Жаңа идеяларды жүзеге асыруға жанашырлық қажет

Елбасы әлеуметтік ортаны жаңғыртуға байланысты алға нақты міндеттер қойды. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Осы тапсырманы орындау үшін ең алдымен нақты мақсаттарды айқындап алу керек. Бұл ретте адами капиталды дамыту үшін жайлы орта қалыптастырылуы, ауылдағы еңбек адамының мәртебесі мойындалуы тиіс. Егер азамат ауылда тұрып, адал еңбегімен алға ілгерілесе, ең үлкен құрметке лайық. Сондықтан ата-аналардың бұрынғы таптаурын көзқарастан арылып, ұл-қыздарына «сабақ оқы – оқымасаң мал бағасың» деп емес, «сабақ оқы – оқымасаң ертең мал шаруашылығымен айналыса алмайсың» деп үйреткені жөн.
Қазіргі жастар ауылда тіршілік көзі, тұрақты табыс болмағандықтан, қалада әр саладағы жалдамалы жұмыстарды атқаруда. Неге сол жастар мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларға қатысып, өз кәсібін бастамасқа? Жоғарыда аталған жобаларға жастарды көптеп тарту қажет-ақ. Жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің көмектері арқылы жастарға демеушілік көрсетілсе, құба-құп.
Ал мемлекеттік қызмет, бұл – жауапкершілігі мол міндет. «Жас келсе – іске» демекші, әсіресе бұл саланың басы-қасында жастар өкілдерінің де жүргені қандай жарасымды! Бір қуанарлығы, соңғы жылдары олардың қатары артып келеді. Негізінен, мемлекеттік қызметкер болу жастар үшін аса қиынға да соқпайды деп ойлаймын. Ең бастысы, білім мен біліктілік, ынта болса, жеткілікті.
Мен, мысалы, қазіргі қызметіме бірден келген жоқпын. Өзім Меркі ауданындағы Кеңес ауылында туып-өскенмін. Мектепті бітіргеннен кейін Астана (Нұр-Сұлтан) қаласындағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық-техникалық университеттің көлік-техника және технологиялар факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықтым. 2016 жылдың қараша айында Тараз қаласындағы еңбекке орналастыру орталығының жолдамасымен ауыл шаруашылығы басқармасына келісімшартпен жұмысқа қабылдандым. Басқарманың үш бөлімінде істеп, уақыт өте келе тәжірибе жинаған соң ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік қызметке – ауыл шаруашылығы басқармасы кооперация және қайта өңдеу бөлімінің бас маманы лауазымына конкурс арқылы тағайындалдым. Мұны өзіме көрсетілген үлкен сенім деп санаймын. Осы жылдар ішінде аға буын өкілдерінен үйренгенім де көп-ақ.
Алға қойған басты мақсаттарымның бірі – жинаған тәжірибемді аз да болса өкшемді басып келе жатқан жас буын өкілдерімен бөліссем деймін. Отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуында білімді жастардың рөлі талассыз. Өйткені қазіргі өскелең ұрпақ ауылдағы инфрақұрылымды жақсартып, кәсіпкерлікті дамытып, АӨК саласына инновация енгізуге қабілетті. Ауылдың да болашағы осы аграршылардың жаңа легінің қандай жағдайда өсіп, қалыптасуымен тікелей байланысты. Мәселен, жаңа тәсілдеме кішігірім отбасылық фермалардың басым көпшілігінің етті мал шаруашылығының бірыңғай технологиялық конвейеріне қатысуын көздейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Үкіметтің күні кешегі отырысында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тұрғындар табысы мен тұрмыс сапасын арттыруға арналған өңірлік қанатқақты жобасының маңыздылығы атап өтіліп, тиісті тұлғаларға оның жүзеге асырылуы тетіктерін қарастыру тапсырылғаны баршаға мәлім. Бұл бізді де айрықша қуанышқа кенелтті әрі үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Өйткені Лесхан Сейдалиев басшылық ететін біздің бөлімнің қызметкерлері қазіргі уақытта тап осы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында еңбектенуде. Нақтырақ айтқанда, өңір басшысының қанатқақты жобасы іске асырылуына байланысты аудан мен ауылдық округтер әкімдерінің есептерін, сұраныстарын жинақтаумен айналысудамыз. Шын мәнінде де ауылды жердегі халықты жаппай жұмыспен қамтудың бірден-бір жолы да осы – олардың қосалқы шаруашылықтарының дамытылуына қолдау көрсету. Олар қалай болғанда да өздерінің үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарын тиімді табыс көзіне айналдыра алуға тиіс.
Өз басым осынау ауқымды жобаға үлесімді қосып отырғанымды мақтаныш етемін. Халық игілігі, олардың мүдделері мен құқықтары қорғалуы жолында мінсіз қызмет етуді жасымнан армандап өстім десем де болады. Енді, міне, осы мақсатыма қол жеткізе бастадым. Биыл Жастар жылының жариялануы да замандастарымның арасында зор серпін туғызып отыр. Алдағы уақытта да еңбегімді, ізденісімді, барлық күш-жігерімді еліме, туған жерімнің көркейіп, гүлденуіне арнай беретін боламын.

Әлішер ТІЛЕМІСОВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы кооперация және қайта
өңдеу бөлімінің бас маманы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/