- Advertisement -

Ойлап өткен тіл мен тарих, жұрт қамын, Қазақ елі ұмытпайды Шерханын!

290

- Advertisement -

(«Мәдениет» телеарнасындағы сұхбат)

Қазір тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағыдай емес, баспаларымыздан біраз кітаптар шығып жатыр. Бірақ жасыратын несі бар, ішінде оқылымдылары аз. Осындай жағдайда біздің қарт қаламгеріміз Шерхан Мұртаза пышақтың қырындай ғана «Бір кем дүние» деген кітапты жарыққа шығарды. Бұл кітаптың ерекшелігі сонда – жаңағы біз айтқандай емес, бірнеше рет қайталап басылып, оқырман сұранымына ие болды. Соның сырына үңілмекке «Мәдениет» телеарнасындағы сұхбатқа әдебиетші Әмірхан Меңдеке мен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлын шақырған едік.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Әмірхан, әңгімені өзіңізден бастағым келіп отырғанымның бір себебі бар. Сыншыларымыз бұрынғыдай емес, кейінгі уақытта Шерхан Мұртазаның шығармашылығына аса назар аудармай жүрген сияқты. Бұл бір әдеби ортаның тәкаппарлығы ма, әлде басқа сыры бар ма, білмеймін, қалың халық қайта-қайта сұрап алып, ақпарат құралдары бірінен-бірі көшіріп басып жатқан осы шығарма неге талданбайды, бұл бір өзі түсініксіз жайт. Сіз енді әдеби сынның басы-қасында жүрген әдебиетшісіз ғой, бұл кітаптың халықтың сұранымына ие болуының сыры неде?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Жаңаша жазған. Онда ақиқат, шындық өте әдемі көрініс тапқан. Шерағаңның мерейтойының тұсында бірқатар мақала жазылды. Мерейтойлық мақаладан өз басым тереңдік күте қоймаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Көсемәлі, осы кітапты талдауға сізді сонау Тараздан жайдан-жай алдырып отырған жоқпыз. Кітапта сөз болатын оқиғалар жазушының туған жерінде, ағайын-жұртының құшағында өткен жайттардан сыр шертеді көбінесе. Бәлкім, сұранымға ие болуына топырақтан тамыр тартқандай қарапайымдылығы себеп болған шығар?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Журналистердің етектей-етектей ғып жазатын мақалаларындағы проблемалық мәселелерді кейде бір-екі абзацпен, шағын ғана бір бет, жарты бетпен түйіп тастап отырған. Және қалай сөйлеген? Бұл кісінің Парламентте сөйлеген сөзіне, сөйлеу мәнеріне елдің құлағы үйренген. Мұнда да сол стиль бар. Сол Парламенттегі Шерағаңды көргендей болады. Шерағаң өзін жазбайды, «Мен Талаптыда туып едім, Тәңіртауға қарап едім», – демейді, десе де, елдің жоғын жоқтайды, мұңын мұңдайды. Тартымдылығы сонда деп ойлаймын. Сыншылар жақсы біледі, Шерағаңның тілінде шұбалаңқылық жоқ, барды бар, жоқты жоқ деп жазады. Немесе көнерген архаизм, көне сөздерді тірілтіп, сөз құрайын деп отырмайды, ол кісіге тез, жедел ойды айту керек. Сондықтан ойын сол сәтте, бір сәтте төгіп тастайды. Ол кісімен Талапты ауылында, туған шаңырағында отырып, көп әңгімелескен едік. Сонда: «Мен Толстой сияқты, 5-10 рет жазбаймын, бір ғана жазғаным жетеді», – деген.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл кітаптағы қысқа әңгімелердің жанрын анықтап айтсақ, қай жанрға телуге болар еді?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Жалпы әлем әдебиетін алмай-ақ, өзіміздің қазақ әдебиетін алатын болсақ, осындай қысқа-қысқа әңгімелер бар. Мысалы, Құрманғазы Қараманұлының «Алақандай әңгімелер» деген әңгімелер жинағы бар. Герольд Бельгер де жазып жүр қазір. Ал Шерағаның мөлтек әңгімелеріне келсем, мұның жанрын бір сөзбен айту өте қиын. Музыка жанрында гөй-гөй дейтін жанр бар. Мына Сырдың термешілерінің, жыршыларының гөй-гөйі болады. Осы гөй-гөйін алып қараңызшы, жыршы өзінің күйігін, наласын, тілегін, арманын, мақсат-мұратын, тіпті өсиетін де соған біріктіреді. Әдеби тұрғыдан келсек, әдеби жанрдағы гөй-гөй деуге болады. Шераға өте білімді адам. Біз білімді адамдар туралы әңгіме айтқан кезде Әлкей Марғұлан, Мекемтас Мырзахметов, Сағат Әшімбаев, Рымғали Нұрғалиевтерді айтып кетеміз. Солардың қатарына Шерхан Мұртазаны қосар едім. Бір-ақ мысал айтайын, Ресейдің Қазақстанды қалай отарлағанын Шерағаң өте терең біледі. Жарияланған кітаптардан емес, мұрағаттардағы құжаттардан және құпия құжаттардан біледі. Оның талайын Шерағаның өзінен сұрап алып оқыдым. Ресейдің отаршылдары өзінің қорадағы қойын сорттап жатқан сияқты, Қазақстанның жерін сорттайды. Ол жерде қазақтар отыр ғой деген ой жоқ. Қазақтарды қалай бір-бірімен соғыстыру керек, қазақтардың санын қалай азайту керек, жалпы қазақтарды қалай ығыстыру керек. Және оны бір адам айтпайды, біреу жазады, екіншісі пікір қосады. Міне, бұл көп жариялана бермейді. Мұның бәрін Шерағаң жақсы біледі. Содан кейін Шераға түркі тарихын өте жақсы біледі. Мысалы, башқұрттың, татардың, өзбектің тарихын қазақтың таихындай ғып жатқа айтып отыра береді. Соның бәрі осы мөлтек әңгімелерінде сезіледі.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дегенмен де атаусыз нәрсе болмайды ғой. Атымен бірге жарысып, жанр деген нәрсе ілесе жүреді. «Бір кем дүниенің» публицистикалық жағынан гөрі көркемдік жағы басымдау. Шерағаң нақты, қысқа сөйлейді деген күннің өзінде әр сөйлемді көркемдеп, образды түрде жазуға ұмтылады. Осы тұрғыдан келгенде, сіз жанр жағын ойлап көрмедіңіз бе, Көсемәлі?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Қытайдың Конфуцийін алыңыз немесе батыстағы бөшкеде жататын Диогенді алыңыз, олар да осы Шерхан көріп отырған тақырыптарды қозғайды. Қазақта ғақлия деген сөз бар. Араб тілінен келді ме деймін, Абай атамыз қолданған сөз. Міне, көркем түрде жазылған қазақтың ғақлиясы, ғибратты түрде жазылған қысқа әңгімелері ғой. Шерағаңды сыртынан ғана көрген, көзбе-көз сөйлеспеген адамдар ол кісіні қатал, сұсты, жақындап әңгімелесу мүмкін емес деп ойлайды. Мүлдем олай емес, біз қасында жүрміз ғой, ол кісінің көңілін тапсаңыз, жадырап күлгені қандай? Күлгенде көзінің нұрланып кететіні қандай? Осы болмыс мына кітапқа көшкен, көрініс тапқан, көрсете алған. Қатқыл сөйлемейді, жүректі жібітетін сөздер айтады. Ол кісінің әдебиет туралы мынандай тұжырымы бар: «Егер оқыған әңгімеңіз сізді елжірете алмаса, жүрегіңізді жібіте алмаса, ол әңгіме емес», – дейді. «Әңгімелерім осы талапқа жете алды ма екен?», – деп, өзін де сынап қояды. Бұл кітап әрбір әкімнің, әрбір министрдің үстелінде жатса, өзі көп орын да алмайды, арасында қарап қойып отырса қандай ғанибет. Ал халық өзі-ақ оқиды ғой, оқып жатыр. Мұның артықшылығы неде? Қазақтың табиғатына тән нәрселерді айтып отыр.