Барша баланың ұстазы

Жазушы-драматург, журналистика саласының ірі өкілі Әлдихан Қалдыбаев жайлы жазуға құқым жоқ болуы да мүмкін, бар болуы да мүмкін. Құқымның жоқ болатыны – жерлесіміздің қазақ балалар әдебиетінде үлкен орны бар екендігі, ол кісі жайлы елімізге белгілі мүйізі қарағайдай жазушылардан бастап, облыстың маңдайалды қаламгерлері көсіліп жазса, жарасатындығы. Құқымның бар болатыны – менің де жас журналист кезімнен Әлдекең көкеміздің қасында көбірек жүргенім бар. Облыстық жастар газетінде жеті жылға жуық бірге еңбек еткеніміз де рас. Әрине, екеуміздің қызметіміз екі басқа. Әлдихан ағай – бас редактордың кеңесшісі болды, мен – бөлім меңгерушісі едім.

«Шаншар атайдың»
өзіндей ғой

2006 жылдың көктемінде Әлдихан Қалдыбаевтың үйіне амандасуға барып, балалар әдебиетінің бағбанын сол күні бірінші рет бетпе-бет көргенмін. Ертеңіне ол кісіден көлемді сұхбат алғаным, сол жетістігім үшін жүрегім алып-ұшып, керемет қуанғаным есімде. Ауылда жүрген бала күндерімізде Әлдихан ағаның «Шаншар атайын», «Ата» кітаптарын оқып өстік. Беріректе облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы ретінде де таныдық. Шалғай ауылдағы біздер үшін Әлдекең қолымыз жетпейтін өте биік адам болып көрінетін. Беріректе «Мен – апамның баласымын» романын тұшына оқыдық. Сондай бала көңілімде үлкен құрметпен сақталған кісіден көлемді сұхбат алып тұрып, неге қуанбайын.
Әлдихан Қалдыбайұлы 2012 жылдары халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды. Әлдекең сол кезде ерекше қуанды. Сол көңіл хошын жастар басылымының әр журналисімен бөлісіп, ағынан жарылған еді. Бәлкім, бұл сыйлық Әлдекеңе кешігіп жеткен болар. Ерекше қуануының бір себебі сол шығар деп ойлағанбыз.
2014 жылдың аяғында менің «Шөбере» атты әңгімелер жинағым жарық көрді. Оның алғысөзін Әлдихан Қалдыбаев жазған еді. Одан кейін де амандық-саулық сұрасып, сөйлесіп тұрдық.
2015 жылдың 8-қарашасында балалар жазушысы өмірден озды. Қоштасу жиынына барып, ол кезде көзі тірі қаламгер ағамыз – Арғынбай Бекбосынмен қатар жаназасында тұрған едік. Қырық күндігіне дейін бейсенбі сайын үйіне барып тұрғаным да есімде. Өмірлік жары Бану Тасболатова апайымыз да бұған қуанып қалатын.
Шынын айту керек, кейінгі екі жылда қу тіршілік күйбеңімен Әлдихан ағайдың шаңырағына бас сұқпай кеткен екенмін. Жақында іздедім. Бұрынғы №1 қалалық ауруханаға қарама-қарсы, Төле би көшесіндегі үйіне жетіп барайын. Есікті ашқан ұлты орыс ақсары қыздың сөзінен шала-шарпы түсінгенім, ағаның отбасы бұл үйді сатып, көшіп кетіпті. Ақыры, өзімнің әріптесім Жанна Бейсенқұлова (ол Ә.Қалдыбаевтың бас редактор кезінде жұмысқа қабылданған) Теміржолшылар ауруханасы маңындағы Әлдихан ағаның отбасы орналасқан жаңа мекен-жайды тауып берді.
Көп ұзатпай газетіміздің фототілшісі Ақәділ Рысмахан екеуміз барып, жазушының жұбайы, Білім беру ісінің үздігі Бану Тасболатова апайды суретке түсіріп, сұхбат алдық. Бану Қарақызы сергек, көңілді, жақсы отырды. Оған біз де қуандық.

