- Advertisement -

Басты мұратымызға бағыт алдық

58

- Advertisement -

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы батыл бастамалар мен ауқымды жоспарлар еліміздің болашағы жарқын болады деген сенім ұялатты. Бұл тарихи құжатта Мемлекет басшысы осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын қазақ халқы тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізгенін, осы уақыт аралығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді мемлекетке айналғанын айрықша қуанышпен айта келіп: «Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық яғни, Назарбаев моделі деп атады», – деп ерекше сезіммен жеткізді. Бұл – әрине, барша қазақстандықтар үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе.
Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ол бүгінде қала мен ауылды дамытудың берік негізіне айналып келеді. Артықшылығы сол, қалаға жақын орналасқан ауыл-селоларды айтпағанның өзінде, орталықтан шалғайдағы елді мекен тұрғындарының да кәсіпкерлікке бет бұруы қуантарлық іс.
Жергілікті бюджетті нығайтуға да кәсіпкерлердің қосып отырған үлесі зор. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да барынша көңіл бөлініп келеді. Бұл – ең алдымен халық игілігі үшін жасалып отырған жасампаздықтың бір көрінісі.
Жолдауда агроөнеркәсіп кешенін оңтайлы дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бұл саланың кәсіпқой маманы ретінде мен мұны қолдап, қуаттап отырмын. Өйткені Президент өз елімізде ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерде айрықша сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін бізде зор мүмкіндік бар екенін айта келіп, аталмыш саладағы негізігі ресурс, яғни қолда бар мүмкіндіктердің әлі күнге толық пайдаланылмай отырғандығына ерекше тоқталғаны белгілі. Оның орнын толтыру үшін 2030 жылға қарай елімізде суармалы жер көлемі 3 миллион гектарға дейін ұлғайтылатыны нақтыланды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта жергілікті фермерлерге айрықша қолдау көрсетілуі тиіс. Олардың өндірген өнімдерін экспортқа шығаруына жол ашып, мүмкіндік туғызу қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелген кезек күттірмейтін міндет осы.
Жолдауда мені ерекше сезімге бөлегені Президенттің: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді», – деп кесіп айтуы. Осылайша, қазақстандықтарды толғандырып, көкейін күпті етіп жүрген жер мәселесіне нүкте қойылды. Сөйтіп, Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – баршамыздың міндетіміз екенін ескертті. Қ.Тоқаевтың Жолдауы бір сөзбен айтқанда, көпшіліктің көкейінде жүрген іс-жоспарларды батыл айқындай түскен талғамы бөлек тарихи құжат болып қалды.
Сөзімнің қорытындысында айтарым, Президент Жолдауында тәуелсіз еліміздің алда тұрған асқаралы міндеттерді белгілеп, оны қалай жүзеге асыру қажеттігін нақтылап берді.

Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің
кафедра меңгерушісі, академик,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support