- Advertisement -

Аққу әні самғайды «Үшбұлақтан»

307

- Advertisement -

Немесе иесіз жатқан өзен арнасы мен жағасы қалайша қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды?

Өткен жылы тараздықтардың игілігіне берілген Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғырту кезінде оның іргесіндегі «Үшбұлақ» жағажайы да ұмыт қалған жоқ. Өйткені қала тұрғындарының демалыс айлағына айналатын кешен бір-бірімен үндесіп, көрсе көз тоятындай болуы тиіс еді. Бұл да облыс әкімі Асқар Исабекұлының идеясы. Сөйтіп Қала күні қарсаңында керемет сый болған жаңа жағажайдың эскиздік жобасын жасап, жүзеге асыруға «КДМ проект» ЖШС кірісіп те кетті. Осылайша 6,5 гектар аумақты алып жатқан, ұзындығы 700 метр жағажай санаулы айлар ішінде адам танымастай келбетке ие болып, бұрындары жағасы күл-қоқысқа толып жататын өзеннің қаңсыған арнасының бойы елдің тамаша демалыс орнына айналды.

Катамаран тебесіз, тұнық суда тербеліп…

Иә, дәл солай. Бұл үлкен қалаларды көріп жүрген тараздық бүлдіршіндердің арманы еді. Ал армандар орындалады! Қолынан іс келетін, ауқымды жұмысты ұйымдастыра алатын облыс әкімінің осындай бастамасына біле білсеңіз бүлдіршіндер де риза!
– Мен Әйтеке би мен Жамбыл даңғылының қиылысындағы «Mart-Magnat» сауда үйінің артында тұрамын. Қазір жағалау менің ең жиі келетін мекеніме айналды. Жазда Ақтаудан туыстарым келді. Екі-үш күн «Жеңіс» саябағы мен жағалаудан шықпадық. Немере інім екеуміз катамаран теуіп, суда жүргенбіз. Сол екі аралықта күннің бетін бұлт жауып, нөсердің құйып бергені. Біз жағаға жеткенше асықтық. Жеткенімізше үсті-басымыз су болды, жаңбыр да тоқтады. Сол сәттерді суретке, бейнетаспаға түсіріп достарыма, туыстарыма жібергенбіз. «Сендер шетелдің қай қаласында жүрсіңдер?» деген хабар келді сыныптасымнан. Мен Таразда жүргенімді айтып едім. Сенбеді. «Жоқ сендер шетелде демалып жатырсыңдар» – дейді. Сонда мен туған қаламның көркейіп, әдемі болып келе жатқанына мақтандым, – дейді жағалауда жүрген достарына асыққан 7-сынып оқушысы Анес Пахредин.
Көп жылдан бері ескі арнаның жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сын айтылып келген-ді. Әсіресе оның үстіндегі ескі көпір адамдар жүрген сайын тербеліп, қауіп төндіретін. Осы көпірмен жүздеген адам күнделікті жұмысқа барса, орталықта тұратын мектеп жасындағы балалар орталық мешіт жанында орналасқан Тараз қаласы әкімдігі білім бөліміне қарасты «Мектептен тыс шығармашылық орталығына» жаяулатып өтетін. Балаларының қауіпсіздігіне ата-аналар да алаңдап отырушы еді. Енді, міне, бүгінде канал үстінде бір емес, екі көпір тұр. Екеуі де жаңа технологиялармен жасақталған. Астынан қосымша тіреулер бекітіліп, тростар тартылып, нығайтылған. Қала берді безендіруі де ерекше сипатқа ие болып, әсіресе түн қараңғылығындағы жарықтарының әсемдігін айтсаңызшы! Құдды Париж дерсің!!!
– Бұрындары кешкілік мұнда серуендеу қиын еді. Қараңғы, қоқысқа толы саябақ қаңғыбастардың мекеніне айналып кеткен-ді. Балаларды жіберуге де қорқатынбыз. Ал қазір еш алаңдамастан балалар өздері барып, ойнап келеді. Екіншіден, алысқа бармай-ақ дәл үйдің іргесінде осындай саябақ пен жағалаудың қайта жаңғыртылғаны бізге де тиімді болды. Тараз шаһары еліміздегі, тіпті әлемнің қалаларынан еш кем емес. Тарихы бар, көне жәдігерлері бар. Күн санап ажарланып, көркіне көрік қосып келеді. «Үшбұлақ» атауының өзі осы каналға таудан ағатын үш бұлақтың суы тоғысып келетін болған соң аталған ба деп ойлаймын. Бала кезімізде осы атауды жиі еститінмін. Енді жағалау жаңарғанда атауы да әдемі үйлесіп тұрған секілді. Ал канал бетінде жүзген аққуды, суында секірген шабақты көру үшін бұрын қала шетіндегі су айдындарын жағалап кететін едік. Енді қала орталығындағы жағалауда осының бәрі бар, – дейді «Жайлау» ықшам ауданының тұрғыны Асанхан Жамалбекұлы.

аққулы мекен, гәккулі мекен…

Былтыр жағалауды абаттандыру жұмыстары кезінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылыпты. Бұл қанша жыл жиналған қоқыс екен? Және соншама жыл қараусыз келген аумақтың бар-жоғы жарты жылда жаңғыруы да үлкен еңбек. Халық осы жұмыстарға қарап-ақ, қолынан іс келетін өңір басшысы Асқар Исабекұлының кемел оймен, ертеңмен емес, ерен еңбекпен талай жыл арба тартыспен бітпей келген шаруаны тындырғанына әлі күнге риза.
Абаттандыру кезінде канал үстіндегі бір көпірдің құрылысы (ұзындығы – 72 м, ені – 3 м) және дамбаны қайта жаңғырту жұмыстары, су айдынын 60 метрге кеңейту жүргізіліп, жағалауда каналға шығатын 3 дана пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар, суда жүруге арналған катамарандар қойылып, каналдың бойында ұзындығы 700 метр құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ 12 дана орындық, 11 қоқыс жәшігі, 56 жарық шамы, 2100 шаршы метр аяқ жол төсеніштері, 23 мың шаршы метр көгалдандыру және автоматтандырылған суғару жүйесі орналастырылды. Қазір мұнда келіп демалушылардың қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы полиция бекеті де бар. Көлік тұрағы да орналастырылған.
Сондай-ақ өткен жылы жағалауды абаттандыруға атсалысқан облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Шыршынбаевтың айтуынша басқармаға қарасты «Қарақоңыз» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің тәлімбағында өнген 300-ге жуық қарағай көшеті «Үшбұлақ» демалыс орнының аумағына отырғызылыпты. Яғни жағалауға 200-ге жуығы тігілсе, қалғаны қала ішіндегі басқа саябақтарға үлестіріліп берілген. Сондай-ақ басқарма тарапынан су айдынына демалушылар тамашалайтын 4 аққу, 4 үйрек жіберілген. Ал өңіріміздегі «Тандем» балық шаруа қожалығының қолдауымен су айдынына ақ амур және тұқы сияқты балық түрлерінің 7000 мыңға жуық шабағы жіберіліпті. Бұл дегеніңіз алдағы күндері жағалауда дәстүрлі балық аулау мәдениетінің де қалыптасатынын көрсетсе керек-ті.
Иә, осылайша таяу жылдары жағалау тоғайға айналады.

 

Ерман Әбдиев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support