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ғақлия деген сөзіңіз икемге келеді екен. Шерхан Мұртаза көп жыл ақпаратта жұмыс істегеннен болуы керек, өзі шығарма жазған кезде форма іздеуге құмар. Шығарманы форманың аясына әкеліп сыйғызып жазады. «Бір кем дүниенің» жанрына қайта-қайта шұқшиып отырғаным сондықтан ғой. Осыны жазарда Шерағаң форма іздеп келіп, жазған дүниесі ғой деп ойладым.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Форма дегеніңізден шығады, Шерағаңның қарамағында барлықтарыңыз қызмет істедіңіздер. Жаңа формамен, тың ойлар айта алған журналистерді қалай көтермелеп отыратын еді. Оралханды қалай көтерді десеңізші. Оралхан керемет жазушы, керемет қаламгер. Шынын айту керек, ол кісінің стилі сол кезде біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Біреулер қияли деді, біреулер шұбалаңқы деді. Ал редактор «дұрыс» деді. Ал сол кезде Шерағаңның орнында басқа редактор болса, «мына қияли кім?» деп, маңайлатпай қоюы мүмкін еді.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Ғақлия дегенге сәл-пәл келіспеймін. Төрт-ақ сөйлемнен тұратын әңгімесі бар. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде, бірақ елдің бәрі бұлай ойламайды. Бір кем дүние», – дейді. «Бір кем дүние» деген сөз әннің қайырмасы сияқты, бүкіл әңгімелерінің соңында келеді. Мұны талдап, бір кітап жазуға болады. Ал басқа мөлтек әңгімелерінің бәрі бірдей осындай қып-қысқа емес. Мысалы, жеке өзінің тәжірибесін айтып кететін кездері бар. «Караван» дейтін газет болды. Мені сынады. «Ұлтшылдардың ұлтшылы» деп», – дейді. Тек «Караван» емес, біраз біздің орыстілді басылымдарымыз Шерағаңды қатты сынады. Сонда қазақтың абызы, өзінің ұлты туралы үлкен ой айтып жүрген ірі қайраткер дегенді біздің орыстілді газеттеріміз білмейді, қарамайды. Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Ресейдің газеттерін өз республикаларында таратуға тыйым салды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тоқтатып тастады. Солар неге тоқтатты? Өйткені өзге елдің идеологиясы мына елдің идеологиясын жүргізбейді. Бұзады да отырады. Өзбекстанның премьер-министрі ашық айтты. Өзім оқыдым. «Біз өзіміздің ұлттық идеологиямызды жүргізгіміз келеді», – деді. «Ал ана газеттер Кеңес Одағындағыдай тұра беретін болса, біздің ұлттық идеологиямызды талқандайды да отырады», – деді. Шерағаң осыны айтып отыр. Өйткені Шерағаңның айтып отырғаны олар үшін құндылық емес. Сондықтан мен ойлаймын: «Бір кем дүние» қоғамның кем-кетігін айтудың амалы. Өзіміздің төрт құбыламыз түгел емес қой. Бұл кейінгі ұрпаққа арналған, әсіресе жастарға арналған өсиет деп ойлаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шерағаң негізі жан-жақты адам ғой. Ақпарат құралдарында қызмет істеген кезінде ол кісі араласпайтын сала жоқ болатын. Шерағаң сол кезде тұмсық тығуға болмайды, шетін түртуге болмайды деген тақырыптардың барлығына араласты. Бұл жерде сіздер айтып отырғандай шағын ауылдың да, ұлттың да, ұлттың үлкен қайраткерлерінің де мәселесі бар. Сонымен бірге жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар да бар. Кейбір тұсында ғажайып ертегі, тәмсіл оқып отырған сияқты жаның сүйсінеді. Бір әңгімесі бар: «Саудагер базардан сауда жасап келе жатады. Қазіргі кезде қанша қашқанымызбен сауда бізге жақын тақырып болып кетті ғой өзі. Саудагердің қолындағы дорбасын ақшасымен бірге бір маймыл жұлып алады да, ағаштың басына қашып шығып кетеді. Өзі теңіздің жағасы болса керек. Сонда саудагер: «Ол менің күні бойы тірнектеп тапқаным, қайтар маған», – деп аттандайды. Жаңағы маймыл бір ділдәні алады да суға лақтырады, біреуін өзіне тастайды. Біреуін суға лақтырады, біреуін өзіне тастайды… Сөйтіп, бағанағы дорбадағы ақшаның жартысы суға кетеді де, жартысы өзіне бұйырады. Содан Шерағаң одан не түйіп айтады дейсіз ғой. «Саудагер базарда сауда жасаған кезде сатқан дүниесіне су қосып сатады екен. Міне, арам дүниенің жартысы суға кетті, ал адалы өзіне бұйырды», – дейді. Көп жазушыларымыз аспанға қарап, саусағын сорып отырып жазады. Ал Шерағаңның ерекшелігі нақты өмірден алып жазатынында да болса керек. Жұп-жұмыр, шап-шағын дүниені тап-тұйнақтай етіп жазу дегеніңіз үлкен шеберлікті қажет ететінін бәріміз білеміз. Ондай компоненттердің ішіне тіл де кіреді. Солай емес пе, Әмірхан?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Шерағаңның бір ерекшелігі етіңнен өтіп, сүйегіңе жеткізіп айтады және соны қалай айтуды біледі. Соған керекті сөздерді де, мысалдарды да табады. Үлкен шенеуніктеріміз: «Ал енді бәрімізге түсінікті тілге көшейік», – дейді де, орыс тіліне көшіп кетеді ғой. Соны Шерағаң айтады: «Бәрімізге түсінікті тілге көшейік деп орыс тіліне көшіп кетеді. Сонда не болып шығады? Қазақ тілі түсініксіз сөз болып шығады. Ал ненің тілі түсініксіз? Малдың тілі түсініксіз. Айуанның тілі түсініксіз. «Бәрімізге түсінікті тілге көшейік» деп айту арқылы қазақ тілін малдың, айуанның тіліне теңеп отыр», – дейді. Сөйтіп, сүйектен өткізіп жібереді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл кейіпкерсіз шығарма емес. Қысқа болғанымен мұның ішінде автордың өзінен басқа да кейіпкерлер жүреді. Ол кейіпкерлер бағанағы өзіміз көріп, біліп жүрген адамдар. Солардың образын қалай ашады десеңізші. Бір ғана сөзіменен сол сөзді айтып отырған адамның болмысын алдыңа жарқырата жайратып салғандай ғып ашып береді. Осы тұрғыдан келгенде таныс, бейтаныс бейнелер көз алдыңыздан шұбырып өткен шығар, Көсемәлі? Енді ауылда да, қалада да Шерағаңмен бірге көп жүрдіңіз ғой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Елге, жерге, тілге қатысты айтқан кезде бұл кісінің алмастай өткір тілі Үкіметіңізді де аямайды. Ол кісінің мынандай сөзі бар: «Шамаң келсе шындықты айт», – дейді. Бірде: «Шераға, сіздің романыңыздан гөрі, әңгімелеріңіз ұнайды», – дедім. Ағалы-інілі сияқты еркін әңгімелесіп отырған едік. Сонда: «Әңгімелерім өзіме де ұнайды», – деп қояды. Көрдіңіз бе, демек, бұл кісінің шағын жанрға жаны құштар. «Бұл жерде кейіпкер бар» деген сөзіңіз ойыма да келмепті. Кейіпкер бар, ол қоғамдағы ақ пен қара. Кейбірін ішіміз біліп отыратыны рас.