«Химик»

Бір «жуыстан» кейін, таңертең ақындар Серік Томанов пен Болат Бекжанов «Химпромның» көптиражды газетінің редакторы Тұрмахан Қазақбаевқа жетіп жығылады.
– Бас жазу керек, – дейді Болат бас-көзге қарамай.
– Тездет! – дейді Серік бұйыра.
– Қа-з-ір, – дейді Тұрмахан маңғазданып. – Технический спирт бар.
– Ол не пәле, уланып қалмаймыз ба? – дейді Болат.
– Не болса да тездет, – дейді Секең.
Тұрмахан асықпай орнынан тұрады. Арғы бөлмеге кіріп кетеді де бірер уақыттан кейін бір химиялық прибордағы мөлдір сұйықты алып шығады. Спирт осы болса керек. Оны ыңғайлы бір орын іздеп жүріп, ақыры шкафтың үстіне қояды. Одан соң сыртқа шығып кетеді. Біраз уақыт өткізіп қайта кіреді. Бұл жолы қолында графинге құйылған суы бар. «Бұл қайнаған, содан соң суытылған су» деп тәтпіштейді. Әр нәрсені бір ұстап біраз салмақтанып жүреді де, сыртқа қайта шығып кетеді. Серік пен Болат тыпыршып отыр. Сүт пісірім уақыт өткізіп Тұрмахан қайта кіреді. Бұл жолы қолында екі бос бөтелке. Оған ептеп су құйып ұзақ шайқайды. Оны апарып төгіп келеді. Енді шкаф үстіндегі спиртті алып бір бөтелкеге жартылай құяды. Серік пен Болат «су араластырады, бітті, енді дайын болды» деп отырғанда Тұрмахан бипаздап оның ішіне әлде бір сұйықты тамызады.
– Бұл дәрі, өң спирт адамның организмін кептіріп жібереді. Содан соң шөлдей беретін боласың. Ал мынаны қоссаң кептірмейді де, шөлдемейсіңдер де, – деп майыстырады. Осыған дейін зорға шыдаған Серіктің шыдамы таусылса керек:
– Әй, Менделеев! Бол тез, емделейік! – дейді бос сөзді қой дегендей шашын бір сілкіп. Серіктің тапқырлығына бәрі ішек-сілесі қата күледі.
Тұрмахан-Менделеев те қимылын ширатып, стақандарды толтыра құяды.

Ерман ӘБДИЕВ.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/