- Advertisement -

Шерағама хат

42

- Advertisement -

Шераға өткен жолы Сізге жазған хатыма көкейде тұрған, айтсам деп жүрген біраз жайтты сыйғыза алмадым. Сіздің туындыларыңызды оқып отырып, соның бәрі көмейге тығыла берді…

«Абайлаңыздар!» Осы ескертуіңізде: «Ала шұбар тілден арыла алмадық. Депутаттардың басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлеуге құлықсыз. Неге? Намыс жоқ! Олар Төле бидің, Қазыбек бидің, Абайдың аруағынан ұялмайды. Бір кезде жер бетінде нивх, айн, өдегей, ителмен, черемис, вогул, шор, тофалар деген ұлттар бар еді. Соңғы 70-80 жылдардың ішінде солар жоқ болды. Жеке адам ретінде бірен-саран жүрген шығар. Бірақ ұлт ретінде жоқ! Неге? Тілдерінен айырылған» деген екенсіз. Дұрыс айтасыз. Бүгінгі қоғамға ұлт жанашырлары керек-ақ. Елім дейтін ер-азаматтар аз.
Тілді қорғау үшін, оны өзгелерге дәріптеп айтып жүру үшін де ұлтқа деген жанашырлық болуы тиіс. Ал қазақ тілін жатсынып, сөйлеуге арланатын жастар туралы ойлағым да, айтқым да келмейді.
Осындайда философ Гегельдің сөзі ойға оралады: «Өз ана тілін менсінбейтіндер – өз ұлтын үш рет өлтіргендер». Иә, ұлтымыз талай рет өлді ғой. Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейді. Қайдан сөйлесін. Ұсақталды деген осы. Сіздің сөзіңізбен айтсам, бұл да бір кем дүние! Орны толмас өкініш…
Кеше Сіздің «Шағалалар мен қаңғыбастар» деген әңгімеңізді оқыдым. Ж. деген қалада да қайыршы көп. Бүгін біреуін көрдім. Қараторының сұлуы болғанын – ескі киімдерді үйлестіріп, сәнді киінісінен байқайсың. Боянып алыпты. Қара жердің қара суық сызы – әйелдің соры екенін білмейтіндей кейіп танытады. Шын мұқтаж болса, қайырылмай кетпейсің ғой. Бірақ олар қайырсыз – қайыршылар. Тағдырдың жазуымен қараусыз қалған балаларға оңай жолмен нан табуды үйретіп жатқанын білмейді. Содан да мына қоғамға еш қайыры жоқ.
Он екі мүшесі сау бола тұра, айдың-күннің аманында қайыр тілейді ғой, шіркіндер. Тіпті, сәнденіп, боянып, қолына темекі ұстап, алдына қорапша қойып қайыр тілейтінін, қайтерсің. Намыссыздық жаман ғой. Осылай жүріп, ұлтымыз өседі, көбейеміз дейміз бе?!
Пенде көп, арсыздық – бірден-бірге жұғып жатқан жаман қасиет. Құмырсқаның өзі ұйықтамай жем тасиды. Құмырсқа екеш – құмырсқаның да адамнан ақылды болғаны ма? Айтарға сөзім жоқ.
Сізге әлі де айтарым көп. Бәрі көкейімде сайрап тұр. Бүгінше тізгінді осы жерден тартайын.

Жадыра МЫРЗАБАЙ,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support