- Advertisement -

Мемлекет басшысы АҚШ-тың саяси және сарапшы топ өкілдерімен кездесті

47

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке сапары АҚШ-тағы ықпалды талдау орталығы саналатын «Atlantic Council» («Атлантикалық кеңес») ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған белгілі америкалық саясаткерлермен және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесумен басталды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан-Америка қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары, Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-пен ынтымақтастықты арттыру Қазақстан үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген келісімдерінің жүзеге асырылуына ерекше мән береміз. Бұл сапар екі ел арасындағы кең ауқымды стратегиялық әріптестіктің негізін қалады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі екенін еске салды. Бүгінде америкалық инвестицияның жалпы көлемі 45 миллиард доллардан асқан.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық әріптестерге энергетикалық саладағы бірқатар бірлескен жобалардың табысты жүзеге асқаны туралы хабардар етті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және жоғары технология салалары бойынша өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа мүмкіндіктердің бар екеніне назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан алдағы уақытта да америкалық бизнес өкілдерімен ұзақ мерзімді экономикалық байланыстарды нығайтуға ниетті.
Өз кезегінде америкалық әріптестер екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, Қазақстанмен өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін атап өтті.

* * *
1961 жылы құрылған «Атлантикалық кеңес» АҚШ-тың жетекші сараптамалық және ғылыми орталықтарының бірі саналады. Кеңес трансатлантикалық байланыстар, интеграциялық процестер, қауіпсіздік және қоршаған орта мәселелерін зерттеумен айналысады.

Отан­дық тауарға сұраныс күшейсе, өн­дірістің де қарқыны арта түседі. Демек, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту экономиканың қарқынды дамуына өз үлесін қосады. Осы тұрғыда еске сала кететін жағдай – Президенттің үлкен тапсырмаларын іске асыру бюджет тарапынан қаржыландыруды талап ететіні, ал биылғы бюджет шығындары былтыр бекітіліп, тиісінше бөлініп қойғандықтан, әлеуметтік салада үлкен өзгерістер жүргізу қиын. Сондықтан негізгі өзгерістер келесі жылдан бас­талады.
Мемлекет басшысы ашық айтқан тағы бір проблема еңбекақының тө­мен­дігіне, өндірісте шетелдік жұ­мыс­­шылар мен қазақстандық жұмысшылардың жалақылары көле­міндегі айырмашылыққа байланысты болды. Осы мәселе көтерілгелі бері үл­кен компанияларға тиісті тап­сыр­малар беріліп, отандық жұмыс­шыларға лайық­ты еңбекақы тағайын­дау ісі пысықталып, қатаң қадағалауға алынды. Қазір біраз компания халыққа жа­рияламай-ақ жұмысшыларының жалақысын көтеруді бастап кетті. Бұл үдеріс келесі жылы да жалғасады. Бұл да экономиканың дамып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына тиісті ықпалын тигізетіні белгілі.
Енді нақты статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, еліміз бойынша жала­қының ІЖӨ-дегі үлес салмағы 30 па­йыз шамасында екенін байқаймыз. Бұл – еліміздің даму деңгейіне сәйкес кел­мейтін құбылыс екені бұған дейін де айтылып жүрген мәселе. Жалпы, кез келген мемлекет үшін ІЖӨ-нің 30 пайызын ғана еңбекақы ретінде төлеп, 70 пайызын капиталдың үлесіне бөлу тек кедей, экономикасы тығырыққа тірелген, әлеу-меттік жағдайы әбден шиеленіскен елдерге ғана тән жағдай. Біздің экономикалық даму көрсеткішіміз одан көш ілгері, Ресей, Беларусь сынды елдермен дең­гейлеспіз. Бұл елдерде ІЖӨ-нің 47-48 пайызы еңбекақы ретінде халыққа беріледі, демек Қазақстанда да солай болу керек. Еңбекақыдан үнемдеу мемлекетке де, қоғамға да, жеке тұлғаға да үлкен кесірін тигізетіні белгілі жайт. Сондықтан сапалы адам капиталын қалыптастыру үшін лайықты еңбекақы болуын қадағалау мемлекеттің ең бас­ты саясаттарының бірі болуы тиіс. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың осы жағдайға көңіл бөліп, атқарылып жатқан шаруаларды қатаң бақылауға алуы көпшіліктің көңілінен шығып жатқаны рас. Бұл бағытта алдағы уа­қытта үлкен өзгерістер болатынына халық сеніммен қарай бастады.

