«Жеңіс» саябағының жемісі – патриот тық рухты көтеретін қасиетінде

ол бүгінде тараздықтардың мақтанышына айналған

Өткен жылы 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыс орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта күрделі жөндеуден өтіп, адам танымастай келбетке ие болды. Бүгінде жамбылдықтардың мақтанышына айналған саябақ, Тараз қаласына атбасын бұрған қонақтардың да тамашалайтын мекеніне айналды. Аумағы 15 гектар жерді алып жатқан саябақты жаңғырту жобасын жергілікті «Арыстан-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған болатын. Расында, бұған дейін қала тұрғындары жаз мезгілінде серуендейтін, қонақ келгенде апарып көрсететін демалыс орындарының тапшылығы туралы талай мәселе көтеріп келген-ді. Сондықтан «Жеңіс» саябағына халық көп баратындықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен ол жаңғыртылып, ел игілігіне айналып отыр.

«Ерлік» кешені – отансүйгіштікке тәрбиелейді

Саябақта «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтеріп, онда жетпіс мыңға жуық соғыс ардагері мен боздақтардың есімі жазылған тақта, «Мәңгілік алау» және тағы да бірқатар нысандар ашылды. Аталған саябақ ішіне даңқты батыр Бауыржан Момышұлы ескерткішінің орнатылуы да айтарлықтай оқиға болған еді. Өйткені бұған дейін қаланың басқа аумағында тұрған ескеркіш пен «Мәңгілік алаудың» нағыз өз орнына қойылуы жоғарыда біз сөз еткен кешенмен үйлесіп-ақ тұр. ҰОС ардагері, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының айтқан нақыл сөздері жазылған тақтайшалар да бірін-бірі толықтырып тұр. Сондай-ақ жыл сайын Жеңіс күнінде саябақ аумағында өтетін «Мәңгілік полктің» жүруіне де басымдық берілген. Осылайша «Жеңіс» саябағы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін, тарихты тануға үндейтін үлкен кешенге айналды.

– Өзім осы маңда тұрамын. Бұған дейін саябақ кешкілік қылмыс жиі орын алатын аумақ болатын. Тіпті, балаларымызды жіберуге қорқатын едік. Ал енді қараңызшы, бар-жоғы жарым жылдың ішінде адам танымастай келбетке ие болды. Кешкілік бір уақ тынығып, демалатын, тыныш, жарық, қауіпсіз мекенге айналды. Ал Ұлы Отан соғысына қатысқан 68 мың жамбылдықтың есімі жазылған «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы әке, ағалары соғысқа қатысқан ұрпақ үшін нағыз тағзым алаңына айналды. Біз, қазақ – іздеушісі бар ұрпақпыз. Осы саябақты жаңғырту кезінде соғыста қаза тапқан немесе аман-есен оралған майдангерлердің тізімін жасау бойынша қандай ауқымды жұмыстар атқарылды. Міне, ұрпақ парызы осындай болу керек. Өйткені ұлым екеуміз осы саябақта жиі серуендейміз. Сонда байқағаным, әлгі тақталарға ардагерлердің есімдері бүгін де жазылып, толықтырылуда. Яғни жұмыс жалғасуда деген сөз. Бұл үшін облыс әкіміне ерекше алғысымды айтамын, – дейді «Самал» мөлтек ауданының тұрғыны Дихан Шарипов.

Біз даңқты ұрпақтың ізбасарымыз

«Жеңіс» саябағының ішінен орын тепкен «Даңқ» мұражайы облыста бұрын-соңды болмаған кешеннің бірі. Естеріңізде болса, биыл – Жеңіс күні мұражайдың ашылуына облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған құрметті қонақтар қатысқан болатын. Сонда белгілі абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мекемтас Мырзахметұлы, Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова сынды зиялы қауым өкілдері бұл іске ризашылықтарын жеткізіп, баталарын берген еді.
Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. «Данқ залының» бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барборосса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтың және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал залдың 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада қызыл әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін суреттер жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.
Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапхана бұрышы мен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылған. Мұражайдың эскиздік жобасын «Archi-Grup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген еді.
– Қазір ғылыми-зерттеу орталығында іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Сондай-ақ «Даңқ залының» бірінші қабатындағы экспонаттарды тамашалауға келушілердің қатары артқаны қуантады. Әсіресе мектеп оқушылары мен қала қонақтарының қызығушылығы жоғары. Жуырда Германия мен Түрік мемлекетінен туристер келіп кетті. Кеше ғана Жуалы ауданындағы әскери бөлімде, Айша бибі және Ақсу-Жабағылыдағы тау батальонында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біріккен Қарулы күштерінің оқу-жаттығуына келген 130 ресейлік сарбаз экспонаттарды тамашалады. Сөйтіп, залдағы «Құрмет кітабына» өздерінің айшықты қолтаңбасын жазып қалдырды. Сондықтан бұл орталықтың даңқы да алысқа кетті деп ойлаймын. Ал «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы орталықтың ғылыми бағыттағы жұмыстарын жандандыру мақсатында жоспарын дайындап, жуырда облыс әкіміне таныстырмақшы. Мұның алдында Б.Момышұлының 30 томдығы шыққаны белгілі. Енді қалған 70 томының нобайы дайын. Барлығы 100 том болады. Бұл да Мекемтас Мырзахметұлы ағамыздың ауқымды жоспарларының бірі, – дейді «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы.

«Шолу дөңгелегі» бой көтереді

Облыс орталығын интеллектуалды дамыту қажеттілігінен туындап, саябақты көркейтуден бастау алған бұл жұмыстардың игілігін ел көріп отыр. Ендігі мақсат – «Жеңіс» саябағындағы игі істі жалғастырып, мақтан еткен кешеннің қалпын бұзбай ұстау. Қазір саябақтағы абаттандыру және тал-дараққа қарау, көгеріштерді суғару, қыс айларында қарын тазалау, қосымша күзет жасау шаралары – «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бекітілген. Мұнда күндіз және кешкілік ел көп жиналады. Оның үстіне «Үшбұлақ» пен «Жеңіс» саябағы аралығында вело және жаяу жүргіншілер алаңында қазір бір мердігер компания балаларға ойын атракциондарын орнатып жатыр екен. Бұл да осында келіп демалатын азаматтардың балалары үшін тиімді болады. Сондай-ақ алдағы күндері саябақ ішінен «Шолу дөңгелегі» («Колесо обозрение») бой көтереді екен.
– Біздің мекемеде 300-ге жуық адам еңбек етсе, соның 25-і тұрақты түрде «Жеңіс» саябағының тазалығына жауапты. Саябаққа келушілер көп болғандықтан кешкілік, таңертеңгілік күл-қоқыс міндетті түрде тазартылады. Мұнда полиция бекеті орналасқан. Оған қосымша біздің тарапымыздан да күзет ұйымдастырылды. Мүмкіндігінше елдің игілігіне ұсынылған дүниелердің мұрты бұзылмаса дейміз. Тал-дарақтарды бұтау, дәрілерін уақтылы себу, гүл шоғырларын егу, тазалық, қыс айларында қар күреп, тұз себу шаралары да тиісінше талаптарға қарай орындалады. Енді саябаққа келіп демалушылардың мәдениетін көтеру керек. Кейде қоқысты кез келген жерге тастап кетеді. Арнайы жәшіктерді көздеріне де ілмейді. Тараздықтар осындай кешенмен мақтанғанда масылдықтан да айырылса екен дейміз. Қазір қысқы науқанға дайындықты бастадық, – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Нұрғалым Райымбеков.

Ерман Әбдиев

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/