиғызып, сарысулықтардың мерейін үстем етті жануар. Атқа шапқан шабандоз-Амангелді Күзекбаев «алғашқы үш айналымда аттың көптігінен ұзап шыға алмағаныммен, төртінші айналымда алға жеке шықтым. Екінші ат 400-500 метр кейін келді» деп еді сонда. 1968 жылы Сарысу ауданының Жайылма ауылында өткен бәйге де есте қалыпты. Күн ыстық еді, үш ат зорығып өлді. Қарагер екінші аттан 300 метр қашықтықтай алда келді, – дейді Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, еңбек ардагері, Саудакент ауылының тұрғыны Дүкенбай Наурызбаев.
Бәйге ат туралы сөз болғанда оның жайын сол тұлпарды баптаған атбегіден артық ешкім білмес, сосын шабандоз бала айтады. Қарагерді баптаған Қалдыбек атамыз сол бәйге аттан кейін көп ұзамай өмірден өтіп кетті. Шабандоздың бірі де мына жалған дүниеден ерте кетіпті. Әйгілі сәйгүлікті тақымына басқан тағы бір азамат жоғарыда сөз болған Амангелді Күзекбаев бүгінде Ұйым ауылында тұрып жатыр. Пайғамбар жасынан асқан аттас аға бірден шешіліп кете алмады. Бәлкім, осыдан жарты ғасырдай бұрын бәйге атпен шапқанын еске түсірмек болды, мүмкін қанатты жануардың үстінде зулаған күндерін еске алмақшы болды ма, біршама үнсіз отырды. Әлден уақытта барып сөз бастады.
– Байқадам орта мектебінде 9-класта оқимын. «Байқадам» кеңшарының «Газ-53» автокөлігіне Қарагерді артып алып, Қойшығара Бектөреев ағамен Жамбыл ауданы «Амангелді» ұжымшарының басшысы, жерлесіміз Бәжек Шахановтың үйіне келіп түстік. Ол кісінің үйінде бір күн қонақ болып, ертеңіне ауыл іргесіндегі облыс орталығының атшабарына келдік. Содан аламан жарысқа 70-ке жуық ат шықты. Құдай сақтасын, бәйге аттың дені жүлдемді шаппай бер дегендей бірінен бірі өтеді. Бүгінде Т.Рысқұлов аталатын ауданның «Жылқы зауытының» өзі оншақты «Ақалтеке» тұқымды бәйгесін алып келіпті. Жарыс алдында нөмір бойынша рет-ретімізбен өткізіп жатқанда әлгі аттардың ішіндегі ең кішісі астымдағы Қарагер болды. Менің де денем жетісіп тұрған жоқ, шынашақтай баламын. Астымдағы атым таныстыру кезінде ауыздығымен алысып, ойнақтай шықты. «Мынадай таймен де аламанға келеді екен-ау, шаң жұтып қаласың ғой, ей бала» деп ат үстіндегі замандастарым келеке етіп жатыр. Кіммен сөз жарыстырарсың ондайда. Астымдағы бәйге атыма сеніп тұрсам да іштей бір Аллаға сыйындым.
Сырын білетін жануар бірден оқша атылсын. Арагідік ауыздықты тежей тартып қоямын. Ал жібере салсам, сол кезде жаңадан шығып жатқан «Жигули-2106» жеңіл автокөлігіндей зулай жөнеледі. Сол шабыста аттың жалына жабысып қалғандай болдым. Кеудеңді сәл көтерсең ат үстінен керемет екпін ұшырып кетеді. Көрермендер мен жанкүйерлер қатарына таянғанда қазақтың күйі төгіліп сала берді. Музыкаға қалың жұрт айқайға қиқу қосқанда жануардың шабысы тіпті сұмдық болып кетті. Сол жарыста 200 метр суырылып алда келгенім әлі күнге есімнен шыққан емес.
Аман Данияровпен «Байқадам» кеңшарында мал шаруашылығында бірге қызмет еткен, еңбек ардагері Марқаш Мизамбаев Қарагер туралы былай дейді:
– Аман ағамыз әйгілі жүйрікті тай кезінде кіші жүздің тама руының Есентай атасындағы нағашыларынан алған. Жылқы малы десе, делебесі қозып кететін ағамыз Қарагердің сол кезінен бастап-ақ тұлпар болатын болжайды. Содан іргелес жатқан «Коммунар» кеңшарының тұрғыны, белгілі атбегі, әрі атақты қолөнер шебері Қалдыбек қарияға баптатты. Қарагер үш рет республикалық, он бес рет облыстық және аудандық, ауылдық жарыстарда барлығы 24 рет бәйге алды. 1972 жылы облыс аудандарының бірінде өткен асқа арналып берілген бәйгеде мертігеді. Атты баптап, аламанға апарған Қалдыбек қарияның көзін ала бере ас беріп, ат шабатын ауылда жер апшысын қуырып келген жануарға қаскөйлер түн жамылып, жем беріпті. Ақансерінің заманындағы Құлагерді құлатқан Батыраштардың сарқыты қызғаныш пен көреалмаушылықтан Қарагерге де осылай қастандық жасады. Аламан бәйгеде алдына жүйрік салмай оқтай зулап келе жатып екі рет жығылып, орнынан тұрған жануар тағы да зулап алға шыққанда қайта мұрттай ұшып, тізерлеп қалады. Ат иесі Аман аға бастаған бес азамат тұлпар құлаған жерге жетіп, жүк көлігіне қарғып мінетін есіл жүйріктің жаутаңдаған жанарын көргенде Қалдекең мен Аман ағаның жүрегі қан жылайды. Қарагер поэмасында жүйріктің осы бір аянышты күйін, ат иесі мен атбегінің жан тебіренісін Береке Базар ініміз былай суреттейді:

…Тұлпардың халі нашар, түсі бөлек,
Жәйі жоқ байқарлықтай кісіні елеп.
Жануар ішіндегі мұңын шағып,
Бір сыңай танытады кісінемек.

