- Advertisement -

Оқырмансыз – кітап, көрерменсіз – театр

70

- Advertisement -

бүгінгі ұрпақтың қасіретіне айналмасын десек

Дарақ бір жерден көгереді. Тіл де сондай. Қолдаушысы, қолданушысы көп болса ғана өміршең ол! Мұны дәлелдеу аса қиындық туындата қоймайды. Мысалы, театрды алайықшы. Бір кездері театрға, оны былай қояйық, клубтардың өзіне адамдар ағылып келуші еді ғой. Алдын ала сатылып кететіндіктен, билет таппай қалатындар да болған. Ал қазір… ауылдағы клубтарға тегін кино көрсетілсе де, барып жатқандардың қарасы аз. Тым аз. Өйткені ел қалта телефондары арқылы-ақ киноның да, спектакльдің де, әннің де неше алуан түрін тамашалап, тыңдап құмардан шыға алады.

Кино мен театрға көрермендерін қайта оралтудың қандай жолдары бар? Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесінің бірі болып қалуда. Жалпы өнер адамдары түрлі жанрлардағы пьесаларды сахналап, жағымды-жағымсыз рөлдерде жыныға ойнап, ақ тер, көк тер еңбектеніп, не үшін алашапқын болады да жатады, осы? Қазіргі заманның тілімен айтқанда, бұл «бизнес», яғни, ақша табудың жолы ма? Төтесінен айтайықшы, ел, қоғам үшін тиімді ме, өзі? Тіпті өнерді тағдырына балап, ғұмырын арнап, басын бәйгеге тігетіндердікі не осы, құр әурешілік пе, әлде, даңққұмарлық па? Айлықтары шайлықтарына жетпейтінін біле тұра, саналы түрде осы жолды таңдайтындардың қарасы бәрібір азаяр түрі жоқ. Олардың мамандықтарына адалдықтары, өз істерін шын беріле сүйетіндігі қайсыбір байшыкештердің ақылына қона қоймайтыны, «Одан да жан бағарлық жалақысы молдау жұмысқа неге кетпейді?» деген сипаттағы таңданысын туындататыны да анық.
Әрине, бұл – актерлер қауымының өнерге, киелі сахнаға деген құрметі. Ал театр – қоғамдағы өзгеріс, оқиғалардың ақ-қарасын, мән-маңызын айқындау арқылы көңілдерге алуан түрлі ой салып, бойымыздағы адамгершілік әдептер мен рухани байлығымыздың молаюына атсалысып, үлкен-кішіні адалдыққа, ізгілікке, жақсылыққа, елді, жерді сүюге тәрбиелеу ісін ешкімге міндет артпай, үнсіз-түнсіз жүзеге асырып жатқан бір ұлық мекеме! Оны аз десеңіз…
Аяулы да арда тіліміздің ең басты үш ұстыны бар десек, соның бірі де, бірегейі де осы – театр мен кино өнері. Азуын айға білеп отырған АҚШ-ыңызды бүгінгідей деңгейге жеткізген де кино өндірісі, «Голливуд» емес пе? Демек, театр мен кино – біздің мемлекеттік тіліміздің де басты ұстыны, жанашыр насихаттаушысы, шешен шежірешісі, қарқарадай қазынашысы. Тіліміз тұтқыр тартса, ол – өзімізден. Алайда ол қаймағы бұзылмаған, құнары кемімеген күйінде кино, спектакльдерде қалып қояды. Әрі ғасырлардан-ғасырларға жететін болады.
Осы орайда негізгі айтпақ ойымыздан хабардар ете кетелік. Тіл сәуегейлері осы ғасырдың соңына таман жер-жиһандағы 6 мың тілдің 90 пайызы құрдымға кетеді деген болжам айтуда. 600 тіл ғана аман қалатын сыңайлы. Олардың өзі империялық тілдер. Біз сол империялық тілдер санатына қосыла аламыз ба, жоқ па? Мәселе, сонда. Ал жоғарыда аталған тілдердің қолдаушысы да, қолданушысы да көп. Мұндай жағдайда олардың өміршең болары, өлмейтіні белгілі. Ал біздің «қазақ тілін білеміз» дейтініміз бер жағы ғана. Ғалымдардың болжамдауынша, қазіргі қазақтар тілдік қорымызда бар сөздеріміздің тек үштен бірін ғана қолданады екен. Өзгесі көкірегі қазыналы қарттардың аузында, кітаптарда, киноларда, спектакльдерде ғана сақталып қалып, көмескілене бермек. Бұдан туатын мақсат біреу. Ол – қазақ тілін ауызекі, тұрмыстық қарым-қатынас тілі ретінде ғана қолданбай, толайым меңгеріп, жадымызға тоқудың қажеттігі.