«Елу жыл отандасып,
«шәй» дескен жоқпыз»

– Бану Қарақызы, бұл сұхбатты сағынышты жылдарға сапар шегуден бастасақ, таныстықтарыңыз қалай басталды?
– Әлдиханды ұмытпай, іздеткен «Aq jol» газеті редакциясы басшылығына, ұжымға рахмет! Жазушы Қарауылбек Қазиев та Әлдекеңнің ауылынан ғой. Қарауылбектің жары Вера (ол кезде екеуі қосылмаған) – менің құрбым болатын. Бұл – 1965 жылдың алғашқы айлары. Тараз қаласының (ол кезде Жамбыл) орталығында үлкен «Гастроном» бар еді. Вера сонда жұмыс істейтін. Мен бұрынғы педагогикалық училищенің соңғы курсында оқып жүргенмін. Бір күні кешке Вера мені жұмысына шақырды. Ойымда түк жоқ, шақырған соң бардым. Сыртта бөтен бір жігіт тұр. Мойнына сол кездің сәніне айналған галстук тағып алыпты. «Сәнқойын қарай гөр, өзінің!» деп мән бермей, ішке кіріп кеттім. Сөйтсем, Вераның ойы басқа. Әлгі сәнқой жігітім – Әлдихан екен. Сол күні таныстық.
Арада 7-8 ай өткенде, 1965 жылдың қазан айында бірге шаңырақ құрдық. 2015 жылдың қазанында отау құрғанымызға 50 жыл толып, Әлдекең 76 жасқа келген болатын. Онымен 50 жыл отандасып, «шәй» дескен жоқпыз.
– Жазушының жары болу оңай емес шығар. Ағайдың мінезі қандай еді?
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім. Жалпы, әдебиет адамының жары болу оңай емес дегенді көбірек естиміз. Ақын-жазушылар мінезді келеді, олардың көңіл күйін бағу жеңіл емес дегенді айтатындар көп. Мен Әлдекең жайлы олай деп айта алмас едім. Бұл – Әлдекеңде мінез жоқ, қойдан жуас, момын деген сөзім емес. Оның толғанатын, буырқанатын кезі көп болды. Шыншыл еді. Адамдарға орынсыз ауыр сөз айтпайтын. Шығармашылық жолында да үйге шаршап, күйзеліп келетін сәттері болған жоқ демеймін. Әдебиет төңірегінде өзіндік ойы, өзгеше пікірі бар-тын. Әріптестерімен дау-дамайға түсетін кездері де болды. Бірақ ондай асау мінезін үй ішінде көрсеткен емес.
Үйге келген кезінде көбінесе менің қабағыма қарайтын. «Бану, мұғалімнің жұмысы жеңіл емес. Шаршаған боларсың. Демалып ал» деп жанашырлық танытып жүретін. Елу жыл отандасқан екенбіз. Елу жыл елу күндей өте шықты. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Екеуміз Бауыржан, Раушан, Ләйла атты ұл-қыздар өсіріп, тәрбиеледік. Қазір олардан 6 немере, 2 шөбере сүйіп отырмын.

«Құрмет тұтатын
кісілері көп еді»

– Әлдихан аға шығармаларын қай уақытта жазатын еді? Кейбір жазушылар түннің бір уағында жазуға отырады. Кейбірі жыл мезгіліне қарай жазады дегенді естиміз…
– Түнімен ұйықтамай жазу әдетінде болған жоқ. Әлдекең таңертең ерте оянатын, сағат 5-тен тұрып жазатын. Мезгілдердің бәрінде көңілді жүргенмен, қыс мезгілін ерекше жақсы көретін. Жаңа жауған ақ ұлпа қарды тамашалаудан, қыстың таза ауасымен тыныстап жүруден жалықпайтын. Жұмысбасты болса да, көңілінде сан түрлі ой қатталып тұрса да, отбасына, балаларына көңіл бөліп үлгеретін. Балаларына да мейірімді, шуақты, жайлы әке болды. Жақсы шығармалар жазды.
«Шаншар атай» деп аталатын туындысы 1980 жылы Жамбыл облыстық драма театрында койылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқау-конкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран, Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енген. 1999 жылы «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары, 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы, 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008 – 2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы «Көңіл көмбесі» атты кітабы жарық көрді. Жазушының бірқатар туындылары орыс, беларус, армян, түркімен, татар тілдеріне аударылған.
2009 жылы Түркістан сазды-драма театрында «Әкімнің туған күні» атты трагикомедиясы қойылған.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Білім беру ісінің үздігі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.
– Кімдермен жақсы араласты? Жазушылардан бөлек еңбек адамдарынан, өнерпаздардан, зиялы қауымнан кімді жанына жақын тұтты?
– Қолына қалам ұстаған, елімізге танымал кісілерден Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Өтеген Күмісбаев, Ерғали Ахметовпен жақсы араласты. Сондай-ақ Баттал Жаңабайұлы, Мейірхан Қуанышбаев, Арғынбай Бекбосын, Жандар Кәрібаев, Кәрім Баялиевпен де достық қарым-қатынаста болды. Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағалығын жазушы Несіпбек Дәутайұлына берді. Сол кезде «Ақ жол» газетінің редакциясында еңбек еткен ақын-жазушылар Жақсылық Сәтібековті, Бақытияр Әбілдаұлын, Мұрат Сыздықты, Елен Әлімжанды, Көсемәлі Сәттібайұлын, Болат Бекжановты, Ақылжан Мамытты, Баймаханбет Ахметті әріптестері ретінде де бағалайтын.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Әбдімомын Желдібаевты және жазушы Қарауылбек Қазиевты құрмет тұтатын. Олармен Әлдекең бір ауылда туып-өскен ғой. Балалар тақырыбында жазатын Пернебай Дүйсенбинді бағалады. Облыс деңгейінде басшылық қызметте жүрген кісілерден Әлмұхан Исақовты, Саттар Жанәбіловті, Әбдірахман Мамашевты, Әмірбек Дәуреновті және Жорабай Молдақұловты досы, сырласы санайтын. Қасымхан Төлендиевті, Ілияс Тортаевты інілерім деп сыйлап, ағалық пейілін көрсетіп жүретін.