Үстіңгі ерні жоғары ысырылып,
Бас тері тұр кекілде сыпырылып.
Сынсада түсіп қалмай жақ етіне,
Салбырап тұрды күрек тісі ілініп.
Алдыңғы екі аяғын таяныпты,
Итке ұқсап отырысы аянышты.
Шабандоз бала жатыр өксіп жылап,
Құс жастықтай құшақтап баялышты.

Баланы жұбатты Аман басу айтып:
«Ер жігіт жыламайды жасыма өйтіп,
Межеден шыққаныңнан барлық жайды,
Қане балам, бер бізге ашық айтып»

Әр сөзі өксігімен араласып,
Бұларға сөз бастады бала жасып:
– Оқ бойы озып шығып, бір жығылды,
Құлпырып ойнап шауып бара жатып.
Мен зақым болғаным жоқ Құдай сақтап,
Қасымнан озды тобыр, күліп сақ-сақ.
Таң қалдым аяғының икемі жоқ,
Салақ ат емес еді, бұлай шаппақ.

Атымның аман екен басы-көзі,
Қайтейін мен ұзартып қысқа сөзді,
Қарғып мініп қайтадан қамшы бастым,
Қуып жетіп топ атты басып озды.

Екінші тағы құлап, тағы озды.
Жүйрікті мұндай кімнің көрген көзі.
Үшінші жығылғаны мынау ғой-деп,
Өкірді ұстай алмай өзін-өзі.

Қайран сәйгүлік, аяғына жем түскен сол астан кейін бір жыл бойы мертігіп, шабудан қалды. Аяқтан мертіксе де қанатты жануарды жем-шөптен тарықтырған жоқ. Күтімі күшті болған соң жануар әбден семірді. Табан қазы байласа да пышаққа түсіруге қимай жүргенде елге сыйлы, дуалы ауыз қария Ерубай Жандыбаев Аман ағамызға «Қайынатаң Дәужанның асына атағы алты алашқа тараған, бүгінде шабудан қалған Қарагеріңді сой, жануар ауданның атын аспандатты, елдің атын шығарды. Дәужан қарияның рухына арналып құран түсірілгенде асқа жиылған қалың жұрт қадірлі кісімен қатар, Қарагерді де еске алсын» дейді. Ағамыз қанша қимаса да ақыры сөйтті. Айтқандай, аста Дәукеңнің елге сіңірген еңбегімен бірге жүйрік ат жайлы небір әңгімелер өрбіді.
Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де бүгінде аңызға айнала бастаған Қарагер жайлы әңгіме Сарысуда ауық-ауық айтылып қалады. Шежірелі қария Аман Данияровтың өзі болса «менің атым ондай еді, мұндай еді» деп мақтанудан аулақ. Қайта тұлпары еске түссе көңілі босап, жанары жасаурайды. Сонда да бірде бәйгесі туралы әңгімеге тартып көргенмін. Көсілтіп кете қоймады, қос жанарын әлде бір ноқатқа қадаған бойы қазыналы қария ұзақ ойға кетті. Әлден уақытта: «Шырағым, мына поэманы ақын балам Береке жазған, осыны оқысаң жүйрік атымның қандай болғанын білерсің. Қажет деп тапсаңдар газетіңе жарияларсың» деп қолыма бір дәптерді ұстатты. Кейіннен ақын жігітке 7-8 сағат бойы тоқтамай әңгімелегенін естідім. Бәйге ат туралы нақты әңгімелейтін көнекөз қариялар табиғат заңымен кетіп жатыр. Дегенмен ұрпақ ауысқанымен кейінгі толқын үлкендерден естіген әңгімелерін шашау шығармай өз замандастарына, кейінгілерге жеткізіп жатады. Мәселен, Жаңатас қаласының тұрғыны, тарихқа, өр өнерге жақын жүретін азамат Нұрғали Қаспақов «Қарагер асқа сойылғанда жануардан қосымша бір қабырға шығыпты» дейді бәйге ат туралы пікірлескенімізде. Ол да үлкендерден естігенін айтып отыр. Жануардың жер апшысын қуырып, алдына бәйге салмағаны қос қанаты болған сол бір қабырға шығар…
«…Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуы дегеніміз осы» деді Елбасы бағдарламалық мақаласында. Тарихты білу, өткенді еске алып, бағалау бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы. Кең даланы төсінде талай аламанда олжа салған, Аман Данияровтың ғана емес, ауданның, облыстың атын шығарған Қарагердей тұлпар әлдеқашан тарихқа айналып кеткенімен, заты жануар болғанымен, қас жүйрікті әңгімелей отырып, оның иесі, өзінің саналы ғұмырын ауданның ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне арнаған Аман Данияровтай абыз қария бүгінде тоқсан жасқа таянып, алып бәйтеректей өсіп-өніп, Ұйым ауылында аман-есен тұрып жатқанын да еске сала кетуді жөн көрдік. Бірлік пен ынтымақты биік қойған сарысулықтардың ақылшысы. Жылқы десе, бәйге ат көрсе елең ете қалатын қасиеті әлі де бар жанында.
Қазақтың қанында бар бәйге барда, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан атбегілік қасиет барда облыстан әлі талай «Қарагер» шығады.

 

Амангелді ӘБІЛ

Суретте: Аман ДАНИЯРОВ.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/