- Advertisement -

Өңір спортын өрге бастыратын қарышты қадамдар қайда?

60

- Advertisement -

немесе, жуалы ауданындағы аула клубы бір допты 10.000 теңгеге сатып алған. салада басқа да кемшіліктер көп
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен және депутат Гүлжан Тілеубердиеваның төрағалығымен өткен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті, отыз сегізінші сессиясында өңірдегі ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлерін және бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және спорт қызметін дамыту мәселелері сөз болды. Спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бөлінген қаржыны тиімді пайдалану жайы қозғалды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков берген мәліметке сүйенсек, өңірде спорттың 43 түрі бойынша жұмыс істеп тұрған жалпы спорт нысандарының саны 95,9 пайызды құрайды екен. Алдағы уақытта оның санын 100 пайыздық көрсеткішке жеткізу көзделуде. Осының өзі үлкен жетістік. Дегенмен спорт залдардың қолжетімді болуы әлі де өткір күйінде қалып отыр. Бұл туралы жиында облыстық мәслихаттың құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Дария Қожамжарова айтып өтті. Саладағы жетістіктерді сөз етіп қана қоймай, қордаланған мәселелерді де алға тартқан депутат: «Аудандық спорт мектептерінің оқушылары орта мектептердің спорт залдарын пайдалануы немесе жеке кәсіпкерлік спорттық емес нысандарды жалға алуы әдетке айналған», – дейді. Ал бұл кемшіліктерді жою үшін алдымен олардың материалдық-техникалық базасын нығайту қажет екен. Сол себепті 2015 жылы қаңтар айында басқармадан аудандарға өткен спорт мектептерін қайта қайтаруды ұсынды.
«Алатау» шағын ауданының 2 А мекен-жайындағы ғимараттың 2-қабатында орналасқан Тараз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жай-күйі де депутаттар назарынан тыс қалмады. Ол маңда «Шуақ», «Сан-Ремо» және «Бекзат» кафелері бар. Саламатты өмір салтын насихаттайтын мекеменің мұндай жерде болуының өзі дұрыс емес. Оның үстіне ғимарат жөндеу жұмыстарын да қажет етеді екен. «Былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті тарапынан мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимараттарды зерделеу барысында аталған бөлімді басқа ғимаратқа көшіру туралы ескерту жасалған еді. Алайда ол өз шешімін таппады. Негізі қала әкімдігі спорт бөлімін іздеген адам табатындай жерден кеңсе қарастыру қажет», – деді депутат. Аталмыш жайтқа байланысты өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру үшін аулалар мен саябақтарды жабдықтау қажеттігі де айтылды. Мәселен, зерделеу арқылы ауылдық жерлердегі бірнеше елді мекенде спорт залы болса да пайдалануға жарамсыз екен. Күрделі жөндеуді қажет ететіндері көп. Оларда спорттық құрал-жабдықтардың ескіргенін былай қойғанда, қарапайым доптың да жоқтығы анықталған.
Тараз қаласы мен аудандарда бірдей спорт доптары әртүрлі бағамен сатып алынған. Мысалы, Жуалы аудандық білім бөлімі сатып алған футбол доптарының біреуі 850 теңгеден болса, осы бөлімге қарасты «Аула клубы» мекемесі 1 данасын 10 мың теңгеден сатып алған.
– Соңғы үш жылдың ішінде Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында мектептерге спорттық құрал-жабдықтар сатып алуға қаражат қарастырылмаған. Осы себепті дене шынықтыру пәні ұстаздары өз қаражаттарына спорттық ойындарға қажет доптарды сатып алуға немесе демеушілер іздеуге мәжбүр. Тексеру арқылы аула клубтары қызметкерлерінің жұмыс орнына себепсіз келмейтіні белгілі болыпты. Мысалы, Т.Рысқұлов ауданындағы осындай қызметкерлердің 80 пайызы жұмысқа себепсіз шықпағандары анықталды. Бұдан бөлек, өңірдегі 54 бастауыш мектепте арнайы типтік спорт зал жоқ, – дей келе Дария Пернешқызы аймақта спорттық әдіскер-нұсқаушылардың жетіспейтіндігін, Тараз қаласындағы «Шөлдала» тұрғын алабындағы оқу-жаттығу базасының жарамсыздығын баса айтты.
Негізі «Тараз» футбол клубының бюджеті 1,4 миллиард теңгені құрайды. Ал негізгі команданың жалақы қоры – 728,7 миллион теңге. Бұл Қазақстан Премьер-Лигасы клубтарының бюджеттері арасында ең төменгі көрсеткіш екені де жасырын емес. Мысалы, «Астана» клубының бюджеті 9,8 миллиард теңгені, «Қайсардыкі» 4 миллиард теңгені, «Ақтөбенікі» 2,7 миллиард теңгені құрайды. Ал Алматы облысының «Жетісу» футбол клубының бюджеті 2016 жылғы 1,1 миллиардтан 2019 жылы 3,1 миллиард теңгеге дейін өскен. «Тараз» футбол клубы бюджетін кем дегенде Қазақстан Премьер-Лигасының орта командалары деңгейіне көтеру қажет. Ол командада үздік тәрбиеленушілерді ұстап тұруға және қазақстандық Премьер-Лиганың жетекші клубтарымен бәсекелесуге мүмкіндік беретін болады, – деді комиссия төрайымы.
Жалпы бұқаралық спортты дамытуда жүгіру марафондарын ұйымдастыру, «стрит воркаутты» қолға алу қажет дейді жарыссөзге шыққан депутат Гүлдара Нұрымова. Сондай-ақ велотуризм өркен жаю үшін велоспортқа баса көңіл бөлуді ұсынды.
Ал облыстық мәслихат депутаты Абай Нұржанов өңір спортшыларының медициналық тексеруден, қалпына келтіру ем-шараларын жүргізетін медицина бөлімінің жабдықталуы тиісті деңгейде емес екенін алға тартты. «Бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша дене шынықтыру-сауықтыру диспансерінің құрылысы шешер еді. «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына арнайы әмбебап спорт кешенін салу мәселесі шешімін табуы қажет», – дей келе ол Жуалы ауданы Қарабастау ауылындағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебіне «Жапсарлас спортзал мен қазандық құрылысын» жобалау барысында жіберілген кемшіліктерді де айтып өтті. Нақтырақ тоқталсақ, спорттық нысан құрылысын жоспарлау кезінде жаңа нысан дәл қазандықтың үстіне түсіп, ескі қазандық бұзылып демонтаж жасалынған. Мәселеге қатысты депутат шұғыл түрде шаралар қолданылмаса мектептің жабылу қаупі барын ескертті.
Бұдан кейін әртүрлі мәселелер қаралып, келесі кезекті cессия төрағалығына депутат Гулам Умаров сайланды.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support