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ал тақырып ауқымы қандай? Кейде бір-бірін қайталап жатса, адамды жалықтырып жіберуі мүмкін ғой.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Арасында ғана сөздер қайталануы мүмкін. Ғабеңнің сөздерін 2-3 ғақлиясында қайталайды. «Біз жиылсақ көппіз, жайылсақ жоқпыз», – деген. Ол қайталаған сайын одан сайын бір-бірін толықтырып тұрады. Сондай сұмдық дүние бар ішінде. Ажалдан қашқан Қорқыт бабамыз қобызын сарнатып отырған ғой. Қобыздың үні үзілсе, жылан келіп шағуы мүмкін. Қалғып кетіп, қобыздың үні үзілген кезде жылан келіп шағып алады. Осыны біз оқимыз да дәл солай қабылдаймыз. Ал Шерағаң осыны әкеледі де, мынау қоғамдағы мәдениет, өнер, әдебиет жоқ болса, қоғам да өледі деген түйін жасайды. Ананы оқығанда денеңіз тітіркеніп кетеді, рас қой, өйткені.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: Осы кітапта Шерағаң көптеген данышпанның сөзін келтіреді. Мысалы, «Гегель» дейтін кішкентай әңгімесі бар. Гегель Еуропадағы философияның атасы деп есептеледі. Қазақтың философтары Гегельді аттап кете алмайды. Өйткені Маркс те, Энгельс те Гегельге жүгінген ғой. Сол Гегельдің мынандай сөзі бар екен: «Өзінің ана тілін менсінбегендер өзінің ұлтын үш рет өлтіргендер», –деген. Соны Шерағаң: «Осы философтар Гегельдің осы сөзін неге айтпайды?», – деп келтіреді. Біздің философтар ол сөзге жоламайды. Пушкиннің «Алтын балық» туралы ертегісі бар ғой, бір әңгімесінде соның мазмұнын бере салған. Енді Пушкиннің ол ертегісін біз мектепте де оқыдық қой. Бірақ әдейі берген. Қазір ынсапсыздық, тойымсыздық, қанағатсыздық қоғамды жайлап алды ғой. Сонда жаңағы Пушкиннің ертегісін баяндап келеді де, ынсапсыздықтың аяғы жарық астау дейді. Яғни тағы да қайталау арқылы Пушкиннің ойын нықтау.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Ескендір Зұлқарнайынның қолы табыттан шығып жатады екен дейді. Басып қойса қайтадан шығады. Сонда қолына бір уыс топырақ салған кезде ғана барып тыншиды. Бұл да адамның ашқарақтығы, тойымсыздығы.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кей тұстарында ұсақ-түйек жайттарды келтіріп отырған жоқ па деп, адам ойланып қалады. Ол жөнінде не дейсіздер?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Шерағаң осыншама жасқа келген, атақ-даңқы жетерлік, осыншама қайратты қаламгер бола тұра, баладай пәк көрінеді. Астанаға көшіп келген кезін, Кенесарының ескерткішінің түбінде отырғанын айтады. Кептермен, қарғамен тілдескеніне дейін жазады. Мұны жазу үшін жүрек тебіреніп, бүкіл 62 тамыр июі керек. Ал ондай қасиет кез келген жазушыда бола бермейді. Ол жүректі жылыта алмаса, несі шығарма. Ол үшін қаһарлы хан тағынан түсіп, баладай болып кетуі керек. Оның бәрін ұсақ-түйек деп айта алмас едім мен. Кенесарының ескерткішінің жанында отырғанда, алдына кептер келеді. «Көзін қылиландырып» деп жазады өзі. «Бірдеңе берейін десем, қалтамда ештеңе жоқ, кептерден ұялдым», – дейді. Осының өзі үлкен адамгершілік емес пе?
Әмірхан МЕҢДЕКЕ: «Бір кем дүниенің» құндылығы мынада деп ойлаймын. Бұл жерде автор өзінің ішкі сырын жайып салады. Ал роман, әңгіме жазған кезде Шерағаң бәрібір оқырманды ойлап отырады. Мысалы, Тұрар Рысқұловты жазып отырған кезде тарихшыларды ойлап отырады. Сонда сәл де болса оқырманға бейімделеді. Ал «Бір кем дүниені» Шерағаңның күнделігі деуге болады. Рас, Жүке, сіздің сөзіңізбен қосыламын, бұл көркем дүние. Бірақ күнделік іспетті. Адам күнделік жазған кезде ішкі сырын қағазға төгеді. Ол жерде ішкі цензура да жоқ, оқырманды да ойлап, қайғырмайсың. Ал мұндай ойлар өте шыншыл, өте әділетті, бойлауық, терең келеді. Ал адамның ішкі сыры, құпиясы қашан да қымбат.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ: Шерағаңның осы кітаптағы тағы бір ерекшелігі – мойындай білуі. Кешегі өтіп кеткен ақын Бауыржан Үсен туралы жазғаны бар. Бауыржанның Бетпақ далада қырылған ақбөкендер туралы жазғаны бар екен. Хайуан аңның қасқырларынан адамның қасқырлары асып кетті-ау деп түйін жасайды. Соны мойындап жазады Шерағаң. Содан кейін орыстардың Короленко деген жазушысы өтті ғой, соқыр музыкант туралы жазған. «Осыны оқыдым да жыладым», – дейді. «Осындай менің де әңгімем бар, ондай ғып жаза алдым ба, жаза алмадым ба, білмеймін», – дейді. «Жазсаң, осылай жаз», – дейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы сұхбатқа дайындалып отырған кезде, Шерағаңның қаламы тиген кітаптарды қарап шықтым. Шерхан Мұртаза Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармаларын аударған екен. Анау «Плаханы» алып қараңыз, қандай кесек дүние. Соны «Жан пида» деп аударған. Қым-қуыт тіршіліктің арасында жүріп, Шыңғыс Айтматовтай ұлы жазушының бүкіл шығармаларын аударып шығу деген жеке адамның еңбегін, жеке адамның өмірін қажетсінетін нәрсе. Жазушының мерейтойына байланысты «Қызыл жебе» қалың том болып шығып отыр. Бірақ соның бәрін ысыра тұрып, талдауға «Бір кем дүниені» әдейі таңдадық. Әмірхан Меңдеке айтпақшы, бұл жазушының жеке сыры халықтың сырына айналып кеткенін көрсететін шығарма, себебі. Осы тұрғыдан келгенде «Бір кем дүниенің» орны бәрібір бөлек көрінді.

