- Advertisement -

сексен жылдан кейін…

42

- Advertisement -

Арыстандыға таза ауызсу жүйесі тартылды

Сарысу ауданынының бірнеше елді мекеніне су-құбыр жүйелері жүргізілді. Аудан орталығынан жырақтағы ауылда тұратындар таза ауызсуды күткеніне отыз жыл болған екен. Бұған дейін олар құдық суын пайдаланып келген-ді. Ал мұндай судың сапалылығы күмәнді екені айтпаса да түсінікті. Тораптық су-құбыр жүйесі Арыстанды ауылында өзі құрылған 1939 жылдан бері жүргізілмеген. Тұрғындар негізінен бұлақ-бастаулар суын тұтынды. Ал бұдан отыз жыл бұрын әрбір аулада дерлік жер құдықтарды қолданған. Енді олар қолданыстан қалды. Ауылға таза ауызсу желісі тартылды.
Вали Ахметовтың отбасы үшін де бұл айрықша қуанышты оқиға болды. Ақсақал құдық жайлы ауызға да алмайды. Өңірде жаңа өзгерістер орын алып, ескіні жаңасы келіп алмастыруда. Су құбыр желісі жүргізілуіне байланысты ауыл тұрғындарының тұрмысы мейлінше қолайлы бола түскен. Олар өздерінің жайлы ортада өмір сүре бастағандарын айтады. Көшенің түнгі жарықтандырылуы жүйеленіп, жаңа әлеуметтік нысандар, жолдар салынған. Енді әрбір үйге «көгілдір отын» кіргізілуі ғана қалып тұр.
– Әр аула мен үйге таза да сапалы ауыз су кіргізілген. Бұған дейін қыста су тасу қиынға түскен еді. Аязды күндері құдықтан су алуға шығуға, малды да суаруға тура келетін. Судың сапасы да жақсы емес. Соның әсерінен бүйрек ауруына шалдыққандар да көп-ақ. Ал қазір шүмекті бұрап қалсаң болды, таза да тәтті су сарылдап ағып тұр, – дейді Арыстанды ауылының тұрғыны В.Ахметов.
Сапалы ауызсу Қызылдихан ауылына да жеткізіліпті. Бүгінде мұндағы 70 отбасы орталықтандырылған тораптық су-құбыр жүйесінің игілігін көруде. Мұнда су жинақтаушы мұнаралар орналастырылған. Су тұрғындарға залалсыздандыру жүйесінен сүзіліп шыққаннан кейін барып таратылады.
Мердігер компанияның директоры Қуат Ахатаев:
– Ұңғыманың мұнда екеуі қойылған. Бірі жұмыс істейді, екіншісі қосымша ретінде пайдаланылуда. Нысандар сыйымдылықтармен де, су сорғыларымен де осындай ретпен қос-қостан жарақтандырылған. Сыйымдылықтың әрқайсысы 100 текше метр су жинауға қауқарлы. Сонда бір нысанда бас-аяғы 200 текше метр су жинақталады. Жұмыста қандай да бір іркіліс туындай қалса, бұл қор тұрғындарды 10-15 күн бойы судан тарықтырмауға әбден жетеді. Туындайтын осындай төтенше жағдайлар ескеріліп, барлық жүйе қосалқы желілермен қамтамасыз етілген. Бірі қатардан шықса, екіншісі іске қосылады, – дейді.
Аудандағы 26 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған тораптық су-құбыр жүйесімен қамтылып отыр екен. Бүгінде облыстық және республикалық бюджет есебінен бөлінген 720 миллион теңгеге Игілік, Өндіріс ауылдарының су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары басталуда.
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркін Алтышевтің айтуынша, екі ауылдың тораптық су-құбыр жүйесімен қамтамасыз етілуіне 500 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Кезекте тағы да бірнеше ауыл тұр.
Айта кету керек, өңірдегі елді мекендердің бүгінде 54 пайызы ғана орталықтандырылған су-құбыр желісіне қосылған. Мамандар бұл іс 2023 жылы толықтай шешілетінін айтады.

Сарысу ауданы.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support