Олар қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуі тиіс

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі бірқатар мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ асты. Кездесуге келген Қазақ соқырлар қоғамының мүшелерінің мұң-мұқтажын тыңдаған аймақ басшысы олардың көкейлеріндегі көп сауалға нақты жауаптар беруге тырысты.

Жиында Асқар Исабекұлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Бидайбековтен саладағы шешімін күткен мәселелерді ашық айтуын талап етті. Басқарма басшысы өз кезегінде бюджеттен тиісті қаражаттардың уақтылы бөлініп отырғанын, алайда, кейбір қызмет көрсету мен емдеу шараларының сапасы әлі де сын көтермейтінін жеткізді.
Жиында мүгедек жандардың жұмыспен қамтылу мәселесіне баса көңіл бөлінді. Тұрғындарды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту барысы баяндалды. Бұл бағытта биыл 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы қарастырылған. Осы орайда бүгінге дейін барлығы 237 мүгедек уақытша қоғамдық жұмыспен қамтылған. Оның 37-сі Тараз қаласы, қалған 200-і аудандарға тиесілі екен. Сол секілді, әлеуметтік жұмыс орындарына тарту бойынша 39 осы санаттағы азамат уақытша жұмыспен қамтылған.
Өңір басшысы бұл бағытта әлі күнге белгілі жүйенің қалыптаспай отырғанын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспарының тәртібі мен ережесін бекітуде нақтылық керектігін ескертті. Сонымен қатар әлеуметтік бағдарламалар арқылы ең алдымен осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтуға басымдық берудің маңыздылығын баса айтты.
Жиында Қазақ соқырлар қоғамының мүшелері қоғамдық көлікте тегін жүру, 1-топтағы мүгедектердің күтушілеріне төленетін жәрдемақы және емдеу мекемелеріне жатудағы жолдама беру мәселерін көтеріп, сауалдарын жолдады. Олардың сауалдарына жауапты мамандар нақты жауаптар берді, жүйедегі өзгерістерді түсіндіріп өтті. Сондай-ақ олар көтерген мәселелерді шешу жолдарын қарастыру үшін облыс басшысы тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/