Телеарнадағы сұхбатты
«Халық сөзі» газетіне дайындаған – Балжан МҰРАТҚЫЗЫ.

ТҮСІМЕ ЫЛҒИ ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ КІРЕДІ

Көсемәлі Сәттібайұлы

Сәлемдескен кезде Шерағаңның қолымды «қысатын» әдеті бар. Аға әзілін түсіне қойған мен де саусақтарым күтірлеп, сынып бара жатқандай оң иығымды салбыратып «ойбай» деймін.
– Не болды-ей? – дейді Шерағаң.
Деген кезде, жайшылықта қату көрінетін қабағына күн қонақтағандай жүзі ерекше жадырап сала береді. Жүзі ерекше жадырап сала берген кездегі көздерінен шашылған сәулелер жан-жағын пештің қызуындай жылытып жібереді.
– Қолыңыз қарулы екен ғой, аға, – деймін мен саусақтарымды ауырсынғандай сілкілеп.
Аға мен іні, бәлкім, әке мен ұл деуге де боп қалар, бұл «ойын», сірә, Патриархқа ұнаған сыңайлы. Сыңайлысы сол, ұшырасқан сайын саусақтарымды «күтірлеткісі» кеп тұратын боп алды.

* * *

Қызмет бөлмем алты қабатты әкімдік үйінің бірінші қабатындағы ұзын залдың сол жақ түкпіріне орналасқан. Бірде Шерағаң облыс әкімінің жиналысы біткенше осы құжырада «аяқ суытып», отыра тұруына тура келді.
Шерағаң үстелімдегі газеттеріме, шкафтағы кітаптарыма қарайды. Ұз-а-ақ үңіледі. Әлдебір әуенді ыңылдап та қояды. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегені сияқты. Бір кезде үстелімдегі «Захир» деген кітапқа көзі түсті де:
– Осы кітапты жазған адамды мақтайды да жатады. Өзінің аты-жөніне тілім де келмейді, – деді.
Менің де тілім келмейтін. Көзімді ашқанан қазақша «жылап», қазақша «күлген» менің орысшаға келгенде, әсіресе оның «ь» деген белгіден тұратын сөзін айтқанда тілім бұралып, мүсәпір болам да қалам. Мен сияқты қазақтар қаншама. Бірақ ешқайсысы «орыстың осы «ь»-не тілім келмейді» деп айтпайды. Ал Шерағаң болса, білдей жазушы, анау-мынау емес, ел есін енді жиып келе жатқан елең-алаңда Мәскеудің білдей МГУ-де оқыған, орысшасы да әжептеуір (аудармалары қаншама), «Пауло Коэльо» деп айтқанға тілім келмейді деп отыр.
Қандай шынайылық. Қандай ірілік. Қандай кішілік. Біздің кейбір ағаларымыз бен інілерімізге осы шынайылық жағы жетіспей жатады-ау. Қашан көрсең «мен бәрін білем» тыраштанады да жүреді.
Әкімнің ұзақ-сонар жиналысының бітуін күтіп уақыт «өлтіріп» отырған ардагер ағаны көңілдендіру үшін:
– Пауло Коэльо ғой, аға, – деп әрең дегенде тілімді бұрадым. – Бірақ жазғандарының алып бара жатқан анау айтқандай ештеңесі жоқ. Қысқа жазуға тырысады. Сосын тілі майда («Көркем» дегенді қазақылап жеткізгенім ғой). Сіздің «Ай мен Айшаңыз» бар ғой, соған келіңкірейді.
Дедім де, ішімнен «осыным асылық болып кеткен жоқ па» деп ойланып қалдым. Өйткені аға көңілі үшін айдалада өзімен өзі жүрген және не жазса да сатып алып (соноу «Алхимигінен» бастап), жата-жастана оқып жүрген жазушым Пауло Коэльоға тілім тиіп кетті-ау деп қобалжыдым. Олжас ақынның «Даланы асқақтату үшін, тауларды аласартудың керегі жоқ» екенін құлағымызға құйғанына жиырма бес-отыз жылдай уақыт болып қалса да әдептілікті ескермегеніме қынжылдым.
Кімнің кім екенін менен сұрайды дейсің бе, Патриарх та үндеген жоқ.

* * *

Бір күні Астанадан Ержұман аға Смайыл телефон шалды.
– Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің тойына Астанаға қалайда келуі керек. Ағаңның баруы мен келу жолына алдын ала билет ала бер. Қаражатын банктегі кәртечкеңе газет есепшісі аударып береді.
Ерағаңның сөзі командирдің бұйрығындай. Бұдан кейін «меншікті тілші» деген Жаппар құлда жан қала ма:
– Жарайды, – дедім.
Бірақ билет алу үшін Шерағаңның үйіне барып төлқұжатын алуға тура келді. Үйіне келдім. Сәлемдестім. Қолымды бұл жолы да «күтірлетті». Шерағаңның іш тартатын адамдарымен қол қысысып «ойнайтынын» біліп алғам. «Ойбай, саусақтарымды ауыртып жібердіңіз» деп, жорта ышқынып жатырмын тағы.
Жолда келе жатып «Патриархтың төлқұжаты қандай болады екен?!.» дегендей, қайта-қайта қарай берем. Бірақ ешқандай ерекшелігі де, ешқандай кереметі де жоқ. Кәдімгі төлқұжат. Аты-жөні, туған-жылы, тағы басқалар. Бірақ мен үшін Патриархтың төлқұжаты басқалардың төлқұжатынан бәрібір ерекше сияқты көріне берді.
Кенет басыма «Патриархтың төлқұжатының көшірмесін жасатып алып қалсам қайтеді» деген бір ой сап ете қалды да, «ксерокс» деген дүңгіршектің жанына көлігімді кілт тоқтаттым.
Патриархтың төлқұжатының сол көшірмесі архивтерімнің арасында әлі сақтаулы тұр. Бірақ бұл туралы Патриархқа ләм-мим дегенім жоқ. Деп керегі не. Жасатсам өзім үшін ғой.

* * *

Шерағаңның кейде менің атыма байланысты ұйқастарды қуалап «өлең» шығаратыны бар. «Әлі» деп аяқталатын атқа келгенде ұйқас та мұндай көп болар ма, көлікпен ұзақ жол үстінде келе жатқанда онысын кейде ыңылдап, кейде әндетіп айтып отырады. Тыңдармандарының «контингентіне» байланысты «өлеңінің» бірнеше нұсқасы да бар. Мысалы, бір нұсқасын «Сұрасаң менің атым Көсемәлі» деп бастайды да қулана жымиып қойып, «Министр боп өсем әлі» деген жоғары «пафоспен» аяқтайды. Бірақ маған «министрлікті» қимайтындар «Көкейін сұлулардың тесем әлі» деген ойнақы жолдарды айтса екен деп күтіп тұрады.
«Әкім аға Таразидің «соқасы мен сотасы» туралы өлеңге қарағанда имантаразылау ғой» деп өзімді өзім жұбатып қоямын ондайда.

