- Advertisement -

Ақшаловтың ақылы

144

- Advertisement -

ол жас теміржолшылар байқауының үздіктерін БАӘ, Түркия елдеріне саяхатқа жіберуде

Шетелде демалуды армандамайтын жан жоқ шығар, сірә. Алайда «Тұрмыс-тіршіліктен-ақ артылмайтын айлық жалақымен қайдағы шетел?» дейміз де, бұл тақырыпты басым бөлігіміз жылы жауып қоя салатынымыз рас. Ал егер ол үшін жұмыс орныңыздан басшыңыз тегін жолдама берсе ше?.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Жас мамандар – Рахман мен Асхат та алғаш Дубайға баратындарын естігенде не сенерлерін, не сенбестерін білмей аңтарылып қалды. Себебі олар – бірінің 11, екіншісінің 4 жылдық еңбек өтілі бар қарапайым ғана темір жол жұмысшылары. Тіпті Қазақстанның көп өңірлерін көрмеген екі жас үшін бұл расында да керемет сый болды.
Нақтырақ тоқталар болсақ, «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» АҚ – ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы осымен үшінші жыл қатарынан өз бөлімшелеріне қарасты мекемелер арасында байқау ұйымдастырып тұрады. Байқау ұйымдастырылған алғашқы жылы бөлімшенің жол тасымалы қызметіндегі 2 жасты басшылық Түркия еліне жіберсе, былтыр электровоз машинисінің 2 көмекшісі Египетті бір апта бойы аралаған. Атап өтерлігі, республика бойынша 14 бөлімше болса, мұндай байқау филиал директоры Берік Ақшаловтың ұйымдастыруымен тек Жамбыл бөлімшесінде ғана өткізіліп келеді.
«Мамандығының майталманы» деп аталған байқау биыл болат жол өндірістік-техникалық қызметі, яғни, вагон бақылаушыларының арасында өткен. Сайыстың ерекшелігі сол, оған тек 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады. Биылғы байқауда 30 жас бағын сынаған. Үміткерлер алдымен темір жол саласы бойынша тест сұрақтарына жауап беріп, екінші кезеңде өндіріс басына барып іс-тәжірибелерімен бөліскен. Конкурс тамыз айының соңында өткізіліп, 9-17 қыркүйек аралығында жеңімпаз деп танылған тараздық Рахман Құдайберген мен рысқұловтық Асхат Қарақожаев бір апта бойы Дубайда демалып қайтты.
– Екеуміздің де шетелге алғаш шығуымыз. Ел көріп, жер көрудің қандай керемет екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Бес жұлдызды қонақ үймен, ұшаққа билетпен, ас-суымыз бен қыдыруымызға дейін қамтамасыз етіп берген басшымыз Берік Сағымбекұлы мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Әбілдаұлына үлкен рахметімізді айтамыз! Мұндай мүмкіндік кез келген ұжымда, кез келген маманға беріле бермейді. Бұл саяхат бізге үлкен мотивация, жұмысымызды бар ынта-жігермен атқаруға серпін беріп, алдымызға биік белестер қоюға итермеледі.
Ал Дубай жайлы айтар болсақ, оны әсіресе түнде тамашалаған керемет екен. Алдымен әрине, Бурдж Халифа ғимаратын, түрлі түсті, билейтін субұрқақтарды тамашаладық. Фуджэйра әмірлігіне барып қайттық. Сонда жұмыс істейтін бірен-саран қазақстандықтарды көріп, туған бауырымызды тапқандай қуандық. Олар да қазақша сөйлеп, арқа-жарқа болып, елге үлкен сәлем жолдады.
Тамақтардың да түр-түрінің дәмін көрдік. Бірақ өзіміздің ет асып жегенімізге ешқайсысы жетпейді екен, – деп саяхатшы екі жас жарыса әңгімеледі.
Ал Берік Ақшалов:
– Біздің де көздеген негізгі мақсатымыз осы еді. Жастарға дем беріп, жұмыстарын ширату, биік белестерді бағындыруға ынталандыру, жол көрсету. Бұл байқау бөлімшеміздің тарапынан бұдан кейін де ұйымдастырыла беретін болады. Тек бір ғана емес, екі бірдей жеңімпаз таңдауымыздың басты себебі, қанша дегенмен, алыс жол, жат жұрт болғандықтан, бір-біріне серік болсын деген мақсат еді.
Бұдан бөлек те, жалпы жас мамандарымызды ғана емес, қызметкерлеріміздің барлығын да көтермелеп, жұмысқа ынталандыру мақсатында ұйымдастырылатын өзге де іс-шараларымыз жыл бойына жалғаса беретін болады, – деді.

.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support