Баспана – базалық қажеттілік

Президенттің әлеуметтік саладағы алға тартқан басымдықтарын Жол­дауынан бірден байқауға болады.­ Мен мұны шартты түрде екі топ­қа бөлер едім. Біріншісі – эко­номи­каның барлық саласында жа­лақыны өсіру. Мемлекеттік бюджет­тен қар­жы­ландырылатын салада бюджет есебінен жалақыны көтеруді де атқа­рушы би­ліктің барлық са­ла­сына табыстады. Келер жылдан бас­тап бюд­жеттік мекемелер қыз­мет­кер­лерінің, соның ішінде мәдениет, өнер саласындағы қызметкерлердің жала­қылары артады. Одан бөлек мұға­лімдердің еңбекақысы 4 жылда 2 есе, ал келер жылы 25 пайызға кө­тері­леді. Әлеуметтік осал топтардың мүд­­десін қорғауға арнайы әлеуметтік пакет енгізіледі. Мұның барлығы келер жылдың бюджетіне еніп отырған үлкен әлеуметтік шешімдердің бірі. Сөз­сіз құптарлық қадам.
Екіншісі – халықты баспанамен қамту. Жалпы, баспана азаматтарға керек базалық қажеттілік. Сондықтан бұл мәселеге Президент ерекше көңіл бөліп отыр. Баспанамен қамту бағдарламалары бойынша алдағы 3 жылға 240 миллиард теңге бюджетте қарастырылды. Елде басында баспанасы жоқ жас отбасылар, көп балалы аналар, мүгедек жандар бар. Бұған дейін де бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп келген. Мысалы, соңғы жылдары халықтың сұранысына ие болған «7-20-25» сынды бағдарламалар іске асырылды. Бұл бағдарламалар арқылы көптеген азамат баспаналы болды. Дегенмен оған қатысу үшін бір отбасының табысы 320 мың теңгеден кем болмауы керек. Қазақстанда та­бысы оған жетпейтін отбасылар көп, сондықтан олар мемлекеттік бағ­дарламалардан тыс қалып қойды. Осы­ны ескере отырып, Президент бастапқы салымы 10 пайыздан аспайтын, пайыздық мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайтын «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Биылдың өзінде әлеуметтік осал топқа жататын 6 мың адам, келер жылдан бастап 10 мың адам осы «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйге ие болады. Оған қажетті қаражат бюджетте қарастырылып отыр.
Демек, келер жылдан бастап Пре­зиденттің әлеуметтік бағдарлама­лары екі бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі – халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін оның табысын көтеру, ал екіншісі – мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қамқорлықтың аясын кеңейте отырып, азаматтардың жеке баспанаға ие болуына жағдай жасау.