* * *

Бір күні жұмысқа келе жатсам, ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. Қарасам, «Егемен Қазақстаннан» Самат Мұса екен.
– Көсемәлі, сені Шераға іздеп жатыр. Мынау Астанадағы үйінің телефоны, тез хабарлас, – деді.
Бір қиын тапсырма беретін шығар деп қорқып кеттім. Қорқатын себебім, сыйлы ағаның тапсырмасын орындай алмаудан өткен ыңғайсыз нәрсе жоқ. Бірақ қорықтым екен деп Шерағамен хабарласпау одан да жаман. Сондықтан жұмыс бөлмеме келе сап, жүрегімді басып, «бисмиллә» деп телефон нөмірлерін тердім. Телефон трубкасын Ақбілек апам көтерді де, бәрі естіліп тұр, «Тараздан ғой, Көсемәлі екен» деп Шерағаңа ұсынып жатты.
– Шераға, сәлеметсіз ба, бұл мен ғой, іздеген екенсіз.
– Аманбысың, – деп Шерағаң «пауза» жасады.
– «Хабарлассын» деген екенсіз. Қандай шаруа айтасыз?
– Ешқандай шаруа жоқ. Ана бір мақалаңды оқыдым. Жақсы екен. Жаз. Жаза бер.
«Ақша жеткен жерге аяқ та жетеді» деген бір қысқа ғана мақалам жарық көрген. Сол Патриархтың көзіне түсіпті. Көзіне түскен соң оқыпты. Енді соны сонау Астанадан айтып тұр.
– Рахмет, аға.
– Ылғи телефон шалам алмайсыңдар, ана газеттеріңнің соңындағы телефон нөмірлерің қате жазылған ба, немене? – деді сосын.
Үні өте реншіті. «Шіркін, баяғыдай бас редактор болғанымда мұндай майда-шүйдеге дейін қалыс қалмайтын еді» деп күйініп тұрғандай.
Самат Мұса сауын айтқан әңгіме осымен бітті. Дереу Ержұман ағаға телефон шалдым. Осындай да осындай, Шерағаң «хабарлас» деген соң хабарлассам ренжіп жатыр, газетіміздің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісінің телефон нөміріндегі «2» деген бір цифр артық жазылып кетіпті, соның салдарынан Шерағаң маған қайта-қайта телефон шалып, ала алмапты. Ренжіп жатыр, – дедім.
Ертесіне әлгі «қате» түзетілді. Бірақ «қате» түзетілгенімен, менің көңілімдегі өкініш түзелмей, сол күйі қалып қойды. Өйткені әлгі артық жазылып кеткен «2» деген цифрдың кесірінен Патриархтың қаншама ақыл-ойынан құр қалдым.
Осы оқиға есіме түссе әлі күнге дейін өкінем.

* * *

Бұл әңгімені белгілі қаламгер Әкім ағаның аузынан естідім.
Тоқсаныншы жылдардың соңын ала Шерхан Мұртаза мен Әкім Таразидың АҚШ-қа жолы түседі. Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі Эмпайр-Стейт-Билдингтің (мұнараның атын орыс тілінде «Дом Имперского Штата» деп аударуға болады) ұшар басына шығады. Сол зау биіктен төмен қараған Әкім Тарази төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдап бара жатқан тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» өзінен бір жас үлкен ағасы Шерхан Мұртаза да көрсін деген оймен:
– Шераға, мына жерге келіп төмен қараңызшы, көшенің шетіндегі жолмен кетіп бара жатқан адамдар тасбақалардан айнымай қалады екен, – деп қасына шақырады.
Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт-Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек. Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен бірі таласқан неше түрлі ғимараттарыңнан да асқақ Һәм алып Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағаң:
– Әй, Әкім, көрсең өзің көре бер, мен пенделердің тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді, мен адамдардың кеудесін керіп, өр мінезімен оқшауланып, әрқашан қасқайып, тік жүргенін көргім келеді, – деп, өзінің өмірлік ұстанымына Темірқазық жұлдыздай тірек етіп алған Тәңіртаудың дара перзенттері Тұрар Рысқұлов пен Бауыржан Момышұлы мінездерін (өзінің де әрине) меңзегендей, алаңқай жақтауына жақындай қоймайды.
Әңгіме ақиқатын ішіне бүкпеген Әкім де ер. «Мен Шерхан Мұртазадан бір жас кіші болсам да үнемі «Шераға» деп құрмет тұтамын. Шераға алдымда мұз жарғыш кемедей өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүрсе, мен кішкентай қайықтай ылғи сол кеменің ығында жүремін» деуі (асқар шыңдай ағаға деген бұл бағадан Әкім биіктей түспесе, кішірейіп қалмайды) азаматтық үлкен сөз болды. «Талантты талант қана танып, талантты талант қана бағалайды» деген рас-ау.

* * *

Патриархтың сексен жылдық тойында көңіл босатып, көзге жас үйірер сәттер де болды. «Баласағұн» бабамыздың атындағы сарайда өткен ғылыми-практикалық конференциядағы соңғы сөз Шерағаңның өзіне берілді.
Шерағаң толқи сөйледі. Мен шамам келгенше Патриархтың аузынан қандай сөз шықса дәл сол қалпында көшіріп алуға тырыстым. Әрине, қойындәптеріме жазып үлгере алмай арасында қалып кеткен сөздері де көп. Бірақ Патриарх айтқан сөздің өзегі мынау болды.
– Ұзақ уақыт неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағыма құйып алып жатырмын. Осы сөздің бәрі рас болса, рахмет. Әрине, елімнің бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемін. Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға… ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді…
Болашаққа үміттеніп қана қоймай, бақилық дүниенің де бар екенін мойындап, ол жақты да ойлай бастаған Патриархың жүзіне көзім түскен менің көңілім босап кетті.

