«Aq jol»ТВ жаңалығы: Жамбылдықтар чемпион қызды гүл шоқтарымен қарсы алды

Үнді елінің Нью Дели қаласында өткен Азия чемпионатында самбо күресінен өткен жарыста еліміздің намысын қорғаған ТарМПУ-лық спортшы бүгін міне туған жерге жеңіспен оралды. Осыған орай ел абыройын асқақтатқан спортшыны салтанатпен күтіп алдық. Елизат ел мақтанышы! Әрине, мұның барлығы үлкен еңбектің арқасында келетін дүние. Соған қарамастан қарындасымыз жат жерде жүріп, еліміздің соның ішінде Жамбыл облысының жастары мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Спортта Елизат секілді жастарымыз көп болсын. Елизаттың жеңісі қазақ елінің жеңісі!

Опубликовано Ержан Әмірбекұлы Среда, 18 сентября 2019 г.

 Үндістан елінде жастар арасында өткен Азия чемпионатында самбо күресінен жерлесіміз, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Елизат Аязбектің чемпион атанғанынан газет оқырмандары хабардар. Кеше жамбылдықтар чемпионды Тараздың шығыс қақпасынан гүл шоқтарымен қарсы алды.

Жеңімпазды қарсы алу рәсімінде аталған университеттің ректоры Ержан Әмірбекұлы сөз сөйлеп, Елизат Аязбекқызының сары құрлық бәсекесіндегі алтын  жүлдесімен құттықтады. Ректор бұл нәтиженің жерлестері үшін үлкен абырой екеніне тоқталып, алдағы уақытта оның спортпен алаңсыз шұғылдануына қолайлы жағдай жасала беретінін айтты. Мұнан соң облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Есмұрзаев сөз алып, жас спортшының болашағына сенім білдіріп, жеңістің жамбылдықтар үшін зор қуаныш екеніне тоқталды. Ал сары құрлықты мойындатқан Елизат Аязбек жиын соңында сөз алып, өзіне қолдау білдірген ата-анасына, жерлестеріне, ТарМПУ-дың оқытушыларына, спорт жанашырларына, жеке бапкері Барбол Жәуішовке алғысын білдірді.

Бұл Азия чемпионатына 15 мемлекеттің жас балуандары қатысқан. Оның ішінде Моңғолия, Жапония, Өзбекстан республикаларынан келген спортшылар жерлестеріміздің негізгі қарсыластары саналыпты. Елизат соңғы сәтте қырғыз және өзбек балуандарын қапы қалдырып, жеңістің биік тұғырына көтерілгенін айтты.

Чемпион қыздың жеке бапкері Барбол Жәуішовті де сөзге тарттық. Ол толғанысын жасыра алмай: «Елизаттың талантты спортшы болатынын кішкентай кезінен таныдым. Спортқа баулуыма әуелі анасы біраз уақыт қарсы болып жүрді. 14 жасынан самбо күресінен Талас ауданындағы Б.Тоқтықожаұлы атындағы Аққұм орта мектебінің спорт залында жаттықтырып келемін. Төрт жылдың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Шәкіртім Аққұмда жүріп-ақ Азияны бағындырды», – деді. Елизат БАҚ өкілдерімен емен-жарқын тілдесті.

«Айтулы жарысқа ешқандай елдің спортшысы жеңілу үшін келмейді. Менің де қарсыластарым осал емес еді. Алайда біз жақсы дайындықпен бардық.  Жерлестерімнің сенімін ақтау үшін барымды салып күрестім. Чемпион болдым. Аллаға шүкіршілік етемін. Мұнымен шектелу ойымда жоқ. Енді аз ғана демалып, қайта жаттығуға кірісемін. Алдағы қазан айының 10-14 күндері Өзбекстанда самбодан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Сол байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғау жолында тер төгемін.  Жеке бапкерім Барбол Жәуішов ағайыма рахмет! Алдағы уақытта дзюдо күресін қоса алып жүруім мүмкін. Болашақта Әлем, Олимпиада чемпионы болғым келеді», – деді Елизат Аязбек.

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

https://4store.com.ua/