«Мұралары музейге қойылса»

– Қаламгер ағаның облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газетінде істеген жылдарынан сыр шертсеңіз. Еңбек жолы қалай басталды?
– Әуелі облыстық радио комитетте еңбек жолын бастады. Ол мекеменің басшысы Көкіш Рыспаев еді. Жап-жақсы жұмыс істеп жүрген. Ол жылдары Әлдекеңнің «Көк дөңгелек» атты алғашқы кітабы жарық көрген. Сол кітап Жазушылар одағының облыстық филиалы жанындағы алқада талқыланып, жақсы бағаланады. Сол кездегі бас редактор Баттал Жаңабайұлы да әлгі жиынға қатысады. Сөйтіп, Баттал Жаңабайұлы: «Мұндай талантты жігіт газетте қызмет етуі керек» деп Көкіш ағадан аттай қалап, Әлдиханды «Ақ жол» газетіне алдырғаны бар. Арада 4-5 жыл облыстық партия комитетіндегі нұсқаушы қызметін есептемегенде, Әлдекеңнің зейнетке шыққанға дейінгі өмірі «Ақ жолда» өтті. Әдеби қызметкерден бас редакторлыққа дейінгі ұлағатты жолдарға қадам басып, биіктеді.
Айтпақшы, облыстық партия комитетінде жүргенінде мынадай қызық болған. Облыс басшылары Әлдекеңді бір ұжымшардың (колхоз) төрағалығына ұсыныпты. Әлдихан оған бармай, қаламымды тастамаймын деп «Ақ жолға» қайта ауысты ғой. Абыройлы еңбек етті деп ойлаймын. Әріптестерінің бәрін сыйлап, жас журналистерді де бағалап, ертеңінен үміт күтіп отыратын.
– Қандай тілегіңіз бар?
– Көп тілегім жоқ. Әлдиханның жазған кітаптары, шығармалары, кейбір естелік суреттері облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бір бұрышында тұрса деген ойым бар. «Мен – апамның баласымын» шығармасы желісімен фильм түсірілсе, өмірінің соңғы жылдары жазған «Сауытбек пен Ақбөпе» шығармасы облыстық қазақ драма театрында сахналанса, көпшілікке де, бізге де қуаныш болар еді.
– Сондай қуанышты күнде қауышайық, апай! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Әз-ағасын сағынып жүр сәбилер

(Әлдихан Қалдыбаевқа)

Шырын МАМАСЕРІКОВА,
ақын.

Қаламымен сөздің кенін қазатын,
Хас өнердің қамын ойлап азатын.
Әлдихандай жазушы ағам бар еді,
Балаларға арнап кітап жазатын.

Көкірегі арманға бай, жан еді,
Адалдықтың мәйегі еді, мәні еді.
Оңынан күн, солынан ай туса да,
Қарапайым мінез оған тән еді.

Туған жердің топырағынан нәр алған,
Жүрегі – мәрт, жаны жомарт жаралған.
Жарқын жүзді, мейірімді болған соң,
Жанарынан шуақ, сәуле таралған.

Дақ түсірмей азаматтық қалпына,
Өшпейтұғын із қалдырды артына.
Тектіліктің тұғырына ту тігіп,
Басын иді ұлттың әдет-салтына.

Миуалы алма ағаштай жайқалар,
Парасаттық нұр жүзінен байқалар.
Әз-ағасын сағынып жүр балалар,
Ақжарылқап ақиқатты айта алар…

Меркі ауданы.