МЫҢБҰЛАҚ. КӨКСАЙ. ШЕРАҒА

Жуалы өңіріндегі Мыңбұлақты артқа тастап Тәңіртаудың қойнауындағы Көксайға жол түсіп келеміз. Жан-жағымызға зер сала отырып, қарымды қаламгеріміз, қазақтың Шерханына айналған Ш.Мұртазаның сандаған көркем шығармаларына арқау болған қасиетті аймақты тамашалаудан көз талмайды. Жазушының «Ақсай мен Көксай», «Ай мен Айша», «Сарыала қаз», «Мың жылдық жара», «Бір кем дүние» және басқа әңгімелері, повестері мен романдарында келтірілген көріністер, кейіпкерлері мен сюжеттері көз алдыңа кинолентадағыдай көлбеңдеп тұрып алады.
Ертеректе «Ай мен Айшаны» оқи отырып, біз автордың балалық шағы, жалпы, өмір жолының алғашқы кезеңі әрбір бұралаң, бұрылысы ұмытылмастай ауыр жағдайда өткендігін байқаған болатынбыз. 1997 жылы бір топ әдебиеттанушылар мен әдеби сыншылар «Жылдың ең жақсы романы» ретінде Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» роман-эссесін атады. Жазушының «Ай мен Айша» шығармасы «мемуар» деген ұғымнан оқ бойы жоғары тұр. Себебі, бұл – жай ғана естелік, өмірбаяндық үлгі емес, қанатты, әсерлі проза. Шерханның өзі: «Кейде ойланам: осы мен осы күнге қалай жеттім? 1932 жылы дүниеге келген менің мыңдаған құрдастарым тумай жатып шетінеп кетті. Сорына қарай сол жылы туғандардан тірі қалған «тұяқ» некен-саяқ. Сол нәубеттен қалай тірі қалғанмын? Қаһарын төккен атқамінерлерден бірер уыс дәнін жасырып, «шықпа, жаным, шықпа» деп шырылдаған ата-анамның мейірімділігінен шығар. Өздері өлуге пейіл, бірақ ұрпақ үшін жанталасқан адамдар аз болмапты», – деп жазады.
Шерханның қайраткерлік дәрежесіне көтерілген, ұлттың ұланы атанып, елдің ел болып қалыптасар кезеңінде табанды талап-тілектерін биік мінбелерден де, баспасөз беттерінен де қаймықпай батыл айта білген өмір жолы, шығармашылық соқпақтары бір қараған оқырманға сайрап жатқан жол сияқты. Жазушының замандасы, белгілі публицист Камал Смайылов: «Сенің «Ай мен Айша» деп аталатын эссе-романыңның бірінші кітабын ықыласпен оқып шықтым. Біз білетін Шерхан Мұртазаның қайдан шығып, қалай үлкен азамат болып қалыптасқанын, соның тамыры мен тағдырын түсінгендей болдық», – деп жазып еді.
Қаламгердің өзінің: «Менің жаным – Анамның жаны ғой. Әйтпесе мен қайдан жаралдым?» дегені бар. «Ай мен Айшадағы» Айша – қазақ әйелдерінің белі қайысса да морт сынбайтын, төзімі мен ізгілігін ақ-адал жүрегіне сақтай білген берік болмыс иесі. Ол – тек Мұртазадай бозымның жастай жесірі, тек Барысханның шешесі ғана емес, 30-жылдардағы нақақтан күйген ерлердің сенімді серігі, тумай жатып көктей солған қызыл қарын бала-шағаның көз жасы, обал сауабы, ана атаулының жиынтығы.
Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» түгел оқып шыққан кісі қазақтың ұмытылып бара жатқан көп қасиетінің сақтауына, ертеңгі ел иесі, бүгінгі жас ұрпақтың желеп-жебеушісі, ұлтымыздың бойындағы ар, ождан, адамгершілік, ұят деген ұлы сөздің түп қазығы – Айша секілді аналарымыз екенін сезіне түседі. Қазақтың өзіне тән әдебін, салтын, анасының тәрбиесінен көреміз. Мысалы: «Бір кезде Айшаның білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне дейін түседі екен. Әлі де ұзын. Екі бұрымды қосақтап ортасында «сандуғаш сандықтың» кілті байлаулы тұр. Сол кілттің салмағымен Айша адымдаған сайын теңселіп келеді. Арт жағынан мен оны көріп келемін. Бір мезгіл Айша артына бұрылып:
– Әй, Барысхан, мені тұтқындаған қарауыл құсамай алдыма түс, – деді. – Не қатарласып жүр.
Айша осылай деп айтқалы бері арада қанша жыл, мен біреудің артынан жүре алмаймын. Озып та кеткім келмейді, тек қатарлассам болғаны» деп ой түйеді жазушы.
Шығармада Шерханның сүйіспеншілігіне бөленген тағы бір «бас кейіпкер» бар. Ол – туған жердің табиғаты. Манастың шыңы, Мыңбұлақтай ауылы, Жуалының жуасы мен жалбызы, Борандының ақ түтек бораны, айлы түні, аңы мен құсы. Туған үйдің түтіні. Туған топырақтың киесі. Жазушының: «Теріс өзенінің көктемгі қарқыны басылып, таяз тартқан кезі екен, қиналмай өттік. Одан әрі Ащының алқабымен алқынып көп жүрдік. Ащының биігіне көтерілгенде, артыма бұрылып қарап едім, әуелі жалтырап, күміс жыландай ирелеңдеп жатқан Терісті көрдім. Одан өрі найзаның ұшында шаншылып Манас шыңы көрінді. Оның батыс жағын ала жатқан доғалдау шың Көксай екенін шамаладым. Одан да батыстағы, әрине, біздің Ақсай деп қойдым, Ақсайдың аңғарынан төменірек өз ауылымды – Мыңбұлақты іздедім. Жарықтық, жатыр екен. Үркердей боп үрпиіп. Шақпақтау желінің өтінде қалған торғайдай, жүні қобырап, қорғансыз қалған мына өзім сияқты көрінді», – деп толғана қалам тербеуі, туған жер қадірін жан-тәнімен сезіне білетіндігін айтпай ұғындырады.
Романды оқи отырып, сан алуан гүлдердің, шөптердің, өсімдіктердің аттарын кездестіреміз. Соншалықты көп білетініне таңғаласың. Осы жерде ол сөзімізді дәлелдеу үшін бірнеше мысал келтіре кетсек: «…үшеуіміз Бердімбет сайының қабағына барып, шытыргүл тереміз, жабайы үпіл мәліктің қырмызы гүлін, меңдуананың қауашағын жұлып аламыз». «Киікоты аралас – бидайық пен майлы шытыр, көдесі мен қызыл изені, иіс майлы қылшасы мен жусаны, қызыл жоңышқасы, гүлқайыр мен көкмаралы сол қалпында тірі күніндегідей сиқырлы», «Ел сыртындағы шырыш пен шоңайна тікен басып кеткен жадау зиратты айналып өтіп, бәріміз үркіп ұшқан бұлдырықтай құлдыраңдап ауылға қарай тұра жүгірдік. Оған көп шеге қағылған түрлі түйіншек дорба шөп: адыраспан, киікоты, кекмарал, қылша – бәрі сонда ілулі тұрады», немесе «Бөрте жусан, күрдек бүрген, қызыл изен, тіпті киіздей ажырыққа дейін жұмсарып, пейілденіп, мал тұрмақ, адам да жегісі келгендей, тәбет тартып тұр», – деп жазады.
Шерхан адамдар іс-әрекетін тамаша теңеумен білдірсе, табиғатты суреттеуде пейзажды ұтымды пайдаланады. Айталық, «Көптің ішінен Кіші Гришканы көзім шалып қалсын. Оны байқамас та ма едім, не көп – бала көп, бірақ шашынан таныдым. Көп қара торғайдың арасына бір ақ бас торғай кіріп кеткендей…» немесе, «Бес жасар баланың миы әлі нүкте түспеген ақ қағаздай». «Пәшира апам ауыз үйде әупілдекше кекіріп қойып, бір самауыр шәйді бір өзі ішіп отыр екен», – деп жазады қаламгер. Ал табиғат көрінісін: «Батқан күннің қызылы Алатаудың қарлы шыңдарын балқытып жібергендей еді. Теріскейдегі Қаратаудың үстінде қызғылт көгілдір құстар түйдек-түйдегімен қалқып тұрғандай екен. Құстар емес бұлттар екенін сеземін. Қошқаратаға қонақтаған қоқи қаздар секілді» деп сырлы суреттер арқылы шебер көрсетеді.