Рас, бүгінде елімізде, оның ішінде өңірімізде де мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейтілуіне байланысты іс-шаралар жиі өткізіліп жатады. Бір қарағанда, тілдерді дамыту басқармасы мен орталығы, басқасы болсын түптің-түбінде мекеме, ұйымдардың барлығы да қазақ тілінде іс жүргізу әлеуетіне ие болуына қол жеткізіп тынатын секілді көрінеді. Жылдан-жылға бұл тұрғыдағы жұмыс үрдісінде аздап ілгерілеу, өсу бары әредікте айтылып та қалады. Бұл мақсатқа жұмсалып жатқан қаржы да айрықша қомақты. Ал еліміздегі Тіл туралы Заңның қабылданғанына биыл 30 жыл толғалы отыр. Осыншама уақыт өтсе де, кеңестік санадағы тілдік сеңді бұза алмағанымызға қайран қаларың бар. Барлық облыстарда, қалаларда тіл басқармалары құрылғанына, қыруар қаражат бөлінгеніне, тегін курстар ашылғанына, қазақ мектептері мен балабақшалары күрт көбейгеніне, қазақ халқының саны бір кездегі 40 пайыздан бүгінде 70 пайызға жеткеніне қарамастан, тіл майданындағы сол тоң, сол сең әлі қозғалар емес! Жаңғырар емес! Қала қазақтары бұған дейін қалай орысша сөйлесе, әлі солай сайрап келеді.
Мемлекеттік тілдің екінші ұстыны – кітап. Тіліміз ұмытылмасын, байысын дейтін қазақ көркем әдебиетті үзбей оқуға тиіс. Осылай ету арқылы ол өзінің де тілдік қорын молайтады. Ал қоғамда жаппай кітап оқуға құмарлықтың оянуы оған деген қажеттілікті туындатып, таралымы артуына септеседі емес пе? Бұл – арда тіліміз тек кітап жүзінде қалып қоймай, жүректерден-жүректерге жетті, өлмеске, өшпеске айналды деген сөз. Еліміздегі кітаптардың да, газет-журналдардың да Америкадағыдай, Еуропадағыдай оқырмандары аса көп емес. Қай тіл басым қолданыста болса, сол тілдегі баспа өнімдерінің де жерде қалмасы анық. Мемлекеттік тіліміздің тұғырын тіктеп, туын желбірету ақын-жазушыларымыз шығармаларының кең таралуы үшін де керек-ақ. Кітап оқымайтын қоғамымыз әзірге айтулы көркемсөз зергерлерінің шығармалары – 2, әрі кеткенде 5 мың дана таралыммен шыққанын місе тұтуда. Оның өзінде басым дені жеке оқырмандардың емес,көпшілік кітапханалардың сөрелерін ғана толықтырып отыр.
Бүгінде бізде кітап оқырмансыз, оқырман кітапсыз қалып тұр ғой. Яғни жеке үй кітапханалары сөрелерін кітап деуге келмейтін күлдібадам дүниелер басып барады. «Жазғыштардың» нәрлі сөзі, дән-дәнегі, көркемдік қуаты жоқ осындай том-том еңбектері онсыз да аз оқырмандарымыз қатарын селдірете түсті. Қоғам қандай кітап оқуды білмей дал. Бұл іс жедел түрде жүйеленуі тиіс-ау. Дүниедегі бар асыл сөз, тіліміздің бай қазынасы кітапта ғана сақталуда деген сөзімізге жарықшақ-сызат түспес үшін. Кітап «дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған…» бейнелі де сұлу тілімізді өз деңгейінде біліп, меңгеруімізге мүмкіндік бермек. Бұл жерде ешкімнің де көмегінің қажеті жоқ. Тек өз ықыласыңмен кітап оқы, оқығаныңды жадыңа тоқы. Басты ұстазың – кітап қана!
Оқушылар бойында, міне, осындай дағды қалыптастыруда, ана тіліміздің байлығы тиісті деңгейінде меңгерілуі һәм қазақ оқырмандары қатарының көбейтілуі жолында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің мойнына жүктелер жауапкершілік те, міндет те мол. Олар мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы кеңейтілуі ісіндегі көшбастаушылар болуға тиіс. Осы тұрғыда аталған пән мұғалімдері осы талап үдесінен шығып жүр ме? Бәлкім олардың өздерінің біліктіліктерін жетілдіру, болмаса қайта даярлаудан өткізу қажет болатын шығар?
Ана тіліміздің үшінші ұстыны, ол – өзіміздің қазақ тіл біліміне деген құрметімізді еселеу, қазақ тілі қазынасын жетік меңгеруге ынталылық таныту арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы мейлінше кеңейтілуіне жанашырлықпен атсалысу, тілімізді құнары жойылмаған, бояуы солғынданбаған күйінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізу. «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген ғамзатовтық ұстаным әркезде де есте болса ғой!
Әйтеуір, мені оқырмансыз кітаптың, көрерменсіз театрдың, қолданушысы да, қолдаушысы да аз туған тіліміздің жағдайы жиі толғантумен болады. Осы тұрғыда бұл тұйықтан шығудың жолы – қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік туындату деушілердің пікірлері де негізсіз емес-ау! Қалай болғанда да кітаптың көп оқылуы, кинолар мен спектакльдерге көрермендерінің көптеп жиналуы қазақ тілінің қолданылуы аясы кеңейтілуіне де байланысты екенін әсте естен шығармайық!

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support