Шуақты мейірім иесі еді

Әлдихан Қалдыбаев ағамыз туралы өткен шақпен сөйлеу де жүрекке мұң ұялатады екен. Жаңатастан Таразға барғанда «Aq jol» газетіне бір соғып өту мен үшін парыздай көрінетін. Орталық алаңдағы кең де еңселі ғимараттың екінші қабатындағы бас редактордың кабинетіне арнайы бас сұғып, Әлдекеңе сәлем беру әдетіме айналғандай болып еді. Ашық, жарқын үнмен тіл қатып:
– Кел, Пернеш, жоғары шық! – деп қарсы алғаны да ерекше еді.
Екеумізді жақындататын ортақ тақырып – балалар әдебиеті төңірегіндегі әңгіме болушы еді. Ол кісінің ертеректе «Балдырған», «Қазақстан пионері» газеттерінде жарияланған әңгімелері тілінің әрлілігімен, оқиғаларының ойнақылығымен, ауыл адамдары мен балаларының бітім-болмысын әсерлі бейнелейтін шеберлігі сүйсіндіруші еді.
Әлдиханның ерекше бір тебіреніспен еске алатын тұлғасы белгілі жазушы, әрі досы, жерлесі, өмірден ерте кеткен Қарауылбек Қазиев еді. Оның кісілігі, зиялылығы, ішкі мәдениетінің байлығы, жазушылық шеберлігі туралы сүйсіне баяндап бергені есте қалыпты. Бір кездесуімізде қазақ күйлері, оның ішінде шертпе күйлер туралы әсерлі әңгіме айтыстық. Оның өзінің де күй шертетін өнері бар екенін сол кезде білдім.
1995 жылы жұбайым Зағиша екеуміз Семей облысындағы Жидебайда зор салтанатпен аталып өткен Ұлы Абайдың 150 жылдық тойына қатысып қайтқан едік. Сол сапардан қайтар жолда Әлдекеңе кіріп, сәлем беріп шықтым. Сонда ол кісі:
– Ал Пернеш, жақсы сапардан қайтыпсың. Сол көрген-білгеніңмен біздің газет бетінде бөліскейсің, – деді жүзінен мейірім шуағы төгіле сөйлеп. Аға сөзі қанат бітірген соң, қолға дереу қалам алып, «Қарауылтөбе биігінен…» деген көлемді эссе дүниеге келіп, артынан «Aq jol»-ға жарияланды.
1993 жылы 50 жасқа, 2003 жылы 60 жасқа толуыма байланысты «Той», «Алтын мүйізді» әңгімелерімді айқарма беттерге жариялап, ағалық ілтипатын шынайы білдіріп, рухани қолдау жасап отырды.
Ол кісінің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Шаншар атай» туындысы кезінде жас оқырмандар арасында кеңінен танымал болды. Кейінірек балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдардың бүкілодақтық байқауында бәйгеге түскен жүздеген шығармалардың арасынан топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Оның таңдамалы шығармалары топтастырылған «Ата» атты жинағы да көптің көңілінен шыққан дүниелер болды. Ұрпақ сабақтастығы, сыйластығы, ата мен бала, әке мен жас ұрпақ арасындағы қарым-қатынастар өте тартымды, қызғылықты, шұрайлы тілмен бейнеленеді. Жазушы тіліндегі ойнақы әзіл өрнегі, юморлық ситуациялар оқырмандарына еріксіз езу тартқызып отырады.
Ауыл адамдарының мінез қалпын, табиғатын, балалар мен жасөспірімдердің болмыс-бітімін жіті білетін Әлдихан ағаның шығармалары өміршең екендігі даусыз. Көзі тірі болса, сексеннің сеңгіріне шығып, жылы жүзімен айналасына шуақ шаша күлімсірей қарап отыратын қалпын көз алдыма елестетемін. Бірақ қатал мінезді тағдырдың қаскөй үкімі сенің үкілеген қияли үмітіңнің қанатын қырқып тастайтыны жанға батады.
Аяулы Әлдихан ағаның отбасына, ұрпақтарына береке, амандық тілеймін. Талайға қамқор, жанашыр болған ағаның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы.

Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы.