Болашақ бизнеспен байланысты

Нарықтық экономикада халық­тың бәріне бірдей мемлекеттік кәсіп­орындардан немесе квази­мем­лекеттік сектордан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Бірақ тиісті жағдай жасап, халық­тың өзіне бизнеспен айналысуға, жеке ісін бастауға мүмкіндік туғызуға болады. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет шағын және микробизнесті да­мытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Қ.Тоқаев кімде-кім шағын немесе микробизнеспен айналысып жүрген адамдарға қиянат жасаса, ол мемлекетке қарсы жасаған қылмыс екенін, мемлекеттің болашағы кәсіпкерлерге байланысты екенін нақты айтты. Билік осы саясатты ұстанса, бірте-бірте ха­лықтың билікке, мемлекетке деген сенімі артады. Қазір еліміздегі қаржысы бар іскер азаматтар жетерлік. Бірақ олар бүгін қаражатын салып үлкен іс бастаса, ертең оның қайтарымын көре алатынына күдікпен қарайды. Азаматтардың өз инвестициясын бизнеске салуы немесе салмауы мемлекетке және мемлекеттік институттарға деген тікелей сенімге байланысты. Билік халықты бизнеске шақырып, олардың мүддесін қорғауға әзір екенін көрсетті. Қ.Тоқаевтың өзі де ешқандай делдалсыз-ақ әлеуметтік желі арқылы халықтан тікелей ақпарат алып, қоғамның тамыр соғысын бақылап отыр. Енді кейбір төменгі жақтағы проблемаларды жоғары биліктен жасырып қалу мүмкін емес.
Бизнесті дамыту үшін бизнесмен­дерді қолдау керек. Айталық, кәсіпкер­лерге несиені жеңілдікпен беру, түрлі ынталандыру шаралары жасалуы қажет. Осыны ескеріп, Президент Қ.Тоқаев «Бизнестің жол картасы» шеңберінде алдағы 3 жылда бюджет есебінен 250 миллиард теңге бөлуді тапсырып, бұл жоспар бюджетке енгізілді. Бұдан бөлек Ұлттық қордан тағы 100 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады. 350 миллиард – өте ауқымды қаржы. Осының нәтижесінде Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалатынына күмән жоқ.
Егер шағын және орта бизнес өкілдері өнімдерін экспортқа шыға­ратын болса, мемлекет тарапынан қол­дау тетіктері жасалуға тиіс. Бізде биз­несмендерді осы іске ынталандыру әлі де төменгі деңгейде екенін ескерген Президент оған тиісінше көңіл бөлуді тапсырды. Экспорттаушы кәсіпкерлерді қолдау мақсатына қанша қаражат бөлінетіні жылдың соңына дейін шешіледі.
Мемлекет басшысы шағын және микробизнесті бірқатар салық түр­лерінен босату туралы тапсырма бер­ді. Бизнес нысандарына тексеріс жүр­гізуге 3 жылға дейін мораторий жа­рия­лады. Зейнетақы төлемдерін жұ­мыс берушінің есебінен 5 пайызға ұл­ғайту мәселесі қоғамда қызу тал­қыланғаны белгілі. Ол ұсынысты да Президент 2023 жылға дейін 5 жылға ше­герді. Мұның бәрі бизнесті қолдауға бағытталған үлкен саяси шешім деп санаймын.
Қазақстан халқының жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 47 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Яғ­ни халықтың тұрмыс сапасын жақсартқымыз келсе, ауыл халқы мемлекеттің қамқорлығынан тыс қал­мауы керек. Осы бағытта Мемлекет бас­шысы тарапынан бірнеше нақты ұсыныс айтылды. Ол, бірінші кезекте, ауыл халқының шаруашылықпен айналысуына қолайлы ахуал тудыру. Алдағы он шақты жылда суармалы жерлердің көлемі 3 миллион гектарға жеткізілмек. Егер суармалы жерлердің аумағы 3 миллион гектарға жетсе, ауыл ша­руа­шылық өнімдерінің көлемі бірнеше есе ұлғаяды. Яғни еңбек тиімділігі артады. Бұл ауыл халқының жағдайын жақ­сартады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдар-ламасына алдағы 3 жылда 90 миллиард теңге қар­жы бөлінбек. Қаражаттың негізгі бө­лігі әлеуметтік инфрақұрылымды жақ­сартуға бағытталады. Түптеп келгенде, бұл – ауылды көркейтуге ықпал ететін шешім. Президент қай өңірге барса да елді мекендерге сапалы жол салу, ауызсу тарту ісін айтады. Әліде болса көптеген ауылда ауызсу проблемасы шешілген жоқ. Осы мәселені біржола шешу үшін Президент бюджеттен 250 миллиард теңге бөлгізді.
Салық – мемлекеттің ең тиім­ді құралдарының бірі. Салық тетік­терін дұрыс пайдалана отырып, эконо­миканың түрлі саласын дамытуға, кәсіп­керлердің қызығушылығын арт­тыруға болады. Ал дұрыс пайдаланбаса, керісінше әсер ететіні түсінікті. Бұл мемлекеттің қолындағы ең тиімді тетік­тердің бірі.
Президенттің осы жүз күн ішінде қолға алған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалары халықтың жағдайын жақсартып, тұрмыс сапасын арттырып, еліміздің ішкі сұранысын ұлғайтуға, сол арқылы экономиканың қарқынды дамуына жағдай жасауға бағытталды. Сөз басында атап өткенімдей, ха­лықтың төлем қабілеті неғұрлым артса, экономика соған сай қарқынды жұ­мыс істеуге көшеді. Сол себепті аза­маттардың табысын мейлінше жақ­сартуға көңіл бөлініп отыр.
Жоғарыда айтылған жағдайлардың барлығы ел сенімі мен үмітін ақтауға бағытталған нақты шешімдер деп білемін.

