Әлеумет тік жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ бастық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы ел ішінде үлкен серпіліс туындатып, жан-жақты қолдау табуда.Жолдауда елімізде кәсіпкерлік ісін дамытуға байланысты атқарылатын ауқымды шаралар да атап көрсетілген. Мемлекет басшысы, әсіресе шағын және орта бизнесті бүкіл қоғам болып қолдау керектігіне айрықша назар аударып отыр. Президентіміз осыған байланысты Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табыс салығынан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап, микро және шағын бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енетін болады.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында болашақта тек еңбек қана қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алатындығына ерекше назар аударылғаны еліміздегі еңбек қатынастарын реттеуді жаңа деңгейге, яғни дамыған мемлекеттердегі деңгейге көтеру қажеттігін міндеттейді.
Негізінде, тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елімізде еңбек қатынастарын реформалау ісі тұрақты жүргізіліп келеді, егемендіктің алғашқы жылдарында кеңестік кезеңнен қалған еңбек туралы заңдар кодексін пайдаланып, оның жаңа экономикалық жағдайда, яғни кәсіпорындар жекеменшікке өткенде, жұмыс беруші деген ұғым тек қана мемлекет емес жеке азаматтарға қолданылғандықтан, еңбек қатынастарын реттеуге келмейтіні белгілі болды. Содан кейін 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек туралы Заңы қолданысқа енгізілді. Осы 109-баптан тұратын Заңы еңбек қатынастарын реттеу саласына көп өзгерістер алып келді, алғаш рет жеке еңбек шарты және жұмыс беруші деген ұғымдар пайда болды. Бұл заң сол кездегі экономикалық дамуымыздың сатысына сай келді, бірақ экономикамыздың одан әрі өркендеуі халықаралық қатынастардың дамуы, еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылуы, еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге итермеледі. Еңбек қатынастарын реттеу жалданып жұмыс атқаратын азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға тікелей қатысты болғандықтан, 2007 жылы Еңбек туралы кодекс қабылданды. Осы Кодексте еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік мәселелерін реттеу қарастырылды.
Алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіру – еңбек заңнамасын жетілдіріп, халықаралық стандарттарға сай етуді қажет етеді, Елбасы белгілеген бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадамның 83-қадамы еңбек қатынастарын ырықтандыру және осыны жүзеге асыру шеңберінде жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Осыған байланысты еңбек қатынастарын реттеуде енгізілген өзгерістер негізінде салалас «Халықты жұмыспен қамту туралы» жаңа Заң қабылданып, бүгінгі күні халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдық қатынастар осы заңмен реттелуде.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, еңбек қатынастары саласында жеке және ұжымдық даулар туғызып әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратын негізгі мәселе – жалақының уақтылы әрі толық көлемде төленбеуі. Осыған байланысты, шетелдердің қатысуымен құрылған ұйымдарда жалақы қарызы мәселесі туындамайтынын айта кетуіміз керек. Мәселен, «Алтыналмас АК» АҚ, «ЕуроХим-Тыңайтқыш», «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «КнауфГипсТараз» ЖШС-ларын айтсақ та болады. Өндірісте жаңа техника мен заманауи озық технологияларды қолдану да аталған кәсіпорындарға тиесілі болып отыр. Жаңашылдыққа бет бұру еңбек өнімділігін арттырып ғана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мәселелерін ұйымдастыруды да жоғары деңгейге көтеріп, өндірістік жарақаттың азаюына септесуде.
«Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС 2010-2014 жылдар аралығындағы еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылған. Жылдық жобалық қуаты 1,2 миллион тонна цемент өндіруге есептелінген, өнімдері Қырғыз, Тәжікстан елдеріне де экспортқа шығарылуда. Компания тарапынан екінші технологиялық желіні іске қосу арқылы өндіріс қуаттылығын 2,4 миллион тонна цемент өндіруге жеткізу ісі ойластырылуда. Бұл тағы да бірқатар қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз.
Кәсіпорында 240 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан тыс жергілікті жерде тұратын 200-дей азамат мердігерлік ұйымдарда жұмыс істеуде. Кәсіпорын жұмысшылары үшін өте қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасалынған, олардың тұрақты тұруы үшін Балқаш көлінің жағасынан «Самал» қалашығы салынған. Оның аумағында балабақша, мектеп, медициналық пункт, шағын маркет, кітапхана, фитнес орталығы, бильярд және кино залдары, тұрмыстық қызмет көрсету орны бар.
Бір айта кетерлік жайт, компания тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуінің және тәуекелі төмен жаңа технологиялар қолданылуының нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде мұнда ешқандай да өндірістік жазатайым оқиғалар орын алған жоқ.
«ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС – 2013 жылдан бастап өңіріміздегі фосфорит кенін өндіру және минералды тыңайтқыштар шығару жобасын жүзеге асырып келе жатқан ең ірі инвесторлардың бірі. Биылғы жылдың басында жобаның бірінші кезеңі табысты аяқталып, зауыт жылына 640 мың тонна фосфорит кенін өндіретін жобалық қуаттылығына жетті. Бүгінгі күні серіктестікте 226 адам жұмысқа тартылған, жұмыскерлердің орташа айлық жалақылары 133 мың теңге көлемінде. Бұл облыстағы орташа жалақы мөлшерінен әдеуір көп.
Өңірлік жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде кәсіпорын күшімен жылына өндірілетін фосфорит кенінің көлемін 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар өндіретін кешен салу жоспары да іске асырылады. Мердігер компанияларды қоса алғанда, 2,5 мың қосымша жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған алғашқы Жолдауы – еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік жаңғыруының жаңа кезеңінің басталғандығының айқын көрінісі. Онда атап көрсетілгендей, заманауи тиімді мемлекет құру үшін жұмыскерлерге қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, қауіпсіз жұмыс атқаруына баршамыз болып жұмыла атсалысуымыз керек.

Балабек НАРБАЕВ,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/