бердібек соқпақбаевтан кейінгі бәйтерегіміз болатын

Миллионнан астам халық тұратын облыстың баспасөз, өнер, жалпы руханият саласында біз куә болған соңғы жарты ғасырда небір талантты қаламгер, адамгершілікті азаматтар еңбек етті. Олар халықтың бәйгеге қосып қойған жүйріктері сияқты еді. Қаламгердің өзі сезінбесе де оқырман, көрермен, қайсысының қай жерде келе жатқанын көріп біліп, бағасын беріп отырады. Солардың ішінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары алдымен облыстық радиода жұмыс істеп, артынан «Аq jol» газетінің ауыр жүгін зейнетке шыққанға дейін арқалаған, шашасына шаң жұқтырмаған сиректің бірі Әлдихан Қалдыбаев еді.
Ол кісі облыс баспасөзінің қара шаңырағына қатардағы қызметкер болып кіріп, бас редакторына дейінгі баспалдақтан өтті. Сондықтан да әсіресе «Аq jol» үшін Әлдекеңнің орны бөлек. Оның ішінде, әсіресе бүгінгі ұрпақ біле бермейтін бір адами қасиеті ойыма оралып тұр.
Қазақша жазатынның бәрі «Аq jol»-ға (бұрын «Еңбек туы» еді) ұмтылып, ал ондағы қаламгерлердің басқа барар өрісі жоқ болғандықтан, сыналап кірер саңылау қалдырмай сықысып отыратын заманда да Әлдекең талантты жастарды танып, соларды қалайда жұмысқа орналастыруға шыр-пыр болып жүретін. Қалдыбаевтың қамқорлығын көрген сол жастың бірі мен едім. Газетке жаңа орналасып, ол кезде қазақ журналистері көп бара бермейтін өнеркәсіп бөлімінде жұмыс істеп жүргенімде Әлдекең бас редакторымыз Баттал Жаңабаевқа кіріп: «Бұл – жазушы бала, маған беріңіз», – деп, мәдениет және тұрмыс бөліміне ауыстырып алды. Ал облыстық партия комитетінің нұсқаушылығынан бас редактордың орынбасары болып қайтып келерінде мені өзінің орнына ұсынып кетті. Тура сондай қамқорлықты тағы бір талантты жазушы, марқұм Мұрат Сыздықовқа да, журналист Айзада Баековаға, Қуаныш Иембердиевтерге де жасады.
Қазіргі «Аq jol»-дың бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлын «Бұл – өзіміздің бала» деп (өзіміздің дегені – прозашы дегені) маған айтып, Жамбыл телерадиокомпаниясына жұмысқа алдыртқаны да есімде. Ал «Жамбыл» журналының бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутайұлы жұмыс іздеп Қордайдан Таразға келгенінде заман тарылып, штаттар қысқарып тұрған шақта «Ақ жолға» ала алмай, «Әзірге осы жұмысты істей тұр» деп, өзі қосымша атқарып жүрген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы облыстық бөлімшесінің жетекшілігін Нұрлан Оразалинге телефон шалып, Несіпбек Дәутайұлына бергізген еді. Сонда Нұрлан Оразалин Әлдекеңнің өз атын өзі түсіп бергендей болған бұл мәрттігіне қатты таңғалып әрі адамгершілігіне сүйсініс білдірген екен. Соның бәрін ол жігіттердің талантын бағалағаннан істеп жүрді.
Ал Әлдекеңнің өз таланты ерте танылды. Оның алғашқы кітаптары университетте оқып жүргенде-ақ жарық көрді. «Шаншар атай» атты хикаятын жазушылар мен сыншылар қазақ балалар әдебиетіндегі ерекше құбылыс ретінде бағалады. Кейінірек осы шығармасы желісінде жазған пьесасы бойынша қойылған «Шаншар атай» атты спектакль (режиссері – Тұрар Дүйсебаев) бүкілодақтық байқаудың бірінші жүлдесін жеңіп алды. Өкінішке қарай, кітап таралымы шектеліп, біреуді-біреу оқымай кеткен кезеңде жарыққа шыққан «Мен – апамның баласымын» атты романы әлі лайықты бағасын ала қойған жоқ. Тек «Аq jol»-да ғалым Мекемтас Мырзахметұлы ғана жүрекжарды пікірін айтып, «Егемен Қазақстаннан» академик Рымғали Нұрғали көркемдік деңгейлері төмен күлдібадам кітаптар көбейіп кеткен мына заманда шынайы роман дүниеге келді деп шын қуанып еді.
Шынында да жазушы шынайы жазбаса, балалар оқымайды. Балалар жазушысының аз болатыны да содан шығар. Саланың классигі Бердібек Соқпақбаев өмірден озғалы да көп жыл өтіпті. Сол кісіден кейінгі қазақ балалар прозасының бір бәйтерегі Әлдихан Қалдыбаев еді. Жазушының шығармадан тұрғызған бәйтерегі талай ұрпаққа рухани сая болары хақ. Әлдекең шығармаларының мемлекеттік тапсырыс арқылы қайта-қайта басылып шығып, мектеп оқулықтарынан түспейтіндігі соған дәлел.

Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/