(«Егемен Қазақстан»,
19 қыркүйек 2019 жыл).

Жүз күн ішінде басты бағытымыз
бен алар асуымыз айқындалды

Мемлекет басшысы болып кіріскеніне 100 күн толғанда оны қорытындылау Батыс елдерінде кеңінен таралған. Үкімет қызметінің алғашқы мұндай күні де елеусіз қалмайды. Осындай әлемдік тәжірибеге сүйене отырып Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ел басқаруға кіріскен 100 күнде атқарған қызметіне тоқталсақ, бұл уақытта жүретін бағыт, алар асу айқындалып, нақты тірлікті жүзеге асыруға кірісіп кеткенін аңғарамыз.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Президенттің үш айдан астам уақыт ішінде атқарған жұмысы жан-жақты жазылып та, айтылып та жатыр. Ел тізгінін ұстаған алғашқы күндері халық пен билік арасында тікелей байланыс құру қажет екенін жария етуі барша қарапайым қазақстандықтарды ризашылыққа бөледі. Артынша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастама көтеруі, Арыстағы апатқа түн қатып жедел жетіп, ондағы жағдайды тікелей өз бақылауына алуы ел сенімін еселей түсті. Әрине 100 күнде қолға алып жатқан жұмыстарына, жарқын бастамаларының бәріне тоқталып жату мүмкін емес, дегенмен ел ішінде ерекше қызығушылық туғызып, серпін берген «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында елімізді өркендетудің барлық басымдылықтары жан-жақты әрі нақты айтылды. «…Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды» деп Тәуелсіз мемлекетіміздің Елбасының көреген саясатының арқасында өсіп-өркендеп, іргелі мемлекеттер қатарына қосылғанын атап көрсетті. Мен өңірдегі іргелі кәсіпорынның жетекшісі әрі облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдаудағы: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» дегенін ерекше ықыласпен қабылдадым. «Өз өнімдерін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек» деп атап көрсетуі – біздің жұмысшы-қызметкерлеріміздің көңілін көтеріп, жұмысқа деген қызығушылығын одан сайын арттырды.
100 күн деген тым қысқа уақыт. Осы мезгіл ішінде барша қазақстандықтар сияқты біздің іргелі кәсіпорында еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлеріміз Елбасы саясатын одан әрі жалғастыру үшін тиімді бастамалар мен нақты қадамдарды қолға алып, оны іс жүзінде іске асыруға қызу қарқынмен кіріскен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір бастамалары мен қадамдарына қолдау білдіре отырып, қызу қарқынмен еңбек ете береді.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры,
Қазақстанның Еңбек Ері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support