- Advertisement -

Ел сүйсінетін хабарлар көп болсын!

79

- Advertisement -

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары ішінде телеарналардың алатын орны зор. Олар ақпаратты жедел жеткізіп қана қоймай, көрерменнің көңілінен шығатын қызықты да тартымды бағдарламаларымен де ерекшеленеді. Соның бірі – облыстық «JAMBYL» телеарнасы.
Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған телеарнаның көрерменге ұсынар жаңалығы көп. Сондықтан болар, аталған ұйым басшылығы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде телеарнадан көрсетілетін тұщымды бағдарламалардың жаңа маусымының ашылуын атап өтті.
Телеарнаның жаңа маусымы – тың жобаларға толы. Түрлі бағыттағы 7 жоба көрермен назарына ұсынылмақ екен. Атап айтар болсақ, таңмен таласа тұрып жаңалықты сүйсіне тыңдайтындар үшін «Таңғы тайм», түсте түстеніп отырып көретіндерге «Түскі тайм» ақпараттық-танымдық, сазды бағдарламаны көрермен аптаның дүйсенбісі мен жұма күндері аралығында тамашалай алады. Сонымен бірге көрерменмен кері байланысты нығайтуға бағытталған «Кешкі тайм» да эфирге жол тартпақ.
Саяси-қоғамдық өмірге негізделген «Oйlike» ток-шоуы мен «Қалқан», балаларға арналған «Сылдырмақ», ел азаматтарының парасатты пікірі, қарапайым тірлігі мен өнегелі өмірін «8 – қыр» атты бағдарламалардан тамашалауға болады. Өңіріміздегі қасиетті жерлер мен елді мекендердің тарихын «8-аймақ», еңбек адамдарының боямасыз өмірін «Туған мекен» жобаларынан көре аласыздар.
Ал аймақтағы ақпаратты жедел жеткізетін «Жаңалықтар» енді «Jambylnews» атауымен тікелей эфирге шықпақ. Бұл жобалардан бөлек, көрерменге ой салар, сана-сезімдерін рухани байытуға серпін берер, ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртазаның жазбалар жинағы да жаңа форматты тыңдарман назарына ұсынылады. Мұның бәрі жобаның таныстырылуында белгілі болып, телеарнаның жаңа маусымында айтылып, аңдатпасы залдың төріндегі экраннан жарнамаланып тұрды.
Арнаның жаңа маусымын облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова құттықтау сөзімен ашты.
– Республикалық «Qazagstan» телеарнасының ішінде облыстық «JAMBYL» арнасының шоқтығы биік. Бүгін сүйікті арнамыз өзінің жаңа маусымдағы айтулы жобаларын көрермен назарына ұсынып отыр. Бұл жобалар өңір тұрғындарының қызығушылығын оятады деген сенімдемін, – дей келіп, Сұлушаш Сәтбекқызы арна ұжымын алда келе жатқан 30 жылдық және облыстық радионың 100 жылдық мерейтойларымен құттықтап, журналистердің еңбегіне шығармашылық табыс тіледі.
Бұдан кейін телеарнаның бас директоры Мейіржан Әлібекұлы сөз алып, жаңа маусымда көрерменге жол тартқалы отырған жобалардың мақсатымен таныстырды. Келесі кезекте облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, телеарнаның ардагерлері Мейрамбек Төлепберген мен Қалыбек Атжан сөз алып, ізгі лебіздерін жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support