Сол шығармасында Шераға: «Батқан күннің қызылына малынған шарбы бұлттар терістіктен түстікке қарай көшкен фламинго – қоқиқаздар сияқты қалықтап, баяу жылжиды. Тек, қызғылтым арай шалмаған бір шөкім ұлпа қарауытып, бұлардан алыстап, артта қалып қойды. Орнынан жылжымайды. Қанаты талған шығар. Ұяластарынан, тобынан, туыстарынан айырылып қалған шығар. Мен сияқты ғой. Сұңғыла сорған қауындай бозарып, кеміген жартыкеш Ай көрінді», – деп табиғатты әсерлі суреттейді.
Сөйтіп, жолдың кедір-бұдырына көңіл бөлмей, «Ай мен Айшаны» ой елегінен өткізіп отырғанымызда ойымызды кенет сапарлас жігіттің дауысы бөліп жіберді.
– Міне, анау-мынау дегенше Көксай шатқалының қақпасына келіп жеттік…
Көксайға бірінші рет келсем де бәрі маған бұрыннан таныс сияқты: аспан тіреген асқар таулар, терең шатқал бойын қуалап ақ көбік шапшып, сарқырап аққан асау өзен, биіктен биікке өрмелеген арша, қарағай, самырсын… Бәрі Шерағаның арқасында, оның шырайлы көркем шығармалары арқылы таныс көрініс, табиғат сұлулығы.
– Көксай шатқалы Ақсу-Жабағылы табиғат қорығының буферлік аймағы болып табылады. Бұл аймақ, биологиялық құндылықтарға толы: тоғайлар, арша тоғайлары, таулы альпі шалғынды даламен алмасып отырады. Тылсым табиғаттың кереметтілігін өз көзіңізбен көруіңіз керек, – дейді бізді осы өңірдің табиғатымен жақынырақ таныстырғысы келіп Жуалы орман қорғау шаруашылығының басшысы Әлижан Батырханұлы. – Аңғардан жоғарыласақ, тау ортасында айнадай жарқыраған Көксай көлі бар. Оны базбіреулер Айнакөл деп орынды атайды. Түпсіз көгілдір мұздай тау көліне аспан айнадай шағылысады. Көпшілік, тіпті, ол көлдің бар-жоғын білмейді. Өйткені ол картада жоқ. Оған бір аяқ соқпақ жолмен жаяу немесе тау жолына дағдыланған атпен жетуге болады. Жолы күрделі, абай болмаса қиын. Ол көлде Шераға әңгіме етіп жазған сирек ұшырасатын сарыала қаз яғни феникс тіршілік етеді. Суы тастай болса елдің көзінен таса болғандықтан ба бір топ сарыала қаз сонда мекендеп, жыл сайын балапандарын қанаттандырады. Айта берсек әңгіме көп, аңыз көп…
Шерхан аға «Ағаш та адам тақылеттес. Тамырына балта, өзегіне өрт тимесе, жұлынын құрт кемірмесе, жасын түсіп жайрамаса, ағаш көп жасайды. Алатаудың Ташкентке жетер-жетпес құйрығында жатқан Бостандық жерінде бір шынар тұр. Өзбектер тақта қағып, жазу жазып қойыпты. Сөйтсе сол шынарды Ақсақ Темір көрген екен. Ақсақ Темірден бері қай заман! Ақсақтың сүйегі баяғыда-ақ қурап қалды. Ал шынар әлі тұр. Кесір-кесапаттан аман болса әлі талай жасамақ» деп «Мың жылдық жара» әңгімесінде жазбап па еді? Табиғат және оның барлық байлығы адам баласына ортақ дүние ғой. Соған оң көзбен қарасақ жарар еді, – деп сөзге араласты орман қорғау шаруашылығы бастығының орынбасары Рүстем.
Ойды ой қуып кете барды. Тағы да Шераңғаның мына бір сөздері есіме түсті: «Мыңбұлақтың бір бұлағы – Бердімбет сайындағы бұрынғы ескі әуітті жөндеп, табанын тазартып, су толтырып, балық өсірсек деймін ғой баяғы. Сонда Бердімбет баба сайының қос қанаты ну орманға айналса, айдында балықтар тайдай тулап, тоғайға қаздар қонып, үйрек ұшса деймін ғой, баяғы. Кім біледі, тірі жүрсек, ондай күнді де көрерміз. Мыңбұлақта баяғы-баяғы бағзы заманда ит мұрыны өтпес қалың орман болған екен. Сол дәурен қайтып оралса дейсің ғой, баяғы» («Бір кем дүние», 2008, 78-79 бб.).
«Абыз қаламгердің ой-қиялы ертелі-кеш расқа айналса ғой, шіркін!» деп армандайсың, тәтті қиялға берілесің. Мына Мыңбұлақ өңірі мыңдаған, миллиондаған тал-дарақпен көмкеріліп, көз қуантар орманға айналып, оның рахатын табиғат пен адамдар бөлісіп жатса…
Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Қазақ әдебиетінің үлкен ақсақалы Шераға Майбұлақтың, Ақсай-Көксай мен Ақсу-Жабағылының сұлу табиғатын өзінің шығармаларында кестелеп, оған үнемі оралып, қаламдас інілеріне жер жәннатының жай-күйіне үнемі назар аударып, оны қорғауға, мәпелеуге кеңес беріп отырды. Абыз аға туған жерін әрдайым ардақтап, жырлап өтті.
Шерхан аға кіндік қаны тамған Мыңбұлағына соңғы рет 2017 жылдың жазында бір аптаға қызы Алма екеуі келіп қайтты. Біраздан бері ауруы меңдеп, денсаулығының төмендегенін ұзынқұлақтан естіп-біліп жүргенбіз. Міне, сол бар өмірін, білімін, білгенін халқы үшін сарп еткен, биліктегілер алдында елдің сөзін сөйлеп, ағысқа қарсы жүзген асыл азамат алдымызда отыр. Еті қашып, бойынан бұрынғы күш-қайратының азайғаны, дімкәстігі білініп тұр. Сөйлесуге зауқы жоқ екенін түсініп, бірер уақыт қасында болып, «ағаны шаршатпайық» деп шайға шықырған туған інісі Батырханның отбасына атбасын бұрдық. Батырханды бұрын көрмеген кісі оны Шерхан аға деп қалуы әбден мүмкін. Бет-әлпеті, бойы, тіпті, қимыл-қозғалысы да тым ұқсас. Дастарқан басында Батырхан аға шешіле өткен-кеткен күндерді еске алып, Шераға туралы біраз естеліктер айтып, біздің білетінімізді толықтыра түсті. Кеше Шерағаңды көлікке отырғызып Мыңбұлақ аймағын, Ақсайды аралатып, жусан, жалбыз бен киікоты исімен тыныстатып, мөлдір сулы жалбыз көмкерген тасбұлақтан су ішкізіп, дәмді қымызбен сусындатыпты. Биік шыңы көк тіреген, басын мәңгі қар басқан Тәңіртау мен Манас шыңына ұзақ қарап отырып, Шераға терең күрсініп, жанары жәудіреп, көздеріне жас алыпты (сірә, туған жерімен қоштасқаны болар). «Ай мен Айша» романында келтірілген шым-шытырық оқиғалар, онда алдымызда отырған Батырхан ағаның суреттелуі көз алдымызда көлбеңдеп тұрып алды (Батырхан аға да қазір өмірде жоқ, жаны жәннатта болғай жарықтықтың).
…Жол бойы тым-тырыс, әркім өз ойымен келе жаттық. Жолсерігім Сайлаубек Наурызбаев досымның кейде ән салатыны бар еді. Жай ыңылдап отырып бір әнді бастап кетті. Бұл әнді мен бұрын басқа ешкімнен, не теледидардан, не радиодан немесе концерттік сахналардан естіген емеспін:

Дүние ойлап тұрсам-ау, шолақ екен-а-а-й,
Қарағай басын кессе, молақ екен, ахау, аха-хай.
Он бес пен жиырма бес-о-у, қайран отыз-ай,
Үшеуі-үш күн қонған, қонақ екен-ахау, аха-ха-ай.
Елімнің, бір жайлауы, Құрымбай саз-ай,
Жайлаған алты-ай жазға, Сарыала қаз, ахау, аха-ха-ай.
Шолпандай таң алдында, туып-батқан-ай,
Қайтейін, о дариға, ғұмыр аз, ахау, аха-ха-ха-ай.

Ия, мына ақ пен қара, күн мен түн араласып жатқан беймаза дүниеде біз бітірмеген әлі қаншама істер бар? Шерағам айтпақшы, бір кем дүние…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Рысқұлдың рухына құрмет көрсететін кез келді

Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловтың дүниеге келгеніне биыл – 125 жыл, әкесі Рысқұл Жылқайдаровтың туғанына – 160 жыл. Тарихшы ғалымдарымыз бен жазушыларымыз Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы көптеген зерттеу мақалалар, көркем шығармалар жазды, ал әкесі Рысқұл жайлы не білеміз?
Рысқұл Жылқайдаров 1859 жылы Шымкент уезінің, Майлыкент болысында, қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Кесек тұлғалы, өр мінезді, намысшыл жігіт аумалы-төкпелі заманда, 1880-1890 жылдары өзінің бір топ туыс-жолдастарымен Жетісу өлкесі Шығыс-Талғар болысына қоныс аударған. Рысқұл Шығыс-Талғар болысы Саймасай Үшкемпіровтің қол астында жүріп, оның тапсырмаларын орындайтын сенімді өкіліне айналады. Алайда ұрланған жүйрік тұлпарға байланысты болыс Саймасай әділетсіздік жасап, Жылқайдаровты ұры деп, оязға ұстап береді. Ол ебін тауып қашып шығып, Қараш-қараш тауларын паналайды. Өр мінезді Рысқұл болыс Саймасайдың әділетсіздігіне төзбей, 1904 жылы 20 желтоқсанда бір топ нөкерлерімен келе жатқан Саймасайды Қараш-қараш асуында атып өлтіреді. Болыстың өліміне байланысты қуғынға түсіп жатқан ел-жұртын көріп, өз еркімен беріліп, 30 желтоқсанда Алматы түрмесіне қамалады. Баласы Тұрардың қауіпсіздігін ойлап, өзімен бірге түрмеге алдырып, сот үкімімен айдауға кеткенше ұлымен бірге болады.
Верный өлкелік сотының 1905 жылғы 30 қазандағы үкімімен 10 жылға каторгалық жұмысқа кесілген Р.Жылқайдаров 1906 жылдың 28 маусымында Сахалин аралына жер аударылады. Ұлы Тұрарды өзімен бірге алып кетуді сұранған талабы қанағаттандырылмайды, Тұрар әкесімен соңғы рет қоштасып қала береді.
Мұхтар Әуезов 1920 жылдардың ішінде Ташкентте Тұрар Рысқұловпен жете танысып, достасқан. Жазушы 1927 жылы Жетісуда Қарқара жәрмеңкесіне барып, Алматыға қайтарда Қараш-қараш асуына соғып, оқиға болған жерді өз көзімен көрген. Осыдан кейін «Қараш-қараш оқиғасы» шығармасын жазған. Шығармадағы басты кейіпкер Бақтығұл – өмірдегі Рысқұл, шығарма алғаш рет 1927 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарияланды. 1936 жылы кітап болып басылды, екінші рет қайта өңделіп, 1960 жылы жаңа кітап болып шықты.
Рысқұл Жылқайдаровтың 1906 жылы Сахалинге жер аударылып кеткенге дейінгі оқиғасымен М.Әуезовтің шығармасы аяқталған, ал Рысқұлдың одан арғы тағдыры қалай болды екен?
Тарихшы ғалымдар, зерттеушілер Рысқұл Жылқайдаров Сахалин аралына каторгалық жұмысқа күзетпен айдалған. Алайда Сахалинге жетпеген оның күзетпен Иркутск облысына дейін барғаны құжаттармен айғақталғанымен, арғы жағы белгісіз, «жолда өлді» деген айғақ жоқ. Зерттеушілер Жылқайдаровты күзеттен амалын тауып қашып кеткен деп жорамалдайды, анығы солай. Жылқайдаров амалын тауып күзеттен құтылып кеткен, айлап қашып жүріп сонау Сібірден, Әулиеата уезі Талас өзенінің Мойынқұмға сіңер сағасында тұратын нағашы жұртына жеткен. Жол азабын көріп, денсаулығынан айырылған қайсар тұлға нағашыларының қолында қайтыс болып, сонда жерленген. Бұл жалпылама түсінік.
Шындық не дейді? Осы оқиғадан хабары бар түлкібастық қариялардың біразы 1970-1980 жылдарға дейін өмір сүрді. Сол қариялардың айтуына қарағанда, Рысқұлға іздеу салған патшалық полицейдің хаттары Майлыкент болысына бірнеше рет келгенін, ағасы Рысқұлдың Таластағы нағашыларына жетіпті деген хабарды естіген інісі Молдабек мініс атын жабдықтап алып барғанын, көп ұзамай Рысқұлдың шамамен 1908 жылдары қайтыс болғанын айтатын еді.
«Лениншіл жас» газетінің 1968 жылдың 22 қараша күнгі санында «Ол Қараш – қараштың геройы» деген Ауданбек Көбесовтің мақаласы шықты. Мақала Р.Жылқайдаровтың Сібірге каторгаға жер аударылғанымен, межелі жерге жетпей қашып кеткенін жеткізеді. Қазіргі Талас ауданында тұратын Ысты-Ойықтың «Жәдік» деген атасындағы нағашыларына келіп, ауыр жол азабынан денсаулығы құрып қайтыс болып, «Ақ қорған» деп аталатын қорымға жерленгенін, Рысқұлдың өмірінің соңғы сәттерін, жерленген жерін білетін қариялардың атын атаған. Олар Мәуебек, Берден, Оспан, Тәкей, т.б. деп көрсеткен. Жергілікті аудан басшыларынан Рысқұлдың моласын іздестіріп, белгі қоюды өтінген. Сол кезде бұл жұмыс қолға алынып, жергілікті тұрғындар Рысқұлдың қабірін тауып, белгі қойса керек. Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай кезінде Рысқұлдың қабіріне аты-жөні жазылып, белгі тас қойылыпты. 2015 жылы түлкібастықтар белгіні қайта жаңғыртып, үлкен темір шарбақ орнатыпты.
Рысқұл Жылқайдаровтың қабірі тұрған жер киелі орындардың бірі көрінеді. Таластың бойында Ислам дінін таратушы-насихаттаушы болған Қара Қожа молданың қайта жөндеуден өтіп, бізге жеткен зәулім мешіті, қазақ жұртына белгілі Ысты Бөлтірік шешеннің зәулім кесенесі тұр. Туристер ағылып келетін-ақ жер.
Ұлы тұлға Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқайдаров ірілігімен ұлы жазушы М.Әуезовтың «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармасының бас кейіпкері болды. Өз заманында бай-болыстардың ығына көнбеді, әділетсіз істеріне төзбеді. Жаламен айдалып кетсе де, батыл, намысшыл жігіт күзеттен ерлік жасап қашып шығып ел шетіне жетіп, Талас топырағында қайтыс болды. Осындай дара азаматтың қабірінің басына қазіргі заманға лайықты етіп ескерткіш орнату керек.
Рысқұл заманына көз салсақ, Р.Жылқайдаровтың меркіліктерге күйеу екенін, таластықтарға жиен екенін көреміз. Осындай дара тұлғаның өздеріне де қатысы барлығын ескеріп, Жамбылдың ардагерлері бір бастама көтерсе қәнекей?! Ел-жұрт болып біз де қолдар едік, әрине, тізгін ұстап жүрген азаматтарға да құлаққағыс қылып отырған жайымыз бар.

Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ,
Сарыағаш, Түлкібас,
Келес аудандарының
Құрметті азаматы.

Түлкібас ауданы,
Түркістан облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support